Игі қасиеттерді бойына тоғыта білген жан ұстаз деген биік лауазымға ие. Тынымсыз еңбек пен балаға деген сүйіспеншілікте өз ісін шексіз сүйетін саналы ғұмырын ұрпақ жолына арнаған асыл жандарға ғана бұйырған…. Бала жүрегінде сағынышқа толы тұлға болып қалатын «бақыт» осы жандарға тиесілі…
Қоғам үшін еңбек етіп жүрген жандардың қадір қасиетін жете танып, ой-өрісін ұғынып, нәзік мейірімін бағалай білу бұйырған тағы бір тамаша күнім өтті…
Астана қаласы әкімдігінің №89 « Қыз жібек» балабақшасы педагогикалық ұжымының еңбегі жүрегімнен ерекше бір құрметпен орын алды. Кісілік келбет, үлгі –өнеге, білім-тәрбие, береке –бірлік, ізгілік нұры осы жандарда екен.
10 сәуір аталмыш білім ордасында «Ерекше білім беруді қажет ететін балалармен жүргізілетін түзету жұмыстарында инновациялық технологияларды қолданудың әдіс-тәсілдері» тақырыбында қалалық семинар өтті. Балалармен жүргізілетін түзету жұмыстарында инновациялық технологияларды қолдану арқылы балаларды жан-жақты, кешенді дамыту, яғни білім беру процесінде осы технологияларды тиімді қолданудың маңыздылығын көрсету, тиімділігін анықтау және оны практикалық іс-тәжірибеде бөлісуді мақсат еткен басқосу болды.

Семинардың ұтымды тұсы педагогтарға қажетті ақпараттармен ата аналарға қолдау көрсете алатын спикерлердің шақырылуы. Оған қоса Астана қаласы әкімдігі әдістемелік орталығының арнайы және инклюзивті білім беру бөлімінің әдіскері, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының арнайы логопед, дефектолог, педагог — психолог мамандары, серіктес балабақшалардың өкілдері, ата-аналар қатысты.
Семинардың алғы сөзін балабақша меңгерушісі Мукашева Жанар Изтолеуовна алып жалпы семинардағы қамтылатын тақырыптарға тоқталып, сәттілік тіледі.
Ерекше білім беруді қажет ететін балалармен жұмыс жүргізудегі арнайы мамандардың жұмысындағы тиімді әдіс-тәсілдері туралы Астана қаласы әкімдігі Әдістемелік орталығының арнайы және инклюзивті білім беру бөлімінің әдіскері Каримова Айжан Куанышбековна атап өтті.
Білім беру ұйымдарында инклюзивті білім беруді енгізудің халықаралық тәжірибесі ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Қазақстан Республикасының заңнамасында адам құқықтары саласындағы негіз қалаушы халықаралық құжаттарға сәйкес елдің барлық балалары үшін білім алуға тең құқықтар қағидаты көзделеді. Балалардың білім алу құқығының кепілдіктері Қазақстан Республикасының Конституциясында және «Бала құқықтары туралы», «Білім туралы», «Кемтар балаларды әлеуметтік және медициналық педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы», «Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы», «Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы» Заңдарында бекітілген.
“Инклюзив” сөзі латын тілінен аударғанда — «өзімді қосқанда», ал ағылшын тілінен аударғанда «араластырамын» деген мағынаны білдіреді. Инклюзивті білім берудің мақсаты: ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларға қалыпты балалармен бірге білім беру. Инклюзивті білім беру –ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларды оқытып-үйретудің бір формасы. Инклюзивті оқыту – барлық балаларға мектепке дейінгі оқу ұйымдарында, ұйым өміріне белсене қатысуға мүмкіндік береді. Инклюзивті оқыту – балалардың тең құқығын анықтайды және ұжым іс-әрекетіне қатысуға мүмкіндік береді. Инклюзивті оқыту – адамдармен қарым-қатынасына қажетті қабілеттілікті дамытуға мүмкіндік беретіндігіне тоқталды.
