Алматы қаласы, Алмалы ауданы, КМКҚ №6 бөбекжай-балабақшасында “Жұлдызды сәт” атты интелектуалды ойын өтті.
Баланың бойындағы қабілетті ашып, таным көкжиегін кеңейту – балабақшадағы тәрбиенің басты мақсаты. Осы мақсатта жақында №6 балабақшада ерекше әрі әсерлі зияткерлік ойын – “Жұлдызды сәт” атты сайыс өткізілді. Бұл танымдық ойын алты кезеңнен тұрды және бүлдіршіндерге қуаныш пен шабыт сыйлап, көпшілікке олардың білімге деген құштарлығын паш етті.
Іс-шараны балабақша меңгерушісі Оразалиева Зылиха Асылханқызы жүрекжарды алғысөзбен ашып, балаларға сәттілік тілеп, сайыстың маңыздылығына тоқталды. Ойын басталмас бұрын тәрбиешілер балаларды екі топқа – “Алғырлар” және “Жұлдыздар” деп бөліп, әр топ өз ұранымен таныстырды. Ұрандарда балалардың сенімі мен көңіл күйі ерекше сезілді.
1-кезең: “Сен жалғастыр”
Бұл кезеңде электронды тақтадан бейнематериал көрсетілді. Онда жасырылған сұрақтар қойылып, қай топ бірінші болып қоңырауды басса, сол жауап беруге мүмкіндік алды. Жауаптар балалардың логикалық ойлау қабілеттерінің жоғары екенін көрсетті.

2-кезең: “Кім зейінді?”
Бұл тапсырмада балалар дыбыстарды ажыратып, қызыл және көк ұяшықтарға дұрыс орналастыру керек болды. Қызыл ұяшық – дауысты дыбысқа, көк ұяшық – дауыссыз дыбысқа арналды. Бүлдіршіндер бұл кезеңде де белсенділік танытып, тапсырманы мүдірмей орындады.
3-кезең: “Кім жылдам?”
Шапшаңдық пен ептілік сынға түскен бұл бөлімде әр топ үстел үстіндегі сандар жасырылған стақандарды реттілікпен орналастыруға тырысты. Балалар жылдамдықпен қатар ұйымшылдықты да көрсетті.

4-кезең: “Жер Ана”
Бұл кезеңде жер ананың көңіл күйін бейнелейтін стикерлерді дұрыс таңдап, тақтаға жапсыру қажет болды. Балалар табиғатқа деген сүйіспеншілігін білдіріп, барлық тапсырманы тапқырлықпен орындады.
5-кезең: “Ертегіні құрастыр”
Әр топ ертегіге байланысты суреттерді текшелер арқылы құрастырып, мазмұнын айтып берді. Бұл – балалардың қиялы мен сөйлеу мәдениетін дамытуға бағытталған қызықты кезең болды.

6-кезең: “Әртүрлі мамандықтар”
Сайыстың соңғы кезеңі балалардың өнері мен шығармашылығын паш етті. Бірі ән шырқап, енді бірі домбыра, қобыз және скрипкада ойнап, келген қонақтарды тәнті етті. Балалардың сахнадағы сенімділігі мен өнерге деген ықыласы көрермендерге ерекше әсер қалдырды.
Іс-шара соңында балаларды даярлап, әр кезеңді шебер ұйымдастырған тәрбиеші Тасыбекова Алияның еңбегі ерекше атап өтілді. Осындай тәрбие мен білімді қатар ұсынған ойын-сабақ балабақша ұжымының ұйымшылдығы мен шығармашылығын дәлелдеді.

Іс-шара жоғары деңгейде өтті. Бүлдіршіндердің жүзінен шаттық пен шабыт, көздерінен білімге деген қызығушылық байқалды.
Осындай мазмұнды да мәнді іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырып, балалардың танымын арттырып, тәрбиешілерге шабыт сыйлағаны үшін балабақша әдіскеріне Маирбаева Раушан Мажинқызына ерекше алғысымызды білдіреміз.
Әдіскеріміз өз ісіне деген сүйіспеншілігін, көпжылдық тәжірибесін және білімін ортаға салып, ойын-сайысты тың идеялармен шебер үйлестіре білді.
Мұндай шаралар — ұжым бірлігінің, кәсіби шеберліктің, ізденістің жемісі. Осындай үлгі аларлық еңбек үшін шын жүректен рақмет айтамыз!
Алматы қаласы
BILIM AINASY
Елназ Тұрсынғалиқызы