Home » Жаңалықтар » Достық пен ынтымақ – береке бастауы

Достық пен ынтымақ – береке бастауы

1 мамыр – Халықтар бірлігі күніне орай Алматы қаласы, Түрксіб ауданы, №73 бөбекжай-балабақшасында «Достық пен ынтымақ – береке бастауы» атты мазмұнды әрі мағыналы іс-шара ұйымдастырылды. Әр ұлттың салт-дәстүрі мен мәдениетіне құрметпен қарап, ынтымақ пен бейбіт өмірді насихаттаған бұл мерекелік кеш – нағыз тәрбиелік мәні зор тағылымды шара болды.
Ұйымдастырылған іс-шараның мақсаты – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесінің маңызы туралы балалардың түсініктерін кеңейту, олардың туған жеріне, еліне деген сүйіспеншілігін ояту, отансүйгіштікке тәрбиелеу.
Міндеттері:
– балалардың бірлік, ынтымақтастық, бейбітшілік және достық туралы түсініктерін кеңейту;
– Отанға деген сүйіспеншілік пен патриотизмге тәрбиелеу;
– құрдастарымен өзара достық қарым-қатынасты қалыптастыруға баулу;
– үлкендерді сыйлауға, кішіге ізет көрсетуге үйрету;
– рухани-адамгершілік құндылықтарды бойына сіңіру;
– еңбекқорлық пен жанашырлықты қалыптастыру.

Іс-шараның шымылдығы жүрекке жылы тиер өлең жолдарымен ашылып, балабақша меңгерушісі Сатканова Гульбану Бактыгалиевнаның құттықтау сөзімен жалғасты. Биыл – Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл. Осы айтулы күннің аясында өткізілген шара балалардың бойында елге, жерге деген сүйіспеншілікті, бейбіт өмірдің қадірін түсінуге жол ашты. «Біздің мақсатымыз – ұрпақты татулық пен келісімде тәрбиелеу. Балабақша – болашақ азаматтардың алғашқы тәрбиелік алаңы. Сол себепті бірлік пен достық тақырыбындағы тәрбие сағаттары – аса маңызды», – деді өз сөзінде Гульбану Бактыгалиевна.
Балабақша ауласы бұл күні мерекеге сай безендіріліп, ән мен жыр, би мен күлкіге толы шаттық мекеніне айналды. Мемлекеттік Әнұран шырқалып, жиналған ата-аналар мен қонақтар Отанға деген сүйіспеншілікті, ел бірлігіне деген сенімді тағы бір мәрте сезініп, бүлдіршіндердің өнеріне ризашылықпен қол соқты.

Тәрбиеленушілердің орындауындағы түрлі халықтардың билері, достық пен ынтымақ туралы әндер мен көріністер – көрермендердің көңілінен шықты. Балалар қазақ, орыс, өзбек, украин, кәріс, татар және тағы басқа ұлттардың ұлттық киімін киіп, сол ұлттың биін билеп, әндерін орындады. Бұл арқылы олар көпұлтты елдің басты құндылығы – татулық пен түсіністік екенін сахна арқылы көрсете білді.
Айта кету керек, №73 бөбекжай-балабақшасында бүгінде 10-нан астам өзге ұлт өкілдерінің балалары тәрбиеленіп келеді. Барлық тәрбиеленушілер ұлтқа бөлінбей, бір шаңырақ астында бір-бірін құрметтеп, дос болып өсіп келеді. Балабақша ұжымы әр баланың тілі мен дінін құрметтеп, рухани-мәдени құндылықтарды насихаттауды басты мақсат еткен. Бұл – ұжымның кәсіби шеберлігі мен адамгершілік бағыттағы сәтті еңбегінің нәтижесі.

Іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне балабақша меңгерушісі Сатканова Г.Б., әдіскер Насырова Б.Т., сондай-ақ ұжымдағы тәрбиешілер мен музыка жетекшілерінің шығармашылықпен қарауы үлкен әсер етті. Олар әр көрініс пен нөмірге үлкен жауапкершілікпен қарап, балаларды жан-жақты дайындағаны байқалды.
Ұжым әрдайым шығармашылықпен жұмыс жасап, балаларға білім мен тәрбие беруде, рухани-адамгершілік бағытта ерекше белсенділік танытып келеді. Олар тек балалардың денсаулығы мен білімін ғана емес, олардың бойында ұлттық құндылықтарды, Отанға, туған елге деген сүйіспеншілікті де тәрбиелейді.
Мереке барысында жүргізуші:
«Бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан ұлттар мен ұлыстардың достығы – біздің елдің басты байлығы. Ендеше, бейбітшілік жасасын! Ынтымақтастық жасасын! Қазақстан жасасын!» – деп қорытындылады.
Шара соңында ата-аналар мен қонақтар балабақша ұжымына ризашылықтарын білдіріп, тәрбиеленушілердің жоғары деңгейдегі өнеріне дән риза болды. Бұл күн балалар үшін тек мереке емес, достықтың, мейірімнің, бірлік пен татулықтың шынайы мектебіне айналды.
№73 бөбекжай-балабақшасында өткізілген бұл мазмұнды мереке – көпұлтты еліміздің кемел келешегіне сенім ұялататын, бейбіт өмір мен достықты дәріптейтін ерекше тәрбиелік шара болды. Мұндай тағылымды бастамалар жас ұрпақтың жүрегіне ұлттар арасындағы ынтымақтың шын мәнінде ұлы байлық екенін мәңгілікке сіңірері сөзсіз.

Ақерке Амангелдіқызы
BILIM AINASY
Алматы қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.