Спикер, «Mama PRO» қоғамдық қордың негізін қалаушы Тикеева Асия Кабдуллаевна «Ерекше қажеттіліктері бар ата-аналар мен балалардың өмір сүру сапасын жақсару» туралы педагогтар мен ата-аналарға ақыл-кеңесін айта отырып өз ойымен бөлісті.
Келесі кезекте М.Жұмабаев халықаралық жоғары колледжі, директордың оқу-өндірістік ісі жөніндегі орынбасары, педагогика ғылымдарының магистрі Сыздыкова Лазат Таспергеновна «Интерактивті технологиялар мен ойын арқылы балалардың түзету жұмысын тиімді ұйымдастыру» тақырыбында түсіндірді. Тақырыптың өзектілігі: Балалардың танымдық және әлеуметтік дағдыларын дамыту үшін жаңа технологиялар қолдану. Түзету жұмысының мақсаты — баланың дамуына қолдау көрсету. Бұл үшін дамыту, түзету және алдын алу міндеттері шешіледі. Интерактивті технологиялар — балалардың белсенділігін арттыратын, олардың оқу процесіне қатысуын қамтамасыз ететін құралдар.
- Интерактивті тақталар
- Оқу және түзету бағдарламалары
- Мобильді қосымшалар
- Виртуалды оқыту платформалары
Ерекше білім беруді қажет ететін балалармен жұмыс істегенде түзету әдістері мен технологиялар маңызды рөл атқарады. Интерактивті технологиялар мен ойын әдістері — бұл балалардың дамуында тиімді құралдар екендігін түсіндіріп өтті.
Сөз кезегін Астана қаласы әкімдігінің ШЖҚ «Қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығы» МКК психологі Куатова Молдир Қайратовна алып «Ерекше білім беруді қажет ететін балалармен жұмыс барысында педагог мамандар үшін эмоционалды интеллекттің маңыздылығы» туралы
жете түсіндірді. Қаншама қажетті ақпараттармен қоса педагогтың өзін қалай ұстауы, ата аналармен дұрыс қарым –қатынас орнату, үнемі ізденісте болу жайлы тамаша айтты. Ойын еркін әрі нақты жеткізе білген маманнан семинар қатысушылары өз керегін алды.
Астана қаласы №2 ПМПК педагог-психологі Шайзада Анаргүл «Мінез –құлқы қиын баланы психологиялық –педагогикалық сүйемелдеу» тақырыбында педагог-мамандармен, ата аналар қатысқан шебер сынып ұйымдастырды.
Мінез-құлқы қиын балалар – тәртіп ережелерін жиі бұзатын, агрессия немесе тұйықтық көрсететін балалар. Бұл балалардың ерекшеліктерін түсіну және оларға дұрыс көмек көрсету – біздің міндетіміз. Мектепке дейінгі кезең – мінез-құлықты қалыптастырудың негізі қаланатын маңызды кезең. Бұл кезеңде балалардың әлеуметтік және эмоциялық дамуына көңіл бөлу қажет.
Жиі жылау, айқайлау – баланың ішкі күйзелісін білдіруі мүмкін. Басқа балаларға қол көтеру – агрессияның белгісі. Үлкендердің айтқанына бағынбау – өз қалауын білдіру әрекеті. Жабықтық, өз-өзімен болу – әлеуметтік қиындықтардың көрінісі. Бұл көріністерді байқағанда, себебін анықтау маңызды. Отбасылық қатынастардың тұрақсыздығы, ата-ананың ажырасуы немесе жанжалдар баланың эмоциялық жағдайына әсер етеді. Эмоциялық немқұрайлық баланың сезімдеріне көңіл бөлмеу. Гиперқамқорлық немесе шектен тыс еркіндік тәртіптің болмауына әкеледі. Неврологиялық ерекшеліктер баланың мінез-құлқына әсер етуі мүмкін екендігін айтты.
