Өте жақсы әсерде қайтып келем….
Қазағымның ұлттық құндылықтары жұтылып бара жатқан даңғазасы көп заманда батыстың түрлі музыкалық ағымдарына ілесіп жүрген жасөспірімдер мен біреудің қаңсығын таңсық көріп жүрген кей жастардың тілден ажырап қалғаны жүрекке қанжардай батады…
Мен бұл күні осы ойыма медет таптым… Болашағымды өнердің тілімен сөзбен емес өнер арқылы бар болмысымызды бала бойына сіңірген еңбектің куәсі болдым…
Өзіңдік қолтаңбасы бар халқымыздың рухани дүниесін тұмарына айналдырған ұжымның ұйымшыл жұмысына тағы бір тамсанып, риза болдым ….
Арайлы таң «Ақботаны» шуағына бөлеп тұр…Астананың қақ ортасында тап таза ауласы, есігінен кіргеннен әр бұрышы талғаммен бала үшін арналып түрлі бағыттағы дамытушы құралдармен жасақталған, топтары жап-жарық, қабырғадағы салған суреттері безендірілуі барлығы барлығы тамаша жылы ұя…. Көпке үлгі болар Астана қаласы әкімдігінің №5 «Ақбота» балабақшасы. Салыстыру емес өзінде жоқты көріп білу, үйрену, бала үшін тәжірибе алмасу, ортақ арманның жүгін арқалау. Айтарым барыңыздар көріңіздер!

23 сәуір жаңа көзқарас арқылы балабақшаны дамытудың бағыттары мен қағидаттарын қолдану аясын көрсете отырып педагогтармен іс-тәжірибе бөлісу мақсатында қалалық семинар өтті. Жетекші № 5 «Ақбота» балабақшасына серіктес № 19 «Балбөлек», № 27 «Балауса», №31 ««Ақсұңқар», №51 «Алтын сандық» балабақшалары мен жеке меншік «BROLEON» , «BELES 2018» ЖШС балабақша меңгерушілері мен педагогтары қонақ ретінде қаладағы басқа да мемлекеттік балабақша әдіскерлері мен мамандары жиналды.
Алғашқы сөз алған балабақша меңгерушісі Жолбарысова Мөлдір Айтқалиқызы семинардың тақырыбына тоқталып, балабақшаның осы бағытта және серіктес балабақшалармен бірлесе жасаған жұмыстарына тоқталды.

Мектепке дейінгі ұйымның түлегі физикалық дамыған, ізденімпаз, бастамашыл, табанды, бейімделуге қабілетті, көпшіл, өзіне сенімді командада жұмыс істей білетін, эмоционалды жауапты, өзі, отбасы, қоғам, мемлекет, әлем, табиғат туралы алғашқы түсініктерге ие болуы керек болса бұл күнгі семинарда серіктес балабақшалар осы қасиеттерге баулитын әр түрлі бағытта жұмыстарын көрсетті. Семинардың ұтымды тұсы да бір-біріне ұқсамайтын түрлі бағытты қамтуы болды. Береке бірлікте үндестік таба білген, бір мүддеге жұмыс жасаған 5 балабақша педагогтарының бірлескен жұмысын көрдік.
Таңқалдырудан танбайтын «Ақбота» балабақшасының үздік педагогтары музыка жетекшісі Магзумова Айгуль Ногербековна, хореограф Әбушахманова Салтанат Аманжоловна, Туякова Гульнара Кайриденовна «Ұлы дала рухы» атты жаңа мюзиклімен семинарды ашты.
Көк тәңірге табынған көк түріктің ұрпағымыз, батылдық пен батырлықтың симолы болған көк бөрі рөлін ташама бейнеледі.
Кең даланы ат тұяғымен дүбірлеткен ерлік пен қайсарлықтың белгісіндей сақ патшайымы Томиристың рухын түсірмеген ерік жігерін бимен көрсете білді. Ерлігімен елін сүйсінткен бабаларының жалғасы батыр ұл-қыздардың бейнесі, бүгінгі жайма шуақ күнде туған жерінде еркін қалықтаған құстай арайлы таңда сәуле құйған байтақ даланың перзенттерін көрдік…. Бала бойына, арман-қиялына азаттық сыйлай білді. Шұғылалы күн асында қанатын сермей қағып бара жатқан жас қырандарды көрдік… Сана сезім тұнық кезде жүрегі таза балапандарға туған ел, ұлттық болмыс, төл өнерімізбен, тарихымызды осындай қойылым арқылы сіңіре білген шеберлерден қалай айналмасқа….
Ұлттық өнер «Саздан жасалған саз сырнай» атты ұлттық мәдениетке баулыған музыка жетекшісі Әбілбекова Арайлым Хамитовнамен тәрбиеші Абильдаева Нуржамал Козыбагаровнаның ұйымдастырылған іс әрекеті балаға берері мол дүние. Ұлттық аспаптар жайлы мәлімет біліп, ән айтып, би билей жүріп, саз сырнай жасауды үйрену тамаша ойластырылған.
Тәжірибелік бөлімде педагогтар есіктен кіргенде берілген түрлі асықтарға қарай топтарға бөлініп, әр балабақшаның түрлі тақырыптағы іс-әрекеттерін көрді. Ерекше балалармен жұмыс жасау жолдарын «Қызықты ойындар» арқылы көрсете білген логопед Мусалимова Молдир Арыстанбековна, дефектолог Рахмет Таңшолпан Ұлықбекқызы, тәрбиеші Урпекова Шолпан Нурсейтовнаға әріптестері оң бағасын берді.

