Home » Жаңалықтар » Қазақстанның Еңбек сіңірген ұстазы Тілеубай Сәния Өскенбайқызы атындағы олимпиаданың тұсауы кесілді

Қазақстанның Еңбек сіңірген ұстазы Тілеубай Сәния Өскенбайқызы атындағы олимпиаданың тұсауы кесілді

Әбдіманап Дана,
Алматы қаласы

Шәкірт шырағын жағатын ұстаз – ұлттың рухани тірегі, білім мен тәрбиенің шамшырағы. Мемлекет тарапынан ұстаз мәртебесін көтеруге баса назар аударылып, мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын жақсарту, кәсіби дамуына мүмкіндік жасау секілді біртоға жұмыстар жүзеге асуда. «Педагог мәртебесі туралы» Заңның қабылдануының өзі  – мұғалім еңбегін бағалаудың, оның қоғамдағы орнын айқындаудың айқын көрінісі. Бала бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, адамгершілік пен парасаттылықты ұялататын, кәсіби шебер мамандарға құрмет көрсету, озық тәжірибесін тарату – білім саласына деген құрметтің нышаны. 

Бүгін Алматы қаласының 8 мектебінде Қазақстанның Еңбек сіңірген ұстазы Тілеубай Сәния Өскенбайқызы атындағы физика пәні мұғалімдеріне арналған қалалық олимпиаданың аудандық кезеңі өтті.  Тұңғыш рет өткен аталмыш олимпиада “Баршаға қолжетімді сапалы білім” Ұлттық баяндамасының, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 28 наурыздағы № 249 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының, Қазақстан Республикасының «Педагог мәртебесі туралы»  2019 жылғы 27 желтоқсандағы №293-VІ ҚРЗ Заңының мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес өткізілді. Олимпиаданың мақсаты — педагогтердің таланты мен шығармашылық әлеуетін байқау, озық педагогикалық тәжірибені тарату, педагог мәртебесін көтеру.
Екі кезеңнен тұратын олимпиадаға Бостандық ауданы бойынша 17 ұстаз қатысып, бақ сынады.  Әдіскер-ғалым ұстаздардан құралған қазылар алқасының шешімі бойынша жоғары нәтиже көрсеткен 3 мұғалім қалалық кезеңге жолдама алды. Шара соңында барлық қатысушыға  сертификат пен сыйлықтар табыс етілді.

23 сәуір күні 140 гимназияда Қазақстанның Еңбек сіңірген ұстазы Тілеубай Сәния Өскенбайқызы атындағы физика кабинетінің ашылуы жоспарлануда, тап сол күні  олимпиаданың қалалық кезеңі де өтпек. Барша қатысушыларға сәттілік тілейміз!
Елдің ертеңі – бүгінгі жас ұрпақтың қолында десек, сол ұрпақты тәрбиелейтін, біліммен қаруландыратын ұстаздарға деген құрмет – болашаққа деген құрметпен пара-пар. Шараны ұйымдастыруға ұйытқы болған Алматы қаласы Білім басқармасы, Қалалық білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығына, Бостандық ауданы Білім бөліміне алғыс білдіреміз!

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.