Home » Жаңалықтар » Наурыз – Ұлттық құндылықтардың ұлық мерекесі

Наурыз – Ұлттық құндылықтардың ұлық мерекесі

Алматы қаласы Білім басқармасы
Әуезов ауданы «№64 бөбекжай- балабақшасы»
меңгерушісі Салимханова Гуля Кабылбековна

Балалардың жүрегіне ұлттық рухты ұялату – тәрбиенің алтын арқауы. Осы мақсатта көктемнің көркі, береке-бірліктің бастауы саналатын Наурыз мерекесі Алматы қаласы Білім басқармасы Әуезов ауданы “№64 бөбекжай- балабақшасында” ерекше сән-салтанатпен атап өтілді. Іс-шараға ата-аналар да белсене қатысып, ұрпақ тәрбиесіндегі ұлт руханиятының маңызын тағы бір мәрте айқындады.

Наурыз – қазақ халқының ежелден келе жатқан төл мейрамы, жаңару мен жақсылықтың нышаны. Балабақша ұжымы бұл күнді ұлттық құндылықтарды дәріптеу арқылы балаларға тәрбиелік мәні зор, тағылымды орта сыйлау мақсатында ұйымдастырды.

Ата-аналар ұлттық киім киіп, ұлттық тағамдар әзірлеп, қазақтың салт-дәстүрін сахналық қойылымдар арқылы көпшілікке паш етті.

Іс-шара барысында балалар төл өнеріміз – күй тартып, домбырамен ән салып, би билеп, көркем сөз оқып, айтыс өнерін көрсетті. «Бәсіре», «Сүйінші», «Бата беру», “Ат қою”, “Атқа мінгізер”, “Сыбаға”, “Байғазы”, “Айтыс”, “Тоқымқағар”, “Ерулік”, “Шашбау тағар”, “Тұсау кесер”, “Қонақкәде” сияқты салт-дәстүрлер көрініс тауып, бүлдіршіндер халқымыздың бай мұрасымен жақынырақ танысты.

Ата-аналар мен тәрбиешілер бірлесіп ұйымдастырған «Наурыз көже» мәзірі де үлкендердің бала тәрбиесіне деген жауапкершілігі мен ұлттық болмысқа деген құрметін көрсетті.
Мұндай іс-шаралар – тек мейрам ғана емес, ел болашағы – балаларға ұлттық тәрбиені сіңірудің тамаша үлгісі. Ата-аналар мен тәрбиешілер бірлесе отырып ұйымдастырған бұл мереке балалардың санасына отансүйгіштік пен ұлттық рухты сіңірді деп сеніммен айта аламыз.
Наурыз – тек көктемнің емес, рухани жаңғырудың да мерекесі. Осындай тағылымды шаралар арқылы ұлтымыздың болашағы жарқын, тәрбиелі, рухани бай ұрпақ өсіп келеді.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.