Home » Жаңалықтар » Ұлттық құндылық – ұлт болмысының тірегі

Ұлттық құндылық – ұлт болмысының тірегі

Қай заманда болмасын ұлттың ұлт болып қалыптасуы, оның рухани және мәдени дүниетанымының тереңдігі – сол халықтың дәстүрі мен салтынан, тарихы мен тәрбиесінен көрінеді. Ұлт болмысының мәйегі – оның тілі мен діні ғана емес, сонымен қатар, атадан балаға жалғасып келе жатқан құндылықтарында. Осы орайда, Алматы қаласы Алатау ауданына қарасты №148 бөбекжай-балабақшасында өткен “Ұлттық құндылықтар – тәрбие көзі” атты аудандық семинар тәрбиелік мәні терең, тағылымы мол шара болды.

Аталмыш іс-шараға Алатау ауданының білім бөлімінің мамандары, мектепке дейінгі ұйымдардың меңгерушілері, тәжірибелі тәрбиешілер мен ата-аналар қатысты. Балабақша ұжымы бұл семинарды жоғары деңгейде ұйымдастырып, келген қонақтарға ұлттық тәрбиенің балабақша өміріндегі орны мен маңызын кеңінен таныта білді.
Семинар барысында ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптеген мазмұнды қойылымдар мен көріністер ұсынылды. Әсіресе “Наурыз тойы – мерекем, Салт-дәстүрім – берекем” атты театрландырылған көрініс көрермендер жүрегінен орын алды. Балалар төл тарихымызды сахна тілімен көркем жеткізе білді. Киіз үй тігіліп, алаң қазақы нақышпен безендірілді. Шара барысында ұлттық тағамдар қойылып, көрмелер ұйымдастырылды.

Балабақша тәрбиеленушілері ұлттық киіммен сахнаға шығып, қазақ халқының түрлі дәстүрлерін көрініс арқылы таныстырды. Бесікке салу, тұсау кесу, тұсау кескенде айтылатын ақ тілектер, ата-әже тәрбиесіндегі даналық сөздер – барлығы көрерменнің ерекше ықыласына бөленді. Балалардың әр қимылы мен сөзі көркемдікпен, нақышпен орындалып, олардың ұлттық дүниетанымының қалыптасуына осындай шаралардың үлкен әсері бар екенін тағы бір дәлелдеді.

Семинардың тағы бір ерекшелігі – “Ұрпақ – ұлттық ойынмен шыңдалады” атты ата-аналармен өткізілген ұлттық ойындар сайысы болды. Бұл бөлімде ата-аналар мен балалар бірге асық атып, арқан тарту, алтыбақан секілді ойын түрлеріне қатысты. Бұл ойындар балалардың ептілігі мен шапшаңдығын арттырумен қатар, оларды бірлікке, ұйымшылдыққа тәрбиелейді. Ұлттық ойын – бала санасында ұлттың жаны мен ділі туралы түсінік қалыптастыратын таптырмас құрал екені анық.

Шара барысында “Әжелер ансамблі” ұлттық әндер шырқап, жиынға ерекше шырай берді. Көпті көрген, өмірлік тәжірибесі мол әжелердің үні жүректерге жетіп, тыңдаушыларды тебірентті. Ал ақ сақалды қариямыз ұрпаққа амандық пен береке тілеп, бата берді. Бұл көрініс – ұлттық тәрбиенің алтын арқауы іспетті. Батаменен ел көгерер дегендей, баланың алғаш еститін өнегесі – үлкеннің батасы болса керек.

Семинар аясында тәрбиешілер тәжірибе алмасып, ұлттық құндылықтарды балабақша бағдарламасына енгізу, балалардың жас ерекшелігіне сай қолдану жолдарын талқылады. Келген мамандар мен қонақтар балабақша ұжымының еңбегіне жоғары баға беріп, осындай мазмұнды, мағыналы іс-шаралардың тәрбиелік мәнін ерекше атап өтті.
Қорыта айтқанда, №148 бөбекжай-балабақшасында өткен “Ұлттық құндылықтар – тәрбие көзі” атты семинар ұлттық болмысымызды ұлықтап, жас ұрпақ бойына ұлттық сана мен рухани тәрбие дәнін себуде маңызы зор екенін дәлелдеді. Ел ертеңі – бүгінгі бүлдіршін екенін ескерсек, оларды тәрбиелеуде мұндай тағылымды шаралардың орны ерекше.

Алматы қаласы
BILIM AINASY
Ақерке Амангелдіқызы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.