Алматы қаласы, Алмалы ауданы, КМҚК №16 бөбекжай-балабақшасында “Өнердің ғажайыптары: би, музыка және оригами арқылы балаларға ертегі әлемін құру” тақырыбында семинар өтті.
№16 бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Сакенова Айгуль Тулебаевна Қытай еліне іссапар жасап, ондағы балабақшалардың жұмысымен танысып қайтты. Сапар барысында Қытайдағы әріптестерінің оқу-тәрбие үдерісін өз көзімен көріп, балаларға білім мен тәрбие берудегі заманауи әдіс-тәсілдерді, оқу құралдарын, сабақты ұйымдастырудың тиімді жолдарын зерделеді.

Бұл семинар — білім алмасудың жарқын үлгісі ретінде, тәрбие мен оқыту саласын дамытуға, педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыруға үлкен үлес қосары сөзсіз.
Іс-шараның шымылдығын балабақша меңгерушісі Сакенова Айгуль Тулебаевна жүрекжарды алғы сөзімен ашты. Ол өз сөзінде Қытайдағы жасаған сапар барысында алған әсерлерімен бөлісіп, шетелдік тәжірибенің ерекшеліктеріне тоқталды.
Қытай балабақшалары бізге тың серпін берді. Балалардың тәрбиесі мен білім алуына жасалған жағдай, педагогтердің кәсібилігі мен шығармашылығы бізді тәнті етті. Әр баланың қызығушлығын оятатын, ойын арқылы оқытуға негізделген әдістемелер, заманауи оқу құралдары бізге үлкен ой салды. Біз бұл сапардан тек көріп, үйреніп қана қоймай, болашаққа деген жаңа идеялармен оралдық. Ендігі мақсатымыз – осы құнды тәжірибені отандық балабақшаларға енгізу, әріптестерімізбен бөлісу. Бүгінгі семинар соның нақты дәлелі деп меңгеруші атап өтті.

Семинар бағдарламасы аясында «Ласточка» және «Соловушка» топтарының тәрбиеленушілері өз өнерлерін ортаға салды. Балабақша бүлдіршіндері алдымен қазақ халқының ұлттық мұрасы — торсықты серік етіп, қазақша бимен көрермендерді тамсандырды. Кейін тәрбиеленушілер қытай халқының биін орындап, сол елдің мәдениетіне деген қызығушылық пен құрметтің жарқын үлгісін көрсетті.
Қытай еліндегі іс-тәжірибені тек өзара шектемей, оны өзге балабақшалармен бөлісу, таратуды мақсат еткен ұжым бұл бағыттағы жұмысын одан әрі жалғастырды. Осы орайда «Тюльпан » тобының тәрбиеленушілері ерекше өнер көрсетті. Балалар мен тәрбиеші қолданылмайтын, жарамсыз болып қалған заттарды кәдеге жаратып, тамаша музыкалық аспаптар жасап шықты. Қарапайым материалдардан туған бұл аспаптар тек көркем көрінісімен ғана емес, әуезді үндерімен де жұртты сүйсінтті. Бүлдіршіндер осы аспаптармен шағын оркестр ұйымдастырып, көрермендерге әсерлі музыкалық нөмір тарту етті.
Іс-шара мазмұнды әрі әсерлі түрде өз жалғасын тапты. Бұл жолы «Ромашка» және «Ласточка» топтарының барлық тәрбиеленушілері сахнаға шығып, жылдың төрт мезгіліне арналған сән көрсетілімін ұсынды. Олар қолданылмайтын, тұрмыстық қалдық материалдарды креативпен пайдалана отырып, көктем, жаз, күз және қыс мезгілдерін бейнелейтін ерекше киім үлгілерін көрсетті.

Қытай елінде бақыт құсы ерекше маңызға ие болып саналады, және осы құс оригами өнері арқылы бейнеленеді. Семинар барысында тәрбиешілер мен тәрбиеленушілер бірге отырып, қолмен және қағазбен осы бақыт құсын жасап, шеберлік танытты. Әр баланың қолынан шыққан бұл құс олардың қиялы мен шығармашылығын білдірсе, сонымен қатар Қытай мәдениетіне деген құрметін көрсетті.
Шараға қатысқан қонақтар да бұл қызықты процеске қатысып, балалармен бірге өздеріне ұнайтын бақыт құсын қағаздан жасап көрді. Қонақтардың балаша көңіл күймен жұмыс істеп, өздері де бұл өнерге қызығушылық танытты.
Іс-шараның соңында қонақтар арасында пікір алмасу жүргізіліп, барлығы жоғары деңгейде өткен семинардан алған әсерлерімен бөлісті. Қатысушылар семинардың мазмұны мен ұйымдастырылу деңгейін жоғары бағалап, бұл тәжірибе әрқайсысына пайдалы болғанын атап өтті.
Семинар өте жоғары деңгейде өтті. Осындай маңызды әрі мазмұнды шараны ұйымдастырған №16 бөбекжай-балабақшасының барша ұжымына, тәрбиешілер: Каргабаева А.Ж,Тоғайбек Б.Ш,Гурова О.Г және музыка жетекшісі: Шелкова Е.Л әсіресе балабақшаның әдіскері Эльмира Раметовна мен меңгерушісі Айгуль Тулебаевнаға үлкен алғысымызды білдіреміз. Олардың кәсіби шеберлігі мен ұйымдастырушылық қабілеттері бұл семинардың ерекше әрі әсерлі болуына негіз болды. Барлық қатысушыларға ұмытылмас тәжірибе мен жаңа білім алып қайтуға мүмкіндік берген бұл шара үшін зор алғыс айтамыз.
Алматы қаласы
BILIM AINASY
Елназ Тұрсынғалиқызы