Home » Жаңалықтар » Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран

Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран

№149 бөбекжай-балабақшасында Отан қорғаушылар мен Жеңіс күніне арналған тағылымды шара өтті.
Мамыр – мерекеге толы, рух пен риясыз құрметке толы ай. Бұл – көктемнің шуағымен бірге ел намысын қорғаған батыр бабаларымыздың ерлігін еске алып, бүгінгі бейбіт күнге тәубе дейтін айрықша кезең. Алматы қаласы, Түрксіб ауданына қарасты №149 бөбекжай-балабақшасында 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мен 9 мамыр – Жеңістің 80 жылдығына орай «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Балабақша меңгерушісі Сабырова Тлеулес Орынбаевнаның бастамасымен өткен бұл тағылымды жиын ұрпақ тәрбиесінде терең мағынаға ие болды.

Іс-шараның шымылдығы Мемлекеттік Әнұранымызбен ашылып, Отан үшін жанын қиған ерлердің рухына бір минут үнсіздік жарияланды. Жүргізуші ардагерлер мен әскери қызметкерлерге, жиналған ата-аналар мен әріптестерге жүрекжарды лебізін білдіріп, салтанатты жиынды ресми түрде ашық деп жариялады.

Шара барысында қонақтармен таныстыру рәсімі өтті. Мектепке дейінгі мекемеге арнайы шақырылған құрметті қонақтар қатарында Ауған соғысының ардагері Мукашев Асылбек Орынбекович, санитарлық нұсқаушы Умуркулова Маржан Умуркуловна, тәрбие бөлімінің идеологиялық жұмысы бойынша командир орынбасары Оспанов Данияр Данабекович және арнайы насихаттау жөніндегі аға офицер капитан Олхабай Ержан Омарбекұлы болды. Балабақша ұжымы мен бүлдіршіндер тарапынан әскери қызметкерлерге көрсетілген ілтипат көптің көңілін толқытты.
Жас ұрпақтың бойында Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық рухты арттыру мақсатында ұйымдастырылған бұл мерекелік іс-шарада балалар мен тәрбиешілер өз өнерлерін паш етті.Тәрбиеленушілер орындаған «Бейбіт күн тілегі» әні көпшілікке ерекше әсер етті. Мереке аясында әр топ тәрбиеленушілері Отан қорғауға дайын екендіктерін білдіретін патриоттық әндер мен билер арқылы көрерменнің жүрегіне жол тапты. «Ел қорғауға дайынбыз» әні, «Синий платок» биі көрермендердің ыстық қошеметіне бөленді. Сонымен қатар, «Аист на крыше» әні мен «Сарбаздар әні» де мерекенің көркін аша түсті.

Сахна төрінде бүлдіршіндердің жалындаған жанары мен мақтанышқа толы жүректері – еліміздің келешегінің нұрлы болатынын айғақтағандай. Іс-шара соңында балабақша педагогтары да өз үлестерін қосып, хор түрінде попурри орындады. Бұл ән шын мәнінде ұжымдық бірлікті, рухани сабақтастықты айқын көрсетті.
Шара соңында қонақтар сөз алып, жас бүлдіршіндерге жүрекжарды тілектерін жеткізді. Әсіресе, әскери сала өкілдерінің балдырғандарға жолдаған жылы лебіздері – үлкен тәрбие мектебіне айналды.
Жүргізуші салтанатты жиынды қорытындылай келе:«Біз туған жеріміз, алтын бесігіміз – Отанымыз Қазақстан. Ал біздер – Тәуелсіз қазақ елінің ең жас ұландарымыз. Сондықтан өз елімізді, өз жерімізді әкелер мен аталар сияқты қадірлеуге, сүюге, қорғауға тиісті екенімізді естен шығармайық. Жеңістің туы мәңгі желбіресін, бейбіт өмірдің шуағы тарқамасын!» – деген ізгі тілекпен шараны түйіндеді.
Айта кету керек, бұл мерекелік жиынға ата-аналар да белсенді қатысты. №149 бөбекжай-балабақшасының көптеген ата-аналары – әскери қызметкерлер. Сондықтан балақайларға әскер өмірі біршама таныс.
Бұл айтулы іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне бірден-бір себеп – балабақша ұжымының ұйымшылдығы мен өз ісіне деген зор жауапкершілігі. №149 бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Сабырова Тлеулес Орынбаевнаның басшылығымен еңбек ететін педагогтер қауымы – кәсіби білікті, шығармашыл әрі жаңашыл жандар. Олар тек білім мен тәрбие беріп қана қоймай, әр мерекелік шараны бала санасына рухани байлық сыйлайтындай етіп ұйымдастыра біледі.
Ұжымның әр мүшесі бала тәрбиесіне жүрек жылуын, сүйіспеншілігін арнай отырып, ұлттық құндылықтарды насихаттауға, патриоттық рух қалыптастыруға ерекше мән береді. Бүлдіршіндердің сахнадағы сенімділігі, тақпақтарды жатқа айтуы, қойылымдардағы еркін қимыл-қозғалысы – тәрбиешілер еңбегінің нақты көрінісі.
Осы орайда, мерекелік іс-шараның сәтті өтуіне аянбай атсалысқан тәрбиешілер мен музыка жетекшілеріне, әдіскер мен көмекші қызметкерлерге зор алғыс білдіреміз. Ұжымның бірлігі мен балаға деген сүйіспеншілігі – болашақ ұрпақтың жарқын келешегіне қосылған баға жетпес үлес.

BILIM AINASY
Алматы қаласы
Ақерке Амангелдіқызы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.