Home » Жаңалықтар » Жеңіс шежіресі – ұрпаққа аманат

Жеңіс шежіресі – ұрпаққа аманат

Алматы қаласы,Түрксіб ауданы , КМҚК №15 бөбекжай-балабақшасында 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күнінің 80 жылдығына арналған «Жеңіс шежіресі – ұрпаққа аманат» атты патриоттық бағыттағы тәрбиелік іс-шара өтті.
Бұл іс-шараның басты мақсаты – бүлдіршіндерге Отанды сүю, батыр бабалардың ерлігін құрметтеу, бейбіт өмірдің қадірін ұғындыру және патриоттық сезімді бала бойына сіңіру болды.

Іс-шараны балабақша меңгерушісі міндетін уақытша атқарушы Уйкасова Куралай Кумисовна жүрекжарды алғысөзбен ашып, Жеңіс мерекесінің маңыздылығына тоқталды. Еліміз үшін 9 мамыр қасиетті күн болып келеді. Бұл – еліміздің өскелең ұрпақтың болашағы, Ұрпағымыздың бостандығы мен қадір-қасиетін қорғау үшін өз өмірін қиған батырларымызды жақсылықпен еске алатын күн. Отанымызды ерлікпен қорғаған жандар мәңгі ұмытылмайды, құрметі асқақтай түседі! Осындай атаулы күні баршамызға аспанымыз ашық болып, елімізде бейбітшілік таңы ата берсін деп тілеймін! деп жылы лебіздерін білдірді. Іле-шала жүргізуші ел үшін жанын қиған батырларды еске алып, бір минут үнсіздік жариялады. Үнсіздік кернеп, бала жүректерінде бейбіт өмірдің бағасын сезіндірген терең толғаныс байқалды.

Музыка әуенімен балалар сапқа тұрып, алаңға салтанатты түрде шықты. Мемлекеттік Әнұран орындалып, барша қатысушылар бір сәтке рухтанып, мерекелік көңіл-күйге бөленді.
Шара барысында тәрбиеленуші балалар өздерінің жүрекжарды өлең шумақтарын мәнерлеп оқып, Отанға деген сүйіспеншіліктерін көрсетті. Жеңіс күнінің рухын жеткізетін әндер мен билер көрермендердің жүрегін тебірентті.
«Сарбаздар» биі – мектепалды «Бүркіт» тобының ұлдары сахна төріне шығып, нағыз ер жүрек сарбаздардың бейнесін сомдап, күш-қайрат пен жігерге толы би қойылымын орындады. Балалардың сенімді қимылдары мен әскери тәртіпке тән әрекеттері көрермендерді таңдандырмай қоймады.
«Соғыс болмаса екен» әні – Әл-Маруа мен Аниса бұл әнді үлкен тебіреніспен, жүректен жеткізді. Әннің әр сөзі бейбітшіліктің маңызын, соғыссыз өмірге деген үмітті паш етті. Балалардың таза әрі сырлы дауыстары көрермендердің көңілінен шығып, жүректерге жол тартты.

«Попурий» биі – мектепалды «Сұңқар» және «Бүркіт» тобының қыздары орындаған бұл хореографиялық композиция көрермендерді ұлттық рух пен заманауи реңктердің әдемі үйлесімімен баурап алды. Қыз балалардың әсем қимылдары сахнаға ерекше көрік берді.
«Ел қорғауға әзірміз» әні – Мұхамеджан мен Ералы бұл ән арқылы өздерінің Отан қорғауға әрқашан дайын екендерін білдірді. Олар әнді жігермен орындап, нағыз болашақ жауынгерлерге тән рух пен сенімді танытты.
«Десанттар» биі – мектепалды «Сұңқар» тобының ұлдары бұл қойылымда әскери тәртіп пен батырлықты бейнеледі. Жас десантшылардың ширақ қимылдары мен сахналық бейнелері көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Соңында балалар хормен орындаған «Бейбіт күннің тілегі» әні жүректі елжіретіп, болашаққа деген сенім мен үмітті ұялатып, іс-шараны жоғары нотада аяқтады.
Шара соңында балабақша ауласындағы Мәңгілік алауға гүл шоқтары қойылып, батырларға деген құрмет білдірілді.
Осындай тағылымы терең, тәрбиелік мәні зор мерекелік шараны ұйымдастыруға ұйытқы болған балабақша меңгеруші міндетін уақытша атқарушы
Уйкасова Куралай Кумисовнаға және әдіскер Нуржикеева Багдат Карловна, тәрбиешілер Уткельбаева Индира Сеитовна, Есибаева Гулнара Абсалимовна,Кудайбергенова Акмарал Маданиятовна, музыка жетекшісі Туребеков Сергали Усипбековичке барша балабақша ұжымына зор алғысымызды білдіреміз!

Елназ Тұрсынғалиқызы
Білім Айнасы
Алматы қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.