Home » Жаңалықтар » Әке – тірек, ана – тіршілік, бала – болашақ: «№ 171 бөбекжай-балабақшасындағы» тағылымды тәрбие

Әке – тірек, ана – тіршілік, бала – болашақ: «№ 171 бөбекжай-балабақшасындағы» тағылымды тәрбие

Тәрбие – тал бесіктен. Баланың болашағы тек педагогикалық жүйеге емес, отбасындағы қалыптасқан қарым-қатынас пен үлгі-өнегеге тікелей байланысты. Осы ұлы ұстанымды ұран еткен Алматы қаласы, Жетісу ауданына қарасты «№ 171 бөбекжай-балабақшасында» “Біртұтас тәрбие” бағдарламасы аясында әкелер мен аналар мектебі бағытында қос бірдей тағылымды іс-шара өтті. «Әкем – асқар тауым» және «Анаға қарап, қыз өсер» атты мазмұнды сайыстар отбасы мен балабақша арасындағы алтын көпірді нығайтып қана қоймай, бала тәрбиесінің бағбанындай еңбек етіп жүрген жандардың жанашырлығын айқындады.

«Әкем – асқар тауым» атты сайыс – нағыз ерлік пен еңбекке, салт-дәстүрге сүйенген ұл тәрбиесінің үлгісін көрсетті. Сайысқа қатысқан әкелер мен ұлдары таныстыру бөлімінде ерекше шабытпен сахна төріне шығып, әр отбасының болмысы мен берекесін паш етті. Үй тапсырмасы ретінде ұсынылған қолөнер туындылары көрермендерді таңдай қақтырды. Ал «Өз өнерін тамашалайық» бөлімінде әкелердің бойындағы қабілет пен шеберлікті тамашалап, олардың балаларына берген үлгісі көзге көрініп, жүрекке жетті.
Қазақтың төл ойындары – қамшы өру, арқан тарту, қол күрес, ләңгі тебу мен асық ату – балабақша ауласын бір сәтке ауылдың кең төсіне айналдырды. «Миға шабуыл» кезеңі болса, тапқырлық пен білімге сүйенген отбасылардың бірлігін көрсеткен тұс болды. Бұл сайыста тек күш пен өнер ғана емес, рухани байлық пен отбасындағы сыйластық, әке мен баланың арасындағы байланыс сынға түсті. Ұйымдастырушы тәрбиешілер – Салимбаева Куралай Елтаевна, Ерланқызы Жадыра және Танабекова Балжан Акилбековна үйлесімді жұмысы көрініп тұрды. Әр қызметкер бала тәрбиесіне қосқан үлесімен ерекшеленіп, осы шара арқылы отбасы мен балабақша арасындағы байланысты нығайтты.

Әрбір ұлттың ұрпағы – анадан бастау алады. Ал қазақ халқы үшін ананың орны – ерекше, ана – ұлт тәрбиесінің темірқазығы. Осы ұғымды өзек еткен «Анаға қарап, қыз өсер» атты сайыста аналар мен қыздар өз өнерлері мен шеберліктерін ортаға салды. Таныстырудан бастау алған сайыс «Қыздарға әсемдік жарасады» атты шаш өру, сәндеу кезеңімен жалғасты. Бұл бөлімде аналар мен қыздары бірлесе отырып, сұлулық пен нәзіктік әлемін ашып берді.
«Салтым – асыл қазынам» атты көрініс бөлімінде ұлттық салт-дәстүріміз қайта жаңғырды. Өз өнерін көрсету кезеңі – сайыстың шарықтау шегі болды. Ал «Дәм-думан» бөлімінде аналар дайындаған ұлттық тағамдар балалықтың бал дәмін, аналықтың мейірімін сездірді.«Сыр-сандық» сұрақ-жауап кезеңінде де аналар мен қыздар шеберлік пен зеректік танытып, сайыстың мазмұнын тереңдете түсті. Сайыс соңында орындалған «Томирис» биі – аналар мен қыздардың бірлігін, ұлттық болмысқа деген іңкәрлігін бейнеледі.
Ұйымдастырушылар – Айтқазы Баян Нұрболатқызы мен Садыкова Аида Шарападиновна өздерінің кәсіби біліктілігімен, ерекше талғамымен аналар мектебінің абыройын асқақтата білді. Бұл тәрбиешілер де баланың жан-жақты дамуына сүбелі үлес қосып жүрген өз ісінің шебер мамандары екенін тағы бір дәлелдеді.

Бұл тағылымы терең іс-шаралар – «№ 171 бөбекжай-балабақшасының» бірегей тәрбие жүйесінің нақты жемісі. Мекеме меңгерушісі Уалиева Альбина Назарымбетовнаның жетекшілігімен жүзеге асқан бұл жобалар – ұжымдық ауызбіршілік пен шығармашылықтың, ұлттық тәрбиеге деген зор жауапкершіліктің көрінісі. Меңгерушінің іскерлігі мен шынайы жанашырлығы балабақшаның әр ісінен, әр баланың жүзіндегі шаттықтан, ата-ананың алғысына толы сөзінен көрініс табады. Әдіскер Ыдырысова Жанар Кадиржановнаның кәсібилігі мен ұжымға бағыт берген үйлесімді жұмысы – балабақшада сапалы тәрбиенің орнығуына сеп болған. Жобаға енгізілген әр бөлім, сайыстардың мазмұны мен құрылымы – әдістемелік жұмыстың жоғары деңгейін көрсетеді. Сонымен қатар, балабақшадағы музыка жетекшісі, психолог, дене шынықтыру нұсқаушысы мен топ тәрбиешілерінің де еңбегі орасан. Әр маман бала тәрбиесіне жүрек жылуын беріп, осы кештің табысты өтуіне өзіндік үлесін қосты. Ұжымның әр мүшесі өз міндетін жауапкершілікпен атқарып, тәрбие мен білім беру ісінде біртұтас ұстанымды берік ұстанып келеді.
«№ 171 бөбекжай-балабақшасы» – тәрбиені тек сабақ арқылы емес, жан-жақты жобалармен, рухани шаралармен жүрекке сіңіретін, ұлттық құндылықты күнделікті өмірге айналдырған алтын ұя. Мұндай мекемелер көп болсын! Тәрбиесі терең, талабы биік балабақша – болашақтың негізін қалауда айрықша рөл атқаратынын бұл ұжым тағы бір дәлелдеді.

BILIM AINASY
Алматы қаласы
Ақерке Амангелдіқызы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.