Home » Жаңалықтар » Әдебиеттану әлемінің сәулетшісі. Профессор Әсима Ишанова 70 жаста!

Әдебиеттану әлемінің сәулетшісі. Профессор Әсима Ишанова 70 жаста!

Шаттық СӘДУАҚАС,
ЕҰУ-нің магистранты
Көктемнің күншуақты бір күнінде ел астанасының төрінде руханияттың алауы маздады. Бұл күн филология ғылымындағы арулардың ішіндегі сұлулық пен даналықтың символына айналған, қара сөздің қадірін ұғына білген Әсима Қалымқызының 70 жылдық мерейтойлық ғылыми конференциясымен есте қалды. «ХХІ ғасырдағы креативті индустриялар: генезисі, медиабағдарламалар, білім беру мәселелері» тақырыбымен аталған шара Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өтті.

Ишанова Әсима Қалымқызы – әдебиеттану, арт-медиа және өнертану саласының маманы, филология ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультетінің профессоры, жарты ғасырға жуық ғылымға қызмет қылған табысты оқытушы. Ғылымдағы жемісті жылдарында төрт монографияның, үш оқу құралының, әдебиеттану мен журналистика салалары бойынша ұзын саны 300-ден астам ғылыми жарияланым жазған.


Ол – қаламды қару етпеген, қаламды шам еткен, ғылымның көп көзіне көрінбейтін беймәлім шындығының соңынан үнсіз ерген жан. Ғұмырының әр жылдары – бір-бір шежіре, бір-бір тағылым. Журналистика мен филология ғылымының қос арнасында қатар жүзген жанның өмірі – шын мәнінде, ақыл мен парасаттың алтын белесі. Конференциядағы сөз арасында «ЖОО үздік оқытушысы» қомақты сыйақысын ғылым жолында жаратқаны айтылды. Талай-талай «Нобель» сыйлығының иегерлерін шығарған Жапонияның ғылым қалашығына барып, тәжірибе алмасқанына, біліктілік арттырмаққа әлемнің үздік жоғары оқу орындарын аралағанына көпшілік таңдай қақты. Конференцияға қатысушылар ұлағатты ұстаздың Англияның Борнмут университеті, Жапонияның Хоккайдо университеті, АҚШ-тың Сиэтл уинверситеті, Қытайдағы Шанхай университеті, Италиялық Сапиенса университеті, көршілес Ресейдің М.Ломоносов атындағы Мәскеу университеті сынды әлемдік рейтингтерде үздіктердің қатарынан табылатын жоғары оқу орындарында жасаған ғылыми баяндамаларының тұшымдылығы мен жаңашылдығын талдады.
Ғылыми конференция – құрметтің де, ұлағаттың да биік сахнасы болды. Әсима Қалымқызының шәкірттері мен әріптестері, тіл мен әдебиет әлемінің ұлық жанашырлары келелі кеңесте сөз сөйледі. Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Е.Б.Сыдықовтың Құттықтау хаты оқылып, ғалымның кеудесіне Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Қазақстан Республикасының Ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» құрметті төсбелгісі тағылды. ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Е.Т.Қарин, «ҚР Президентінің телерадиокешені» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Бас директоры Р.Ж. Кажибаева, Қазақстанның Бас редакторлар клубының президенті  Б.Н. Жексенбай сынды қазақтың маңдайалды ұйымдарынан құттықтаулар жауды. М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінен, Ж.Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінен, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінен профессорлар арнайы келді.

Қазақстанның Бас редакторлар клубының вице-президенті, ф.ғ.к., ЕҰУ Баспасөз және баспа ісі кафедрасының профессоры Мұратбек Тоқтағазин журналистикаға енді аяқ басып келген жас талапкердің шырағын жаға білген оқытушының үзіліссіз еңбек пен толассыз ізденісі хақында ресми құттықтау хатты оқыды: «Сіз қажырлы еңбегіңіздің арқасында Мәскеу ғылыми мектебінде шыңдалып, терең зерттеулерге батыл қадам жасауыңызбен ерекшелендіңіз. «Әдеби ойын типологиясы: Концептуалды-салыстырмалы аспект» тақырыбында қорғаған докторлық диссертацияңыз ТМД елдері ғалымдарының ерекше назарын аударып, осы бағытта ғылыми мектептердің негізінің қалануына мұрындық болдыңыз. Көптеген шетелдік белді университеттерде өткен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияларда жасаған баяндамаларыңыз осы саладағы ғалымдардың назарын аударды. Ғылыми орта мен жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылары Сізді журналистика ғылымы саласындағы белгілі теоретик, парасатты педагог ретінде біледі. Сіз  қазақ журналистикасына және ғылым саласына еңселі еңбек сіңірген  айтулы жансыз.»