Семинардың екінші практикалық бөлімінде «Айналайын» мектепалды түзету орыс тобының тәрбиешісі Исабаева Айжан Дюсенбаевна мен дефектолог-мұғалімі Куатова Айнур Есильбаевнаның ұйымдастыруымен
«Ертегілер еліне саяхат» атты ойын іс-әрекеті көрсетілді.
Танымдық белсенділікті, ойлау процесінің мақсаттылығын, театрландырылған ойын арқылы балаларды жан-жақты және үйлесімді дамыту. Балалардың жабайы және үй жануарларының өмірі туралы білімдерін бекіту, балаларды таныс ертегіні драмалауға үйрету. Байланыстырып сөйлеу мәнерін, сөздікті қорын кеңейту және белсендіру, психикалық процестерді, шығармашылық қабілеттерді дамытуды мақсат еткен іс-әрекет барасында тәрбиеші мен маманның бірлесе жасаған нәтижелі жұмысын көрдік. Шәкірттерінің белсенділігі, тамаша көңіл күйде өз рөлдерін беріле орындауы отырған жұртты сүйсіндірді.

«Мектепке дейінгі ұйымында ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды сүйемелдеу», «Бағдарламадағы АВА-терапияның баланы сүйемелдеудегі әдіс-тәсілдері» туралы педагог-психолог Ермахан Динара Ерланқызы АВА-терапияның теориялық және практикалық жұмыстарын іс-тәжірибеде қалай қолдану қажеттіліктерін түсіндіріп өтті.
Педагог-ассистенттің қызметін ұйымдастыру — инклюзивті білім беру процесінің жалпы құрылымындағы ажырамас құрамдас бөлігі.
Педагог-ассистенттің негізгі қызметтік міндеті — оқу процесінде баланы қолдау, оған оқу бағдарламасын меңгеруде көмектесу.
Педагог-ассистенттің ерекше білім беруді қажет ететін баланы қолдауы педагогикалық практикада жеке бағдарланған, тұлғалық-бағдарланған тәсілдерді жүзеге асыру үшін кең мүмкіндіктер береді.
АВА терапиясы-бұл мінез-құлық технологиялары мен оқыту әдістеріне негізделген қарқынды оқыту бағдарламасы. ABA терапияның мақсаты — баланың қоршаған әлемді өз бетінше дамыту дағдылары мен құралдарын қалыптастыру. Осы мақсатта жұмыс жүргізіп жатқан
педагог-ассистент Таппен Индира Бауыржанқызы мен педагог-ассистент Мыркиева Арай Жаналыковнаның еңбектерін ерекше атап өтуге болады.
Балалармен айлап жасалып жатқан жұмыстың нәтижесін көргенде өз ісіне берілген мамандарға қатысушылар ризашылығын білдірді.
Мюзикл бағытындағы «Аю мен маса» ертегісін сахналаған «Сәулем-ай» мектепалды топ тәрбиеленушілерінің шеберлігін сөзбен айта алмаймыз. Залда тұрып шәкірттерін демеп тұратын тәрбиеші көрмедік…
Балалардың ешбір жаңылмай анық сөйлеуі, образға беріліп ертегіні сомдауы тәрбиеші деңгейінің қаншалықты жоғары екенін көрсетті. Еркіндік, тіл тазалығы, қойылым жайлы жете түсіндіру жұмыстарының жүргізілгені көрініп тұрды. Талай байқаулардан жүлделі орын алып жүрген топтың шеберлігі шын сүйсіндірді. Өнерлі балапандарға «Қанаттарың талмасын» дейміз. Ал тәрбиешілер Досмаганбетова Асемгуль Талгатбековна, Алдебекова Асель Кусаиновна және музыка жетекшісі Муратхан Шолпан әріптестеріне үлгі болар өз ісінің шеберлері.
