Home » Жаңалықтар » Ұлттық сипаттағы логикалық есептер арқылы оқушыларды тәрбиелеу

Ұлттық сипаттағы логикалық есептер арқылы оқушыларды тәрбиелеу

Тауасарова Толкын Айтказиновна,
«Ақжол-РА мектеп мекемесі» ЖШС,
бастауыш сынып мұғалімі

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында, оқушылардың құндылықтарды бойына сіңірген тұлға болып қалыптасуына ықпал ететін «Біртұтас тәрбие» бағдарламасында құндылықтарды пәннің оқыту бағдарламасына кіріктірудің маңыздылығы көрсетілген. Сонымен қатар оқушылардың логикалық ойлау қабілеттерін дамыту – бүгінгі педагог міндеттерінің бірі. Логикалық ойлау бастауыш мектептің барлық пәндерінің материалында дамиды. Бірақ дәстүр бойынша математика сабақтарында логикалық ойлауды дамытуға назар аударылады. Математика пәнінде оқушылардың логикасын дамытуға арналған есептердің түрі көп. Біз де сабақ барысында мұндай есептерді жиі қолданамыз. Математика пәнін оқытуда логикалық есептерге ұлттық сипат беру мәселесі бүгінгі таңда оқыту процесінде маңызды орын алады. Ұсынылған курс бағдарламасында оқушылар ұлттық сипаттағы логикалық есептерді шығару арқылы ұлттық құндылықты бойына сіңіреді. Сонымен қатар жеке тұлғаның дамуында ерекше орын алатын логикалық ойлау қабілетін жетілдіреді. Осылайша бағдарлама аясында берілетін есептер оқушыларды ұлттық құндылыққа тәрбиелеуге ықпал етеді.
Логика – адамның ойлау әрекетінің ең маңызды бөлігі. Ол оцды дұрыс тізбектеуге, болып жатқандар туралы ойлауға көмектеседі, көптеген жағдайлар мен құбылыстарды түсіндіреді. Сондықтан да логиканы баланың кішкентайынан дамытады. Ал бастауыш сынып кезеңі оқушының логикалық ойлауын дамытуда айтарлықтай маңызға ие. Бастауыш сынып оқушыларының логикасын дамыту мәселесі аса көп зерттелген. «Баланы өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген нақыл сөзді ескерсек, математика сабағында ұсынылатын логикалық есептерді ұлттық болмысқа негіздеу арқылы оқушыларды ұлттық құндылыққа тәрбиелеуге болады. Осы мақсатта математика сабағында логикалық есептерді ұлттық сипатқа негіздеу жолында мынадай міндеттерді орындау көзделеді:

  • Ұлттық сипаты бар логикалық есептерді шығару;
  • Логикалық есептердегі ұлттық тәрбиені ажырату;
  • Ұлттық өлшем бірліктерімен танысу;
  • Қазақ халқының санға қатысты наным-сенімдері туралы мәлімет алу;
  • Есептерді шығару арқылы логикалық ойлау қабілетін дамыту;
  • Математика пәні арқылы ұлттық құндылықты бойына сіңіру;
  • Математикалық есептерді күнделікті өмірмен байланыстыра алу;
  • Курс бойынша алған білімдерін өмірде пайдалану.

Математика пәнінде логикалық есептерді құрастыруда олардың ұлттық сипатқа сәйкес әзірленуін мақсат еткенде біз аталған есептерді «математикалық басқатырғыштар», «ұлттық жиын есептері», «салыстыру есептері», «ұлттық сипаттағы суретті логика» деген сияқты басқа да көптеген топтарға бөліп жинақтадық.
Мәселен, «Математикалық басқатырғыштар» тақырыбына берілген сабақтағы логикалық есептерді назарларыңызға ұсынамыз.
1-есеп. Берілген есептерді шығар.
А) 1 литр қаймақты майға айналдыру үшін 4 минут керек. Ал 5 литр қаймақты майға айналдыруға қанша минут керек?
Ә) 6 кәмпит шашылып жатты. Екі ана мен екі қыз екі-екіден алғанда, ешқандай кәмпит қалмады. Қалайша?
2-есеп. Суретті өрнектің мәнін тап.

