Home » Жаңалықтар » Ұлттық өнерімізді ұлықтаған сапар

Ұлттық өнерімізді ұлықтаған сапар

«Ел іші өнер кеніші» демекші Алматы қаласы Мәдениет басқармасына қарасты «Алатау» дәстүрлі өнер театрының шығармашылық ұжымы Алматы облысының Нарынқол, Кеген, Шонжы, Шелек, Жаркент және Есік қалаларына  сәуір айында гастрольдік сапармен барып қайтты. Халқымыздың асыл мұрасы ұлттық өнерімізді ұлықтаған сапарда театр өнерпаздары көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, елмен қауышқан ерекше сәттерге толы болды.

Театрдың ерекшелігі  –  қойылымдардың барлығы тек жанды дауыста және 20-дан астам ұлттық аспапта шебер ойнайтын «Алатау» этно-фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен көрерменге ұсынылды. Труппа құрамында «Алатау» би ансамблі, ақындар, дәстүрлі ән орындаушылары және талантты жас актерлер өздерінің өнерлерін көрсетті.
Театр осы сапарында дәстүрлі өнеріміздің барлық бағыттарын ерекше қырынан көрсететін  «Алтыбақан» ойын-сауық ән кеші, өскелең ұрпаққа халқымыздың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын дәріптейтін «Әгугай мен Игигай» атты ертегілік қойылымы сынды  көрерменнің көңілінен шыққан әр жанрдағы қойылымдарды көрсеткен болатын.

Қазақ халқының ежелден келе жатқан ұлттық дәстүріндегі «Алтыбақан»  жастардың бас қосуына арналған. Ауыл сыртында кұрылған «Алтыбақан» жастардың кешке ойын-сауық құратын жері болған. Жазғы күнгі айлы түнде қыздар мен бозбалалар жұптасып, алма-кезек ауысып, тербелушілер ән бастағанда тамашалаушылар да қосылып, ән шырқалған, күй тартылған, би билеген. Жігіттер мен қыздар екі топқа бөлініп айтыс ұйымдастырған. Айтылатын әндер негізінде көңілді, рухты, әзілмен көмкерілген назды болып келеді. «Алтыбақан» ойын-сауық ән кеші – жастарға арналған тамаша дәстүрімізді бар қырынан көрсететін қойылым.

Әннің де өз құдіреті бар екені сөзсіз. Ұлтымыздың мақтаныш етер асыл мұрасы, рухани жәдігерлері ішінде замана сүзгісінен өтіп, бүгінгі ұрпаққа жеткен қазақтың дәстүрлі ән өнерінде орындаушылық, әуендік, құрылымдық ерекшеліктеріне байланысты шартты түрде бірнеше мектеп қалыптасқан. «Алтыбақан» ойын-сауық ән кешінде бес мектеп бойынша (Арқа, Жетісу, Батыс, Сыр, Алтай-Тарғыбатай) попури айтылады. Көкбай Жанатайұлының сөзіне жазылған Алаш Ордашылардың гимні де шырқалатынын ерекше атап өткен жөн. Музыкалық қойылымның мақсаты – жастарға арналған тамаша дәстүрімізді бар қырынан көрсету болды.

«Әгугай мен Игигай» халық ертегілері желісі бойынша  құрастырылған, балаларға арналған музыкалық ертегі-шоу. Заманауи үлгідегі ерекше формадағы балаларға арналған қойылым  салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымызбен астарланған ертегілер өскелең ұрпаққа керек ұлттық тәрбиеге негізделген. Театр репертуары барлық жас санатын қамтитын қойылымдармен ерекшеленеді.
«Алатау» дәстүрлі өнер театры Орталық Азиядағы жалғыз дәстүрлі өнер театры болып табылады. Сапарымыздың мақсаты – қазақ халқының дәстүрлі мәдениеті мен өнерін сақтап, оны жаңғырту және көпке танылту.
Еліміздегі дәстүрлі өнер бағытындағы бірден-бір театр тек Алматы қаласымен шектеліп қалмай алдағы уақытта Жетісу облысы, Оңтүстік пен Шығыстағы облыстарды қамтитын гастрольдік сапармен баруға дайындалып жатыр.
Дәстүрлі өнер – ұлт құндылығы. Ұлттық құндылықтарымызды бойымызға сіңіру арқылы ғана өзіміздің болмысымызды сақтап, дамыған елдердің алдыңғы қатарына шыға аламыз.

Ардақ Беркімбай.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.