Home » Жаңалықтар » “Кел, шырқайық!” – Ұлттық рухты ұлықтаған сайыс

“Кел, шырқайық!” – Ұлттық рухты ұлықтаған сайыс

Біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында  Астана қаласы, № 61 “Шолпан” бөбекжай-балабақшасында ата-аналар арасында “Кел, шырқайық!” атты байқауы жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Байқаудың басты мақсаты – ата-бабаларымыздан аманат болып жеткен халық әндерін жаңғыртып, ұмытыла бастаған ұлттық тағамдарымызды насихаттау, жас ұрпақтың бойына ұлттық рух пен салт-дәстүрге деген сүйіспеншілік дарыту болды.

Іс-шараны кезінде сөз кезегін балабақша меңгерушісі Ахмет Әйгерім Серікқызы алып, өзінің алғы сөзімен бастады.

Сайыс екі бөлімнен тұрды. Бірінші бөлімде ата-аналар өз өнерлерін ортаға салып, халық әндерін нақышына келтіре орындаса, екінші бөлімде – ұмыт бола бастаған ұлттық тағамдарды дайындап, көпшілікке таныстырды. Бұл тек жарыс қана емес, ұлт рухын, салтымызды, ас мәзірімізді жаңғыртқан тағылымды басқосу болды.

Сайысқа 5 топ қатысты. Әрқайсысы өз өнерлерін көрсетіп қана қоймай, қазақтың асыл қазынасын – дәстүрлі ән мен ұлттық тағамды ұрпақ санасына сіңіруге сеп болды.

“Үкілім” тобы
Өнер бөлімінде “Күміс құман-ай” атты халық әнін әуелете орындаған “Үкілім” тобы көрермен көңілінен шықты. Әуенмен қатар, ұмыт болып бара жатқан ас мәзірін де жаңғыртып, әсіп, қымыз, және бауырсақ әзірлеп алып келді. Әсіресе, дәмі тіл үйірер әсіп пен бабалар сусыны – қымыз көрмеге сән берді.

“Қамажай” тобы
Аттас халық әнімен сахна төріне шыққан бұл топ ұлттық нақышты саз бен тағамда да үйлестіре білді. Олар да әсіп тағамын таныстырып, оның құрамына сиырдың бауырын, өкпесін, жүрегін, тартылған ет пен күрішті, дәмдеуіштермен араластырып, ішекке салып пісіру арқылы әзірленетінін түсіндіріп берді. Бұл тағамның дәмі ғана емес, шипасы да мол екенін атап өтті.

“Елім-ай” тобы
“Арыстың жағасында” әнін шебер орындаған бұл топ көрерменнің қошеметіне бөленді. Олар ұсынған тағам – бүрме. Бұл – жылқы етінен жасалатын, майы мен сөліне бұқтырылып пісірілетін тағам. Ел ішінде бөртпе, көмбе, қарын бүрме деген аттармен де танымал. Сонымен қатар, бабаларымыздың сүйікті сусыны – айранды да назарға ұсынды.

“Шоқжұлдыз” тобы
“Дедім-ай, ау” әні арқылы ән әлеміне сапар шеккен бұл топ тағам жағынан да ерекше көзге түсті. Ұсынған дәмдері – құрткөже мен майсөк. Әсіресе, майсөк – тарыны қайнатып, кептіріп, сары май, тұз, қант қосып жасалатын ерекше дәм. Бұл тағамның дайындалу жолы көрермендерді қызықтырып, ұлттық асхананың байлығына тағы бір мәрте көз жеткізді.

“Тұмар” тобы
Шәмші Қалдаяқовтың әндерінен құралған поппуримен сахнаны жандандырып, көрермен жүрегін баурап алған бұл топ әсіп, табанан, және бауырсақ секілді тағамдарды әзірлеп әкелді. Әсіресе, табанан – сирек дайындалатын ұлттық тағамдардың бірі ретінде сайыстың шоқтығын биіктетті.

Бұл шара – жай ғана сайыс емес, ұлттық сана мен рухты көтерген мереке болды. Қазақтың әні мен дәмін дәріптеген ата-аналарға алғыс білдіре отырып, осындай игі бастамалар жиі өткізіліп тұрса деген тілек қалды. Өйткені ұлт болмысын ұрпақ санасына сіңіру – бүгінгі ұрпақтың қасиетті борышы.

Іс-шара өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Ұмыт бола бастаған ұлттық тағамдарды дайындап, көпшілікпен бөліскендеріңіз – үлкен құрметке лайықты іс. Осындай игі бастамаға атсалысқан тәрбиеленушілердің ата-аналарына, іс-шараны ұйымдастырған балабақша меңгерушісі Ахмет Әйгерім Серікқызына, инновация әдіскері Кульджанова Галия Батқоллақызы, музыка жетекшісі:Смагулова Гульдана Аскаровна,қазақ тілі мамандары: Жунусова Гульден Жайсановна, Боранбаева Акерке Мухамедовнаға және барлық қызметкерлерге шынайы алғысымызды білдіреміз! Еңбектеріңізге шығармашылық шабыт, жұмыстарыңызға толағай табыс тілейміз!

Астана қаласы
BILIM AINASY
Елназ Тұрсынғалиқызы

One comment

  1. Керемет өтіпті

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.