3-есеп.
А) Асық ойнайық. Ойыншыға 100 ұпай жинау керек. ол үшін қай үш асықты атып алуы керек?

Ә) Әкесі балаларына өсиет қалдырды. Өсиет бойынша әкесі өлген соң үлкен ұлы түйелердің жартысын, екінші ұлы үштен бір бөлігін, үшінші ұлы тек тоғыздан бір бөлігін алуы керек болатын. Әкесі өлгенде 17 түйе қалды. Балалар өзара бөле алмай, биді шақырды. Би өз түйесіне мініп келіп, түйелерді өсиет бойынша бөліп берді. Би түйелерді қалай бөлді?

Берілген есептер арқылы оқушылар миға шабуыл жасап, логикалық басқатырғыштарды шешеді. Жай шешіп қана қоймай, әр есептегі ұлттық таным-түсінікке қатысты атаулармен, ұғымдармен танысып, олардың мән-мағынасын ұғынады, ол атауларды күнделікті өмірмен байланыстырып, өзінің тілдік қолданысына енгізеді. Осылайша, оқушы бойында ұлттық құндылық тәрбиесі қалыптасады.
Ұлттық сипаттағы есептерге қатысты тағы да мысал келтірсек, логикалық мәселе есептердің  мазмұнына ұлттық түсінікке қатысты ұғымдарды енгізу арқылы да есептерге ұлттық сипат береміз. Мәселен, төмендегі логикалық есептерде «бәйге», жылқы атаулары, үйдің тұңғышы, кенжесі, атқа міәнгесу, жайлау, төрт түлік аттары, алты қанат киіз үй, киіз үй құрылысы сияқты тақырыптарда білімін кеңейтеді. Осы атауларды толықтай меңгеріп, өмірде қолдана алады.

А) Бәйгеден Керқұла, Ақтаңгер, Байшұбар атты тұлпарлар бірінші, екінші және үшінші орынды иеленді. Егер Ақтаңгер екінші орын алмаса, ал Байшұбар үшінші орын алмаса, қай жүйрік қандай орын алды?
Ә) Айдынның жасы Алматтан үлкен, ал Жомарттан кіші. Үйдің тұңғышы кім? Кенжесі кім?

2-есеп. Суретті өрнектің мәнін тап.

              3-есеп.

А) Атқа мінгескен үшеу жайлауға келе жатқанда қарсы кездескен үш түйе мен бес сиырды кездестірді. Жайлауға барлығы неше адам мен жануар келді?

Ә) Жайлауға көшкен ауыл тұрғындары алты қанатты алты киіз үйді құру керек. Бір керегені құруға 10 минут кететін болса, алты киіз үй керегелерін орнатуға жалпы қанша уақыт керек?

Математика сабағындағы логикалық есептер оқушылардың ойлауын, белсенділігін, тез шешім қабылдауын, күрделі мәселенің шешімін табуын, есте сақтау қабілетін дамытады, сонымен қатар логикалық есептер оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырады, математиканы өмірмен байланыстыруды үйретеді, білім көрсеткішін жақсартады. Демек бастауыш сынып оқушыларының логикалық ойлауын дамыту  қай кезеңде де маңызды міндет болып қала береді. Ал сол логикалық есептерге ұлттық сипат бере отырып, біз оқушылардың бойында:

  • логикалық есептегі ұлттық болмысты ажырату;
  • ұлттық өлшем бірліктерін білу;
  • ұлтымыздың санға қатысты түсінігін тану;
  • математикалық есептерді күнделікті өмірмен байланыстыру;
  • алған білімін өмірмен байланыстыру сияқты дағдыларын қалыптастырамыз. 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Қосанов Б.М. Математика курсындағы шығармашылық жаттығулар: орындау технологиясы. – Алматы, 2005. – 72 б.
  2. Левитас Г.Г. Нестандартные задачи по математике – М.: Илекса, 2004. – 124 с.
  3. Бекишева М.С. Бастауыш мектеп оқушыларының математикадан логикалық ойлау тәсілдерін дамыту//infolesson.kz порталы, 31.03.2015ж.
  4. Тауасарова Т.К. Ұлттық сипаттағы логикалық есептер. Авторлық бағдарлама, Астана, 2025 ж.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.