Әлемнің әр түкпірінен профессордың әріптестері мен жанашыр достары баяндама жасады. Ерекше жағдайына қарамастан ф.ғ.д., профессор, Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі Ирина Карабулатова арнайы Қытай Халық Республикасынан келіп, «Женская красота в фольклоре России, Казахстана и Китая как система социально одобряемых координат современных креативных индустрий: разработка автоматической информационно-аналитической системы оценки» деген тақырыпта Әсима Қалымқызының сұлулығын ескі халық жырларындағы аруларға балап, ғылыми баяндама оқыды.
Баяндамалар легін Әсима Қалымқызының ғылымдағы әріптесі ф.ғ.д., ЕҰУ Баспасөз және баспа ісі кафедрасының профессоры Сәуле Тапанова «Ұрпағына үлгі болған – ғалым-ана» атты баяндамасымен жалғады: «Әсима Калимқызының ғылым жолындағы жетістіктеріне үлкен жағдай жасағандардың бірі – жолдасы Амангелді де мектепте еңбек және әскери іс пәнінен сабақ берген мұғалім болатын. Жанұядағы екі кішкентай ұлдарының тәрбиесіне өзі қарап, Әсима Калимқызының ғылыммен алаңсыз айналысуына толық мүмкіндік жасаған. Әріптесім Әсима 1998 жылдан бері Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика кафедрасының доценті қызметін атқарады. 2006 жылы «Әдеби ойын типологиясы. Тұжырымдамалық салыстыру аспекті» атты докторлық диссертациясын қорғады. Бүгінде журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультеті баспасөз және баспа ісі кафедрасының профессоры болып еңбек етіп жүрген ғалым. Зулап өткен 45 жыл ішіндегі ғалым Әсима Ишанова туралы ауыз толтырып, мақтанып айтар жетістіктері жетерлік. Әсима Калимқызы – сонша жұмыстың сыртында өнегелі отбасының ұйытқысы, мейірбан ана. Бүгінде бұл жанұяда үлкен ымыра-бірлік бар. Кешегі өзінің еңбек жолымен тәрбиелеген екі ұлы мен келіндері, немерелері атасы мен әжесін тек жақсы жақтарымен ғана қуантып жүр. Үлкен ұлы Қанат Амангелдіұлы таяу арада Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Коммуникациялар бөлімінің меңгерушісі лауазымына тағайындалды. Ал Айсұлтаны болса Тенгриньюс ақпараттық агенттігінде бас редактор болып қызмет атқарады. Немерелері Арлан мен Ескендір – бүгінде атасы Амангелді мен әжесі Әсиманы қуанышқа бөлеп отырған балапандары».

Ғалымның ынта-жігерін жоғалтпаған зерттеушілік жолы туралы алаштанушы ғалым, ф.ғ.д., Н.Ә.Назарбаев университетінің профессоры Айгүл Ісімақова өз баяндамасында тарихтан сыр шерте сөйледі: «Әсима Ишанова туралы мен осыдан 41 жыл бұрын, 1984 жылы Мәскеудегі Ломоносов университетінің Журналистика факультетінде кандидаттық диссертация қорғап жүргенінде естідім. Мен Әдебиет институтының аспирантымын. Бірақ, ұстазым – Журналистика факультетінің профессоры. Ол Ғылыми Кеңестің кеңесшісі еді. Бізге келіп, «бір Ишанова деген қазақтың қызы қорғады. Танисыз ба?» деп сұрады. Мен танымайтын едім. Ұстазым Ишанованың ғылыми диссертациясы туралы бізге тамсанып тұрып, мақтады. Өйткені, ол сол кездің өзінде қазақ прозасындағы бабалар үнін, мифтік сарынды әлемдік деңгейде дәлелдеп, ғылыми тұрғыда талдап шықты. Жаһандық әдебиетті зерттеп, таңдай қағып жүрген филологтарға қазақ әдебиетінің үстем деңгейін көрсетті. Білесіздер, ол замандарда Мәскеудің бірінші нөмірлі университетінде қазақ әдебиеті, мәдениеті туралы зерттеу жүргізіп, жарыққа шығару оңай болмаған. Бұл – біздің әдебиет туралы  МГУ-да қорғалып, анау-мынауды менсіне бермейтін профессорларды мойындатқан тұңғыш диссертация. Одан кейін Әсима докторлық диссертациясын өзімізде қорғады. Докторлық еңбегін әдебиет теориясы төңірегінде жазды. Әлемдік әдебиеттегі қайтала беретін сегіз сюжетті, әдеби ойынды жазушылардың меңгере алуы туралы бароккодан пост-модернизмге дейін зерттеп шықты. Бізде ағылшын тілін білетін әдебиеттанушылар аз. Әсиманың артықшылығы – осы тіл білуінде, ағылшынша дискурсты білуінде. Әлем әдебиетін түсіне білетін адам ғана талдай алады…»
Елдің алдында қызметте жүрген, өз заманының заңғарларына айналып үлгерген шәкірттері де ұстаздарын мерейлі мерекесімен құттықтай келді. Профессордан тәлім алған студенттер ҚР Парламенті Сенатының Баспасөз қызметі секторының меңгерушісі, Kazakhstan media group компаниясының жетекшісі, «Медиа дамыту қоры» корпоративті қорының өндіріс жөніндегі директоры, Астана қаласы әкімінің баспасөз хатшысы, ҚР ІІМ «Polisia.kz» ведомстволық журналының редакторы, Dasko компаниясының ақпараттық-сараптамалық орталығының директоры, «Алаш медиа Групп» ЖШС басқарушы директоры сияқты лауазымдарда биік мінберлерден көрініп жүр.
«Әсима Қалымқызының қасындағы студенттердің мінез-құлқынан аңғарылатын бір ерекшелік бар. Олар білім алу, һәм жүректерінің ішкі әлемін ұғыну үшін де осы ұстаздың алдына келеді. Оның сабағы – бір сәтте кәсіби білім мен адам болмысының терең сырларын ашатын ерекше диалог алаңы» – дейді Еуразия ұлттық университетінің Журналистика мектебінен түлеп ұшқан білімдар шәкірттер.
Әсима Ишанова – жылтырақсыз жарқырайтын жан. Ұстаз жетпіс жасының мерейі мағыналы ғұмырмен, арнасы кең, ағысы терең ұшан-теңіз біліммен, ол білімнің шәкірт жүректерінде қалдырған ізімен өлшенеді. Әсемдік пен ақылды ұштастыра білген тұлғаның өмірі мен қызметі – журналистика мен гуманитарлық ғылымдардың шекарасынан асып, адам болмысының шын бейнесіне айналған өнер.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.