Келесі шебер сыныпта «Визуалды және аудиовизуалды ақпараттың логопедиялық маңызы» туралы логопед-мұғалім Сакиева Нагима Рызабаевна сөз алды.
Визуалды және аудиовизуалды техника арқылы сөйлеу тілі дамуының тежелуі бар балалардың сөздік қорын дамытуда қолданылатын инновациялық техника түрі. Визуалды және аудиовизуалды техника арқылы баланың атаулық сөздік қорын кеңейтуге, дыбыстау,тыңдау, сөйлеу интонацияларын дұрыс қабылдау дағдысын, байланыстырып сөйлеу тілін дамытуға өте тиімді әдіс екенін көрсетті.

Семинар жалғасып тауып «Ерекше балалармен жұмыстанудағы нейропсихологиялық тәсіл» тақырыбында балабақша педагог-психологы Исмагулова Айым Тлегдемовна әріптестеріне өз іс-тәжірибесінен шебер сынып көрсетті.
Нейропсихологиялық әдіс балабақша психологына ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен олардың когнитивті, эмоционалдық және әлеуметтік функцияларын дамыта отырып, тиімді жұмыс істеуге көмектеседі. Бұл әдіс әрбір баланың ерекшеліктерін ескере отырып, оның үйлесімді дамуына жағдай жасайды. Мидың екі жарты шарға бөлінгенін бәріміз білеміз; ми жұмысының сапасы осы жарты шарлардың тиімді жұмысымен байланысты. Нақты жаттығуларды қолдана отырып, балада интергемисфералық байланыстарды қалай жақсартуға болатыны туралы айтты. Негізгі принцип — жарты шараралық байланыстарды дамытуға бағытталған барлық нейрожаттығулар екі қолдың бір мезгілде жұмысы болып табылады. Оң қол бір нәрсені жасайды, сол қол да бір уақытта қатысады. Баланың миы белсенді ойын арқылы дамитынын есте сақтау керек. Балаңыздың интеллектін дамытуды армандайтын болсаңыз, оны үстелге отырғызуға асықпай тепе-теңдік тақтасында тұруға, жүйелі түрде нейроойындар өткізуге, екі қолмен сурет салуға, мүсіндеуге және доп ойнауға шақыру керектігін атап өтті.
Үш сағатқа жуықтаған семинар спикерлері, арнайы мамандар, алған әсерлерімен бөлісіп, балабақша ұжымына, семинарды ұйымдастырған педагогтарға алғыстарын білдірді. Ата-аналар кері байланыс жасап көздеріне жас алып баласы үшін мойнына екі есе жауапкершілік жүгін алған білімді де білікті мамандардың арқасында балаларындағы оң өзгерістерді көргенін жеткізді. Әр оң қадамы ең бақыты күні саналатын осындай балалардың ата-аналарынан алғыс есту еңбектің текке кетпегені…
Оған дәлел әріптестерінің бұл күнгі әр ізденісін бағалай білген жылы лебіздер болды. Балабақша меңгерушісі Мукашева Жанар Изтолеуовна, әдіскер Кожабергенова Кульпан Батыргалиевнаның білім беру жолындағы күрделі міндеттерін сүрінбей атқара алатын рухани бай, педагогикалық дарыны терең, шығармашылық және кәсіби тәсілдерді жете меңгерген, қарым-қатынас орнатуға шебер жан жақты көшбасшы екенін айта кеткім келеді. Өз мамандығына деген адалдық ұлттық болмысқа тән қасиеттерді қатар алып жүрген ұжымның әр маманына құрметім шексіз! Жарқыраған білім ордасының қазақы ұлттық нақышта безендірілген әр бұрышы көз тартады. Келген жанға шабыт сыйлай білетін, шәкірттеріне нұр сыйлаған, аналардың жүрегіне жылу сыйлаған күндей болып күлімдеген жарық жандарға жақсылықтан басқа тілерім жоқ…
Әлия Ғалымбекқызы,
Білім айнасы
Астана қаласы