Үлкендерден асықты ойнап өскен бала мерген, епті, зерек, шымыр, табанды әрі шыдамды болады деп естуші едік.

Қазақ мәдениетінде өзіндік орны бар асық ойынын балабақшамыздың бүлдіршіндері ойнағалы осы бір сөздің жаны барына көзіміз жетіп келеді. «Асығың алшысынан түссін деп» мақалдап жақсы көрген жасына «алтын асықтай шымыр бол» деп сипаттауы да тегін емесін білдік. Жас буынның жастайынан ұстамдылықпен дәлдікке үйренуі, байсалды болуға баулу, жүйке жүйесін шыңдауға тигізер пайдасын көріп келеміз…

Ұлтымыздың ерекшеліктерін, мәдениетін, рухани құндылықтарын және ұлттық сырын насихаттау мектепке дейінгі білім беру ұйымдарынан бастау алады. Себебі, баланың бойында құндылықтар ерте жастан қалыптасады. Әр баланың өз тіліне, салт-дәстүріне, мәдениетіне деген құрметі мен мақтаныш сезімін ояту маңызды. Осы тұрғыда бүлдіршіндерге ұлттық құндылықтарды үйрету – біздің негізгі міндетіміз. Оның ең ұтымды тұсы ойын арқылы бала жүрегіне жол табу.
Халқымыздың мәдени мұрасын, өнерін, салт-дәстүрін ұрпақ санасына сіңіру арқылы ұлттық мәдениетті насихаттау Астана қаласы әкімдігінің №71 «Мөлдір» балабақшасы педагогикалық ұжымының басты мақсаты.
Арада қаншама үзіліс жылдарынан кейін ұмыт болған ұлттық ойынымыз бүгінгі таңда қайтадан түлеп мемлекет қолдауына ие болуы қуантады. Асық атудан жарыстар ел біріншіліктері өтуде.
Бізде балабақша қабырғасында ұлттық ойынымыздың бұқаралық деңгейде дамуына қолдау көрсету мақсатында ұлт жанашыры ретінде тәрбиеленушілерімізді ұлттық ойынымызға баулып келеміз. Әрине осы жолда бізге үнемі қолау көрсетіп бірлесе жұмыс жасайтын ата аналарымыз барын қуана айтқым келеді. Қазақ қоржынсыз жүрмеген халық. Әр топтағы ұлттық ойын атауымен аталатын «Бескеней», «Бестемше», «Ханталапай», «Бес асық» қоржынымызда 6000 ға жуық асығымыз бар. Сақаның түрлері, кеней, жабай, көктабан, топай сынды асықтың түрлері жетерлік.

Қазақстан Республикасының білім беру жүйесінде жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтарды дамытуды көздеген қарқынды өзгерістер орын алып отыр. Жаңа стандарт негізінде дайындалған үлгілік оқу бағдарламасында мектеп жасына дейінгі балаларға ұлттық құндылықты насихаттау басты назарға алынған. Әр ұлттың өзінің ұлттық құндылықтары болады. Өзгелерге ұқсамайтын қасиеттері ерекшелендіріп тұратыны шындық. Ұлттық ойындарымыз да осының ішінде. Күні кеше ғана балабақшамызға арнайы келген Қазақстан Ұлттық телеарнасы «Таңшолпан» бағдарламасының түсіру тобы қазақи нақышта безендірілген балабақшаның әр бұрышын, асық қоржындарын көріп ризашылықтарын білдірді. Телеэкраннан мектепалды топ тәрбиешісі Аубакирова Көркем Нағматовна асықпен балаларға санауды, дыбыстарға, буындарға бөліп, дауысты- дауыссыз дыбыстарды атауды, ересектер топ тәрбиешісі Омарова Айнұр Қоңырбековна киіз басу, жүн сабау дәстүрлерін көрсетті. Бейсенова Жанбота Есімханқызы асық ойындары мен Бестемше ойынымен таңқалдырса, Сарышева Құралай Жанарбекқызы топ ішінде балалармен ұлттық ойын түрлерін көрсетті. Балаларға ән айтқызып, асықтарды аспап ретінде қолдана білген музыка жетекшісі Аманжолова Салтанат Амантаевнаның шеберлігін айта кеткенім жөн.
Ата-бабамыздан мирас болған ұлттық мәдени мұраларымызды тәрбиенің қуатты құралына айналдыру өзектілігін жойған емес. Сол себепті балабақшамызда ұлттық құндылықтарды жаңғырту арқылы балалардың шығармашылығын дамытуды мақсат етеміз.
Балаларымыздың ұлттық ойынға деген қызығушылығы өте жоғары. Сөзімізге дәлел қалалық «Бестемше» ұлттық ойынынан тәрбиеленушіміз Серікбай Дархан жүлделі I орынға ие болды.
Баланың қоршаған ортаға, өз тегіне, ұлтына деген оң қарым-қатынасы оның осы әлемді қабылдауымен тікелей байланысты.

Сондықтан ұмыт болған ұлттық мұраларды жаңғыртып, ұлттық сананы қалыптастыру маңызды. Қорыта келгенде, тәуелсіз елдің дамуы мен бірлігі ұлттық тәрбие мен рухани құндылықтарды сақтауға байланысты қалыптасады. Жалпы алғанда, балабақша тәрбиешілерінің педагогикалық еңбегі Отанды, халқымызды және отбасын құрметтейтін шығармашыл, талантты ұрпақ тәрбиелеуге бағытталуда. Ұлттық құндылықтарды қалыптастыру жұмыстарының ауқымы кең, мақалама арқау болған ұлттық ойынымызды әлі де жетілдіріліп, озық тәжірибеге айналады деген сенімдемін.
Жусипалиева Жанар Абаевна,
Астана қаласы әкімдігі
№71 « Мөлдір» балабақшасының меңгерушісі