Home » Жаңалықтар » Ұлы Жеңіске тағзым – ұрпаққа аманат

Ұлы Жеңіске тағзым – ұрпаққа аманат

Алматы қаласы, Алатау ауданына қарасты №31 бөбекжай-балабақшасында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай ерекше мазмұндағы патриоттық шеру өтті. Ұрпақ жадында мәңгі сақталуға тиіс бұл тарихи күн – бейбіт өмірдің, бостандықтың қадірін ұғындыратын, ерлік пен елдіктің рухын ұялатып, Отанға деген сүйіспеншілікті арттыратын маңызды күн.

Шара Мемлекеттік Әнұранымызбен салтанатты түрде басталды. Қолдарына ту ұстап, сап түзеген балабақша тәрбиеленушілері жүректеріне қолдарын қойып, Елтаңбамыз бен Туымызға тағзым етті.
Жас жүректердің дүрсіліне елжандылық пен құрмет сезімі ұялағандай болды. Одан соң Жеңіс жолында жанын қиған батырларымызды бір минут үнсіздікпен еске алды. Бұл – тек қана құрметтің белгісі емес, бұл – ерлікке тағзым, ұрпақтың бейбіт аспан үшін ризашылығы еді.

Кішкентай бүлдіршіндер гүл шоқтарын қойып, ардагерлер рухына бас иді. Осы сәтте олардың жанарынан отансүйгіштік пен үлкен жауапкершілікті көруге болатын. Шеруге қатысқан балалар рухты әндерді шырқап, жауынгерлерге арналған өлеңдерін тебірене айтып, патриоттық билер биледі. Түрлі образдардағы киімдер киіп, көрерменге рух сыйлады.
Бұл мерекелік шеру – жай ғана шара емес, бұл – ел тарихына деген тағзым, ұрпақ санасына егілген рухани тәрбие дәні. Балабақша ұжымының айтуынша, мұндай іс-шаралар арқылы жас буынның бойына елге, жерге деген сүйіспеншілік пен құрмет сезімі қалыптасады.

Мұндай тағылымды шара – ұйымшыл ұжым мен білікті басшының бірлескен еңбегінің жемісі. №31 бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Айнур Бахтиева ханымның бастамасымен өткен бұл мерекелік шеру – үлкен мағынаға ие іс болды. Ұжымның ұйымшылдығы, шығармашылық ізденісі мен балаларға деген сүйіспеншілігі шараның жоғары деңгейде өтуіне себепкер болды. Балабақша ұжымы ел ертеңі – жас ұрпаққа ұлттық рух пен елжандылықты сіңіруде аса жауапты, шынайы жанашыр жандар екендігін тағы бір мәрте дәлелдеді.

BILIM AINASY
Алматы қаласы
Ақерке Амангелдіқызы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.