2025 жылдың 30 сәуір күні Алматы қаласы Жетісу ауданына қарасты КМҚК «№104 бөбекжай-балабақшасында» мектепке дейінгі ұйым педагогтеріне арналған мазмұнды әрі тәрбиелік маңызы зор «Ағаш шеберханасындағы шебер бала» жобасы атты қалалық семинар жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Семинардың мақсаты – отбасылық құндылықтарды дәріптей отырып, баланың шығармашылығын, еңбексүйгіштік қасиетін дамыту және педагогтердің кәсіби тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасау болды.
Аталған білім ордасының басшысы, тәжірибелі де іскер меңгеруші Сыдықбекова Марямкүл Мамыновна – балалар бақшасының жұмысын заманауи талаптарға сай үйлестіріп, жаңашыл жобалар мен ұтымды әдістемелік бағыттарды қолдауға әрқашан дайын басшы. Оның жетекшілігімен «№104 бөбекжай-балабақшасы» тәрбие мен білім беруде жетістіктерге жетіп, тың бастамалармен танылып келеді. Осы семинардың өткізілуі де – басшының білікті ұйымдастырушылық қабілеті мен ұжымды қолдауының нәтижесі.
Семинардың шымылдығы меңгеруші Сыдықбекова Марямкүл Мамыновнаның алғы сөзімен ашылып, қатысушыларды мазмұнды бағдарламамен таныстырды.

Әдіскер Байчапанова Айгерім Алтаевна семинар барысында «Ағаш шеберханасындағы шебер бала» жобасын таныстырды. Ол бұл жобаның басты мақсаты – ата-анамен бірлескен шығармашылық арқылы бала бойындағы еңбекке деген сүйіспеншілікті ояту екенін атап өтті. Жоба арқылы балалардың ұсақ моторикасын дамыту, қиялын ұштау және ұлттық қолөнерге қызығушылығын арттыру көзделеді. Сонымен қатар, әке мен баланың арасындағы байланыс нығайып, отбасылық құндылықтар дәріптеледі. Бұл бастама болашақта тәрбиелік және дамытушылық бағыттағы тұрақты іс-шараға айналмақ.
Ұйымдастырушылық қабілеті жоғары,
жаңашыл көзқарастағы әдіскер шара барысында ерекше белсенділік танытып, әр кезеңнің сапалы өтуіне атсалысты.
Іс-шара аясында бірнеше бағытты қамтыған мазмұнды жұмыстар жүргізілді. Оның ішінде ерекше қызығушылық тудырғаны – «Шебердің қолы ортақ» атты ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті болды. «Бәйшешек» мектепалды даярлық тобының тәрбиеленушілері мен тәрбиеші Дарханова Алтынай Алихановнаның басшылығымен өткізілген бұл шеберлік сабақ – баланың қол моторикасын дамытып, әкенің бала тәрбиесіндегі рөлін арттыруға бағытталды. Шеберханадағы жұмыс – тәрбиеленушілер мен әкелердің бірлесіп, ағаштан бұйым жасау арқылы қарым-қатынасын нығайтуға себепкер болды. Осындай тәжірибе – ата-аналар мен балабақша арасындағы байланысты бекемдеп, балаларға үлкен тәлім береді.

Семинар аясында педагогтерге арналған психологиялық тренинг те ұйымдастырылды. «Мейірімді болса жүрек, орындалар тілек» атты жаттығулар мен пікір алмасуларды №104 бөбекжай-балабақшасының психологы – Даулбаева Айгерим Умерхановна жүргізді. Тренингтің басты мақсаты – педагогтердің ішкі жан дүниесіне үңілу, кәсіби күйзелістен арылуға бағыттау, ұжым ішіндегі мейірімділік пен қолдауды арттыру болды. Тренингке қатысқан мамандар жаттығулардан рухани серпіліс алып, бір-біріне жылы лебіздерін арнады.
Семинар барысында концерттік бағдарлама да көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Бүлдіршіндердің «Бейбітшілік» биі көпшіліктің ықыласына бөленсе, педагогтер мен тәрбиеленушілердің бірлесіп шырқаған «Көк байрағым» хоры – елге, Отанға деген сүйіспеншіліктің жарқын үлгісін көрсетті.
Аталмыш семинарға Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің мектепке дейінгі білім беру және әлеуметтік педагогика кафедрасының ғалымдары – PhD, қауымдастырылған профессор Абитова Гүлбану Тастанқызы мен PhD, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті мектепке дейінгі білім беру және әлеуметтік педагогика кафедрасының
аға оқытушы, PhD Ермекбаева Сауле Жомартқызы, Қалалық мектепке дейінгі ресурстық орталық әдіскері Райымова Лайла Мауленовна, Жетісу ауданының әдістемелік бірлестік мүшелері және қаладағы балабақша педагогтері қатысып, шараны жоғары бағалады.
Семинар барысында №104 бөбекжай-балабақшасының ұжымы жоғары кәсібилік пен ұйымшылдық танытты. Әр педагог өз ісіне аса жауапкершілікпен қарап, семинардың жоғары деңгейде өтуіне зор үлес қосты. Ұжымның бірлігі мен ынтымағы әрбір ұйымдастырылған бөлімнен, балалардың өнерінен және шеберханалық жұмыстардан анық байқалды. Мұндай тату әрі еңбекқор ұжым – балабақшаның басты жетістігі мен абыройының кепілі.
№104 бөбекжай-балабақшасында ата-ана, бала және тәрбиеші арасындағы үштік одақ тиімді түрде жолға қойылған. Әкелердің балабақша өміріне белсенді араласуы – балаларға үлкен тәрбие мен мотивация береді. «Ағаш шеберханасындағы шебер бала»» жобасы арқылы әке мен бала арасындағы байланыс нығайып, ортақ еңбек арқылы тәрбиенің жаңа қырлары ашылды.
Семинар соңында қатысушылар пікір алмасып, №104 бөбекжай-балабақшасының бастамасына ризашылықтарын білдірді. Ұжымның ұйымшыл әрі креативті жұмысын, ұтымды ұйымдастыру мен мазмұндық тереңдікті ерекше атап өтті. Шараның әр бөлімі – бала дамуына бағытталған, тәрбиелік мәні зор тәжірибе алаңы болды.
«№104 бөбекжай-балабақшасы» – тек білім мен тәрбие беретін емес, отбасылық байланыс пен ұлттық құндылықтарды дәріптейтін орталық екенін осы семинар тағы бір мәрте дәлелдеді. Мұндай мағыналы кездесулер алдағы уақытта да жалғасын тауып, тәжірибе алмасу алаңына айнала беретіні сөзсіз.
BILIM AINASY
Алматы қаласы
Ақерке Амангелдіқызы