Home » Жаңалықтар » Құндылықтың жарқын жолы …

Құндылықтың жарқын жолы …

Баласына бақыт сыйлау үшін еңбек етіп жүрген ата –аналардың басты қажеттілігі жылы ұя балабақша. Балапаны саналы тәрбие мен білім алса дейтін ана мен әкені балабақшаның әлеуеті қандай? деген сұрақта мазалайды…
Бар білімнің бастауы, келешегіміз, жасампаз болашақ иелерін даярлайтын киелі мекен балабақшаларды аралай жүріп ой түйдім…
Білімнің, өнердің алғашқы қадамдарын үйренер ортада әуелі жауапкершілік  жүгін арқалай алар ұжымға мән беру керек екен…
Мемлекеттің қолдауымен балабақша саны артып келеді. Қуанарлық жайт. Алайда талап пен талғамы бар, баланың  кең  тыныстап, еркін ойнауына, сұлулық пен жылылыққа бөленуіне жағдай жасап үйлестіре алатын басшының  болуы басты орында. Ынтымағы жарасқан, бақытты бөбектердің ордасына айналдыра алу тек білікті әрі барлық істі егжей-тегжейлі біліп, бақылауында ұстай алатын, жол көрсете білетін маманның ғана қолынан келді.  

Көңіліме қонған күннен-күнге жаңарып, қазаққа тән дүниелермен, балалар үшін пайдалы ой –өрісін, тыным көкжиегін кеңейтер түрлі көрнекіліктермен толтыра білген білім ордасының бірі — Астана қаласындағы №73 « Аяулым» балабақшасы.
Сәуірдің соңғы күні білім ордасында «Мектепке дейінгі ұйымдарда ұлттық құндылықтар арқылы инклюзивті білім беруді дамыту» тақырыбында қалалық семинар өтті. Астана қаласындағы 20 ға жуық мемлекеттік балабақша, Астана қаласы әкімдігінің №1 «Асыл мирас» аутизмі бар балаларды қолдау орталығы» арнайы мамандары қатысты.
Балабақша дәліздеріне арнайы көрме ұйымдастырылған…

Күнделікті балалармен іс –әрекет барысында пайдаланып жүрген көрнекіліктер қатары көздің жауын алады. Тәрбиешілер мен қатар тәрбиеленушілерде түрлі мамандық иелері жайлы мәліметтермен бөлісіп, жұмыстарын көрсетті….
Семинар  шарасыздық шыңырауына құлап, тауы шағылып, жігері құм болған ананың ерекше қызын қабылдауға дейінгі қиындығы мен ой күйзелісін «мен мұндамын» деген кішкентай қызының  «тыңдашы мені» деген үнін бейнелеген қойылыммен басталды. Түсіне білген жанға бір ғұмырға жетер ауыртпалық көз алдымнан өткендей болды… Күйзеліс  жықпас үшін ата –ана кішкентай кезінен ерекше баласын  бар болмысымен қабылдап оңалту, бейімдеу орталықтары, арнайы мамандармен жұмыс жасаудан қашпаса өмірге бейімдеу тезірек боларын түсінсе деген ойдан туған…
Ауыр ойдың соңын музыкалық ән шашу «Жеті қазына» әнімен жалғаған әнші балалардың үні, «Аяулым жұлдыздарының»  тамаша биі сергітті… Жарқыраған көйлек, жарасымды қазақи шапан балапандардың ажарын аша түскен…

Алғашқы сөзді балабақша меңгерушісі Каренеева Венера Ерболовна алып семинар тақырыбына тоқталып, тәжірибе алмасып, өзара бірлесе жұмыс жасауға шақырды.
Негізгі бөлімде балабақшаның кең көрермен залында  дефектолог маман Сейсалиева Лаура Талғатқызы тәрбиеленушілерімен «Ерекше білімді қажет ететін балалардың сенсорлық қабілеттерін дамыту» тақырыбында ашық ұйымдастырылған  іс – әрекет көрсетті. Сенсорлық тактилді қорапша, тиімді сенсорлық боямақтар, логоырғақ жаттығулар мен құм, су, дәстүрлі емес сурет салу әдістері жинағы, топтық пен ұжымдық жұмыс көрсетті. Ерекше балалармен жұмыс күрделі,  маманның қадірі қашанда биік екенін көрдік. Ең алдымен балаларға деген қарым-қатынасы сүйсіндірді…
Педагог модератор  психолог маман Исина Алтынай Кайроллаевнаның ұйымдастырылған іс әрекетінде көргеніміз балалардың танымдық процестерін дамыта отырып, сөйлеуін тілдік, ортаға әлеуметтену қарым қатынастарын, жағымды эмоциялық көңіл күйлерін қалыптастыру болды.
Жұмыс барысында ұлттық тәрбиені негізге алып қамшымен асықпен ойындар өткізілді. Сонымен қатар «жыл мезгілдері» «Тас пен су», «Әуе шарлары» психологиялық жаттығулар болды. Шығармашылықтарын дамыту бойынша тұздан салынған кемпірқосақ пен гүлдерді салған балаларға отырған жұрт қол соқты. Педагог шеберлігінде шек жоқ бәрін сәтті көрсете білген балапандарға  тосын сый жасап қуантты.

