
Джакупова Алтынай Амирхановна
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі,
КММ № 84 жалпы білім беретін мектеп,
Алматы қаласы
XXI ғасырдағы білім беру кеңістігі цифрлық технологиялармен тығыз байланысты. Қазақстан Республикасының орта білім беру жүйесінде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы мен білім мазмұнын жаңарту аясында мұғалімдердің ақпараттық-коммуникациялық технологияларды (АКТ) тиімді пайдалану құзыреттілігі басты бағыттардың біріне айналды. Әсіресе, тіл үйрету пәндерінде — соның ішінде қазақ тілінде — цифрлық ресурстардың көмегімен оқушының сөйлеу, тыңдау, оқу және жазу дағдыларын қалыптастыру үдерісі тиімді жүзеге асады.
1. Цифрлық ресурстарды қолданудың теориялық негіздері
Цифрлық ресурстар дегеніміз – ақпаратты өңдеуге, сақтауға, таратуға мүмкіндік беретін электронды құралдар мен онлайн платформалар жиынтығы. Олар оқыту үдерісінде дидактикалық материалдар, тапсырмалар, бейнематериалдар, интерактивті жаттығулар және тестілер түрінде қолданылады.
Цифрлық технологиялар білім алушылардың оқу стиліне, жас ерекшелігіне сай бейімделу мүмкіндігімен ерекшеленеді. Бұл туралы ресейлік ғалым И.В. Роберт «Білім беру үдерісінде АКТ қолдану — білім беру мазмұнын жетілдірудің, оқыту сапасын арттырудың және оқушы тұлғасын дамытудың негізгі факторы» екенін атап өткен
2. Қазақ тілі сабағында қолданылатын цифрлық ресурстардың жіктелуі
Қазіргі кезде қазақ тілі пәнінде жиі қолданылатын цифрлық ресурстарды бірнеше топқа бөлуге болады:
— Оқыту платформалары: BilimLand, iTest, AkademiKz
— Интерактивті құралдар: Quizizz, Kahoot, LearningApps
— Коммуникациялық орта: Padlet, Jamboard, Mentimeter
— Визуализация құралдары: YouTube, Canva, Genially
— Бағалау құралдары: Google Forms, EdPuzzle
3. Практикалық тәжірибе: сабақтардан үзінділер
Өз педагогикалық тәжірибемде мен цифрлық ресурстарды келесідей мақсаттарда қолданамын:
— Жаңа сабақты меңгертуде: BilimLand платформасындағы бейнематериалдар мен интерактивті жаттығуларды пайдалану арқылы тақырыпты визуалды түрде түсіндіремін.
— Оқушы белсенділігін арттыруда: Quizizz платформасы арқылы оқушылар арасында танымдық сайыстар ұйымдастырамын.
— Топтық жұмыста: Jamboard құралымен топтардың бірлескен жұмысын онлайн тақтада көрсету.
— Қалыптастырушы бағалауда: Google Forms арқылы автоматтандырылған тест тапсырмаларын өткізу.
— Рефлексияда: Mentimeter көмегімен оқушылардың сабақ туралы пікірлерін интерактивті түрде жинау.
4. Цифрлық ресурстарды тиімді қолданудың нәтижелері
Цифрлық технологияларды қолдану келесі нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік берді:
— Оқушылардың пәнге деген қызығушылығы артты;
— Сабақта белсенділік пен интерактивтілік күшейді;
— Жекелеген оқушылармен жұмыс жүргізу мүмкіндігі артты;
— Мұғалім үшін диагностикалық жұмыстарды автоматтандыру оңайлады;
— Формативті бағалау мен кері байланыс сапасы жақсарды.
Қорыта келгенде қазақ тілі сабағында цифрлық ресурстарды тиімді қолдану – оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттырып, заманауи талаптарға сай білім беру үдерісін ұйымдастыруға жол ашады. Цифрлық құралдар мұғалім мен оқушы арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай, оқыту сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Осыған орай, әрбір педагог АКТ құралдарын игеріп қана қоймай, оны шығармашылықпен қолдануға дағдылануы тиіс.