Home » Айтарым бар » Ұлттық аспаптар – ұмытылмас мұрамыз

Ұлттық аспаптар – ұмытылмас мұрамыз

Қадыр Жандос Қадырұлы
№54 “Нұр-Ай” балабақшасының
музыка жетекшісі.

Қазақ халқының төл мәдениеті мен ұлттық өнері – ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келіп, қазіргі кезге дейін аман жеткен асыл қазынаның бірі. Соның ішінде ұлттық музыкалық аспаптардың орны ерекше.

«Құлақтан кіріп, бойды алар,

Әсем ән мен тәтті күй…» — деп Абай атамыз айтпақшы, біздің ұлттық аспаптар – халқымыздың рухани әлемінің, тарихының, салт-дәстүрінің, дүниетанымының ажырамас бөлігі. Әрбір аспаптың өзіндік үні, ерекшелігі, тарихы бар. Оларды тыңдаған кезде қазақ даласының кеңдігін, көшпенділер өмірінің әуезін, халықтың жан тебіренісін сезінуге болады.

Бұл ретте қазақтың дәстүрлі музыкасын болашаққа мұра етіп жеткізуші аспаптар негізінен «ішекті», «үрмелі», «ұрмалы» деген үш топқа бөлінеді. Атап айтқанда, оның ішінде ішекті аспаптар мыналар:

Домбыра – ең кең тараған ұлттық аспап. Ол екі немесе үш ішекті болып келеді. Осы бір құдыретті құндылық арқылы халықтың қуаныш-мұңы, қатпар-қатпар тарихы төкпе және шертпе күй болып төгіледі. Ал ол күйлер әлі күнге дейін жеке орындауда да, ансамбль сүйемелдеуімен де әсерлі орындалып келеді.

Қобыз – қыл ішекті, ысқышпен ойналатын көне аспаптардың бірі. Қойылар құлық, тыңдар құлақ болса, оның қоңыр үні бізге халықтың терең философиялық ой-толғамдары мен тылсым сырларын жеткізеді. Ел аңызында қобызды алғаш Қорқыт ата жасаған деп айтылады.

Шертер – домбыраға ұқсас, бірақ көлемі кіші, шанағы кең және ішегі қой ішегінен жасалған аспап. Ол негізінен халық әндері мен күйлерін орындау үшін пайдаланылған.

Жетігенқазақ халқының көп ішекті шертпелі аспабы. Жалпы тұрқы ұзынша, жәшік тектес етіп жасалады. Ол – басқасына қарағанда, жасалуы да, ойналу әдіс-тәсілі де өте күрделі аспап. Ертеректе ел арасында сақталған көне жетігеннің ішегі жылқының қылынан жасалып, тиектің орнына асықтар пайдаланылған. Аспаптың құлақ күйі осы асықтарды әрлі-берлі жылжыту арқылы келтірілген.

Ендіүрмелі аспаптарға келсек, олар былай жіктеледі:

Сыбызғы – қазақтың көне үрмелі аспабы. Ол қамыстан, қурайдан немесе металдан жасалады. Әуезді үні табиғаттың түрлі дыбысын еске салатын сыбызғымыз көшпенділер өмірінің бір бөлшегі іспеттес.

Желбуаз – қойдың немесе ешкінің терісінен жасалатын үрмелі аспап. Ол ежелден-ақ мерекелер мен ойын-сауықтарда қолданылған.

Сазсырнай ысқырып ойналатын флейталар тобына жатады. Кейбір сазсырнайдың ысқырғыш тетігі болмайды. Оған қазақ халқының сазсырнайы мысал. Оның дыбыс диапазоны терция, кейде октаваға дейін барады.

Үскірік – шағын үрмелі аспап. Көбіне балалардың ойынына немесе аңшылардың ысқырығына арналған.

