Home » Жаңалықтар » Дәстүр – елдің қазынасы, тәрбие – ұлттың тұтқасы

Дәстүр – елдің қазынасы, тәрбие – ұлттың тұтқасы

«Рухани байлық – ұлттың шын мәніндегі кемелдігін танытатын басты өлшем» десек, ұрпақ тәрбиесіне ұлттық дәстүр мен құндылықтарды енгізу – болашақтың іргетасын берік қалаудың жолы. Осы ұлы мұратты мақсат еткен іс-шаралардың бірі – Алматы қаласы, Алатау ауданына қарасты №31 бөбекжай-балабақшасында өткен “Дәстүрлі құндылық – рухани тірегіміз” атты  қалалық семинар болды.

Бұл мазмұны бай, мәні терең семинар екі кезеңге бөлінді. Әр кезеңде ұлттық болмысты жаңғырту, тәрбиеде жаңа көзқарас қалыптастыру, шетел тәжірибесін тиімді пайдалану сынды өзекті бағыттар кеңінен қамтылды.
Жапония тәжірибесі – бала тәрбиесіне жаңаша көзқарас
Семинардың алғашқы бөлімі – “Жапония тәжірибесі – бала тәрбиесіне жаңа көзқарас” деп аталды. Бұл кезеңде балабақша меңгерушісі Бахтиева Айнур Юсуповна мазмұнды баяндама жасап, Жапония еліндегі мектепке дейінгі тәрбие жүйесінің ерекшеліктері мен тиімді тұстарын шебер жеткізді. Баяндамадан ұққанымыз – жапон тәрбиесінде баланың бойындағы жауапкершілік, ұқыптылық пен әдепке мән берілетіні, бұл құндылықтардың біздің дәстүрмен үндесіп жататыны.

Семинарға қатысушы қонақтар тек тыңдаушы ғана болып қалмай, түрлі тапсырмалар орындап, арнайы әзірленген ойын форматындағы белсенділіктерге қатысты. Әрбір жеңімпазға «ақша» сыйлық беріліп, оны «Ball-бауырсақ» атты балалар жәрмеңкесінде жұмсау мүмкіндігі берілді. Бұл жәрмеңкеде бүлдіршіндердің қолынан шыққан түрлі тағамдар ұсынылып, қонақтар дәмнен ауыз тиді. Мұндай идея – тәрбиенің ойын арқылы берілетін ғажайып үлгісі болды. “Бала – бауыр етің, оған қандай тәлім берсең, соны көреді” демекші, бұл сәтте балабақшаның әр тәрбиеленушісі ұлттық тағам әзірлеудің қарапайым тәсілін үйреніп қана қоймай, еңбек пен сауданың мәнін де ұғына түсті.Семинардың екінші кезеңі ұлттық дәстүрлерімізді дәріптеуге арналып, Наурыз тойымен жалғасты. Бұл бөлім – нағыз этнографиялық таным алаңы іспеттес болды. «Тәрбие тал бесіктен басталады» дегендей, сәбидің тұсауын кесіп, оны тәй-тәй бастырған сәт көпшіліктің көңілін тербеді. Киіз басу, қой қырқу, қолөнер көрмелері мен қазақтың ежелгі тұрмыстық салттары көпшілікке паш етілді. Балалар бар өнерлерін ортаға салып, ән айтып, би билеп, көріністер көрсетті.

Осылайша, семинар тек тәрбиешілер мен меңгерушілерге арналмаған, бүлдіршіндер үшін де рухани серпіліс пен өнер алаңына айналды. Қонақтардың жүзіндегі шынайы таңданыс пен ризашылық – №31 бөбекжай-балабақшасының ұжымының кәсіби біліктілігінің айғағы болды.

Семинарға қатысқан мәртебелі қонақтардың қатарында Алатау ауданы білім бөлімінің басшысы Ақмұрзаева Қ.М, бас маман Зеитова М.С., әдістемелік бірлестік мүшелері, Алатау ауданының мектепке дейінгі ұйымдарының меңгерушілері, Алматы қалалық мәслихат депутаты Рамазан Бекбол Батыржанұлы, “Ұстаз” кәсіподағының төрағасы Байгуттинов Серікжан Қадралинов, “Игілік” республикалық жанұялық басылымының бас редакторы Меруерт Айтенова сынды елге танымал тұлғалар болды. Олар балабақша ұжымының еңбегіне жоғары баға беріп, алғыстарын білдірді.

№31 бөбекжай-балабақшасы – бүгінгі заманауи талап пен ұлттық құндылықты ұштастыра отырып, бала тәрбиесіне тың серпін беріп отырған ұжым. Мекеме басшысы Бахтиева Айнур Юсуповна – іскер басшы, жаңашыл ойлы маман. Оның біліктілігі мен көшбасшылығының арқасында балабақша ұжымы тек аудан көлемінде емес, қала деңгейінде де өз беделін айқындап үлгерді. Ұжым – ұйымшыл, тәрбиешілер – шебер, ал бүлдіршіндер – болашаққа сенімді қадам басып келе жатқан ізгілікті ұрпақ.

«Бастаушысы ақылды болса, соңынан ерген көп болар» дегендей, ұжымның бірлігі мен ынтымағы –  Бахтиева Айнур Юсуповна кәсіби білігі мен адами қасиетінің жемісі екені даусыз.

Ұлттық құндылық пен заманауи көзқарас қатар өрілген, тағылым мен тәрбиені үндестіре білген бұл семинар – өзге мекемелерге үлгі боларлық іс-шара болды. Осындай бастамалар көп болып, ұлттың рухани тірегі – дәстүр, тәрбие, тіл мен тағылым жоғалмай, ұрпақ санасында жаңғыра бергей!

BILIM AINASY
Алматы қаласынан
Ақерке Амангелдіқызы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.