«Дәстүрлі дәм-Ұлттық мұра» тақырыбымен қазақ халқының тарихы мен мәдениеті туралы ұйымдастырылған іс әрекет көрсеткен №19 «Балбөбек» балабақшасы тәрбиешісі Аширбекова Құндызай Турсыналиевна ұлттық тағам түрлерімен кеңінен таныстырды. №27 «Балауса» балабақшасының тәрбиешісі Семенищева Ольга Николаевна «Цветы в вазе» көркем –эстетикалық талғамды дамыту үшін жағдай жасау әдіс-тәсілдері жайлы көрсетті. «Ойлай алмаған бала –ойнай алмайды» креативті және сыни ойлауды дамыту тақырыбындағы іс-әрекет көрсетті. Таңқаларлығы өзге балабақшадан келген тәрбиешілерді жатсынбаған «Ақботаның» «Боталары» емін еркін іс-әрекетке қатысып белсенділік көрсетті. Іркілмей сұрақ қойып, ойларын анық жеткізген балаларды көргенде тамсандық.
Қалалық семинар шебер сынып алаңында жалғасып №31 «Ақсұңқар» балабақшасының әдіскері Балтабаева Жанар Рамазанқызы педагогтарға баламен қалай жұмыс жасау жолдарын «Ойын арқылы балалардың тілдерін дамыту» тақырыбында көрсетті. Сырттай тыңдап отырып, бала тілін дамыту үшін қаншама керекті мәліметтерді еш қиналмай ойын түрінде де жеткізуге болатынына көзіміз жетті.
«Аялы алақан» ата-аналармен өзара ынтамақтастық жұмысын «Аналар мектебінің» қос белсенді анасымен бірге №51 «Алтын сандық» балабақшасының тәрбиешісі Кажгалиева Лаура Салахиятқызы көрсетті. Аналардың белсенділігіне шын сүйсіндік.
Балабақшаның спорт залында «Ұлт қызынасы- ұлттық ойындар» ұлттық ойындарды өткізу аукционы тақырыбымен көрме жасалған . №5 «Ақбота», №19 «Балбөбек», №51 «Алтын сандық», № 31 «Ақсұқар», №27 «Балауса» балабақшасынан Адильбекова Меруерт Жумашовна, Абуова Раиса Женисовна, Медаева Үміт Сабырәліқызы, Сопыбекова Гүлжан Мыңжасаровна, Айдаралиева Раушан Бескемпировна авторлық ойындарымен таныстырды. Әр іске жауапкершілікпен қарай білген тыңғылықты дайындық, жан жақтылықты бастысы береке-бірлікті көрсете білген балабақшалардың ұлттық ойындарға қосқан үлестері мен ізденістері осы көрмеде анық байқалды.
Семинардың өз деңгейінде өтуіне ұйытқы болған психолог Намазбаева Райгул Турегалимовнаның «Өмір –Сізбен әдемі» рефлексиясы да педагогтарды бір-біріне жақындата түсті.
Семинар соңында сөз алған балабақша меңгерушілері мен әдіскерлер «Ақбота» балабақшасының ұжымына алғыстарын білдірді. Ата-аналар атынан Қазбекқызы Эльмира баласы үшін барын салатын аналар үнемі балабақшамен бірге екенін және шынайы алғысын жеткізді. Қонақ ретінде тәжірибе алмасу мақсатында келген № 73 «Аяулым» балабақшасының меңгерушісі Каренеева Венера Ерболовна есіктен кіргеннен шынайы көңілмен қарсы алған ұжымның қонақжайлылығына, жоғары деңгейде өткен іс-әрекетке, тың идеялардың авторы Мөлдір Айтқалиқызына алғысын білдіріп, «аларымыз көп болды» деді. Жеке меншік балабақша тәрбиешісі Кенжегүл Сәдібекқызы «нағыз үгі болар» балабақша деген бағасын берді. №53 «Мерей» балабақшасының әдіскері Жұмагүл Боранбаевна «ұлттық құндылықтарды ұлықтай білген» ұжым серіктес балабақшалармен бірлескен жұмысын көрсете алды деді.
Тамаша қойылыммен рух сыйлаған, ұлттық әуенмен тамаша көңіл күй сыйлаған, берері мол түрлі тақырыпта ұйымдастырылған іс-әрекет көрсете білген, көрме арқылы қаншама еңбекті, ізденісті дәлелдеген бір жіптің бойына тізілген «маржандай» үзіліссіз жұмыс бір күндік дүние емес. Ұялмайын десең іздене біл, таңқалдырудан танба, шығармашылық шабыт, тамаша үйлесім, талғам болса адамға берер әсер таусылмас. Тарихы тереңде, тағылымы мол дүниеге үңіле білетін таңдаулы білім ошағы №5 «Ақбота» балабақшасы шәкірті биіктен көрініп, мерейі артқан ұстаздардың ортасы.
Әлия Ғалымбекқызы
Білім айнасы ,
Астана қаласы