Тастауықсазсырнай және үскірік сияқты қазақтың ертеден келе жатқан үрлемелі музыка аспабы. Тастан немесе ақ бордан істеледі. Түрі тауыққа ұқсайды, сондықтан тастауық деп аталып кеткен. Тас пен ақборға жылқының қылын немесе жүн қосқан. Ол тастауықтың сынбайтын мықты және дыбыстың жақсы шығуы үшін керек болған. Тастауықтың көлемі үлкен кісінің жұдырығындай, үш-төрт ойығы болады. Онымен көбіне балалар мен малшылар жеңіл халық әндерін ойнап, түрлі құстар мен аңдардың дауысын салған. Тембрі жұмсақ шығады.

Ал ұрмалы аспаптарға өзімізге белгілі дауылпаз, асатаяқ, қоңырау жатады. Оларды да жіктеп жеткізсек:

Дауылпаз – қазақтың әскери музыкасы мен түрлі рәсімдерінде қолданылған ұрмалы аспап. Ол терімен қапталған ағаш шеңберден тұрады және таяқшамен ұру арқылы дыбыс шығарады.

Асатаяқ – металдан немесе ағаштан жасалып, түрлі шынжырлармен, қоңыраулармен безендірілген аспап. Ол көбіне-көп бақсылардың рәсімдерінде қолданылған.

Қоңырау – металл немесе ағаш қоңыраулардан тұратын, мерекелік және діни шараларда пайдаланылған аспап.

Даңғыра – қазақтың көне ұрмалы-сылдырмақты, қатты дыбысты музыкалық аспабы. Бұл бір жағы терімен қапталған, ішкі жағынан темір алқалар, сақиналар мен сылдырмақтар ілінген дөңгелек шығыршық.

Ерекше еске сала кетер жайт, қазақтың ұлттық аспаптарын тек музыка өнерін паш ету құралы ғана емес, сонымен қатар халықтың өмір салтының бір бөлігі деп таныған дұрыс. Жалпы, көптеген аспап белгілі бір тарихи оқиғалармен, өр тұлғалардың өмір-өнегесімен тікелей байланысты. Мысалы, қобыз аспабы десе, еске бірден Қорқыт атаның есімі түсетіні сияқты, домбыра да ұлы күйшілер Құрманғазы, Дина, Тәттімбет шығармашылығының ажырамас бөлігі болған.

Ұлттық аспаптар халықтың әдет-ғұрыпында да маңызды рөл атқарған. Белгілі ақын Қадыр Мырзалиев «Қазақ – нағыз қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген әйгілі өлеңін бекер шығарған жоқ.

Бүгінде ұлттық аспаптар – қазақ музыка өнерінің негізі. Қазіргі заманғы оркестрлер мен ансамбльдерде дәстүрлі музыкалық аспаптарымыз үлкен маңызға ие. Сондықтан елімізде ұлттық музыкаға деген қызығушылық артып, жастар арасында дәстүрлі аспаптарға деген сұраныс күшейіп келеді. Өйткені қазақтың ұлттық музыкалық аспаптары – ел-жұртымыздың тарихын, мәдениетін, рухани байлығын әспеттейтін баға жетпес мұра. Олардың әрқайсысы қайталанбас дыбысымен, ежелден атқаратын өзіндік қызметімен ерекшеленеді. Сол себепті халқымыз бұл аспаптарды ғасырлар бойы сақтап, өз заманына сай дамытып келеді. Демек, ұлттық аспаптарды насихаттау, оларды қолдану әдіс-тәсілдерін жастарға үйрету, осылайша ұлттық мәдениетімізді ұрпақтан ұрпаққа жеткізу – біз үшін басты міндеттердің бірі. Осы үрдісті басшылыққа алған музыка пәнінің мұғалімдері балалардың түрлі аспапта ойнау шеберлігін арттырса, балабақша тәрбиешілерінің өзі кішкентай бүлдіршіндерге ұлттық ән-күй өнері туралы ұғым-түсініктерін қалыптастыру сабағына әр күнін арнап отыр.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.