Педагог-модератор, логопед маман Әбілек Мадина Кенжебекқызы «Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды ойын түрінде дамыту» ашық ұйымдастырылған іс-әрекетте тыныс алу жаттығулары, артикуляциялық жаттығулар, бала деңгейіне қарай бөлінген балансирде орындалатын тапсырмалар жиыны, ұжымдық жұмыс көрсетті. Баламен тіл табыса білетін, ерекше қасиет, төзімділік, мейірімділік  нағыз педагог бойында біте қайнасқандай… Таңқалып, тамсанып отырдық…
Дене тәрбиесі нұсқаушысы Искакова Асель Аманбаевна «Кел ойнайық» тақырыбында  ерекше білімді қажет ететін балалардың моторлық дағдыларын дамытуға арналған жаттығуларды әкелерімен бірге көрсетті.
Жұмыс барысында әкелер мен балаларға арналған сенсомоторлық, проприоцепцилық, тактилді жүйелерді дамытатын жаттығулар орындады. Мидың екі жарты шарын дамытуға арналған жаттығулар, сондай-ақ тепе- теңдікті сақтау, секіру дағдыларын қалыптастыру жаттығулары, бұлшық ет жүйесін жетілдіру жаттығуларын орындады.
Астана қаласы әкімдігінің №1 « «Асыл мирас» аутизмі бар балаларды қолдау орталығы» арнайы мамандары семинар қатысушыларына ата аналармен жұмыс жасау барысын, балалардың жағдайына қарай жасалатын сауықтыру жаттығуларының түрлері, тәжірибелерімен бөлісті. Сұрақтарына жауап алған арнайы мамандар үшін бұл семинардың ұтымды тұсы нағыз керек мамандармен бірлесе жұмыс жасай алған балабақша ұжымына ризашылығын білдірді.
 Семинар соңында ұжымға,  өз ісінің шеберлеріне алғысын айтып, талдап, үйренер жерлерін түртіп айтқан педагогтар қатары көп болды.
Сөз алғанАстана қаласы әкімдігінің №5 « Ақбота»  балабақшасының  меңгерушісі Жолбарысова Мөлдір Айтқалиқызы әр ісіне тыңғылықты, саланың тәжірибелі маманы  Каренеева Венера Ерболовнаға басшымен бірлесе жұмыс жасай білген береке бірліктің үлгісі болған ұжымға шығармашылық табыс тіледі. 
Астана қаласы әкімдігі әдістемелік орталығының «арнайы және инклюзивті білім беру» бөлімінің әдіскері Каримова Айжан Куанышбековна тақырыпқа сай жоғары дайындықпен жұмыстарын көрсете білген мамандардың біліктілігіне балалармен жұмыс жасау шеберлігіне оң бағасын берді. Үнемі ізденіс пен жан-жақты ынтымақтастықты, бірлесе жұмыс жасауды білетін басшының «Асыл мирас» орталығы мамандарымен жасап жатқан жұмысын да тілге тиек етті.
Шынайы сүйіспеншілік, дұрыс қарым-қатынас баланың психологиялық, физикалық денсаулығына да тиімді әсер етеді. Әр ісіне жауапты мамандарды, дұрыс бағыттағы басшыны, береке бірліктегі ұжымды көре отырып, заманына лайық бала болса осы ұядан ұшарына сенім арттық. Бала үшін қаржылық емес, моральдық жақтан қолдаудың қажет екеніне көзіміз жетті.  Әке мен ана осындай жылы құшағын ашқан ұжымға ризашылығын білдіріп, бірлесе жұмыс жасай берсе қуаныш еселене түспек.   
Әлия Ғалымбекқызы

Астана қаласы
Білім айнасы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.