Home » Білім және тарих » Функционалдық сауаттылықты STEM арқылы дамыту: тәжірибе және инновация

Функционалдық сауаттылықты STEM арқылы дамыту: тәжірибе және инновация

Қазіргі білім беру жүйесінде білім алушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Қазақстандық білім беру реформалары білім алушылардың алған білімін өмірде тиімді қолдана алуын қамтамасыз етуге бағытталған. Осы мақсатта STEM (Science, Technology, Engineering, Mathematics) білім беру әдісі функционалдық сауаттылықты дамытудың тиімді құралы ретінде қарастырылады.

2025 жылғы 12 ақпанда Алматы қаласы Наурызбай ауданы «№208 мектеп-гимназия» базасында өткен аудандық семинар осы тақырыпқа арналды. STEM – бұл ғылым, технология, инженерия және математика бағыттарын біріктіретін білім беру әдісі. Оның басты мақсаты – білім алушыларды сыни ойлауға, талдау жасауға, проблемаларды шешуге және инновациялық шешімдер ұсынуға үйрету. Бұл тәсіл білім алушыларға нақты өмірдегі құбылыстарды түсінуге, әртүрлі салаларда білімін қолдануға мүмкіндік береді.

Наурызбай аудандық білім бөлімінің басшысы Кусаинова Салтанат Амангелдіқызы семинардың ашылуында сөз сөйлеп, функционалдық сауаттылықты дамыту қазіргі білім беру жүйесіндегі басты басымдықтардың бірі екенін ерекше атап өтті. Ол функционалдық сауаттылықтың тек теориялық біліммен шектелмей, оны өмірде тиімді қолдана білу қабілетімен тығыз байланысты екенін баса айтты. Білім бөлімінің басшысы өз сөзінде ХХІ ғасырдың білім алушыларына қойылатын негізгі талаптар өзгеріп келе жатқанын атап өтті. Қазіргі қоғамда табысты болу үшін білім алушылардың тек пәндік білімді игеруі жеткіліксіз. Олар алған білімдерін нақты өмірлік жағдайларда қолдана білуі, ақпаратты талдап, сараптай алуы, шығармашылық ойлау дағдыларын дамыта отырып, заманауи технологияларды тиімді пайдалануы қажет.Сөз соңында семинарға қатысушы пеагогтер мен ұйымдастырушыларға сәттілік тілеп, бұл шараның тәжірибе алмасу мен жаңа білім алу алаңына айналатынына сенім білдірді.

Семинар барысында STEM білім беру тәсілдерін қолдану арқылы функционалдық сауаттылықты дамытудың жолдары қарастырылды. Бағдарламаға сәйкес, семинарда ашық сабақтар, тәжірибелік бөлімдер, баяндамалар және қорытынды талқылаулар өткізілді. Семинардың басты мақсаты –  ең әуелі педагогтер арасындағы тәжірибе алмасу және  мектеп-гимназияда 2024-2025 оқу жылында қолға алынған «Математика пәнін оқытуда бастауыш және негізгі орта білім деңгейлері арасындағы сабақтастық» тақырбындағы жобамен танысу болды.

Семинардың маңызды бөлігі – ашық сабақтар (шеберлік сыныбы) мен тәжірибелік алаң болды. Педагогтер өз сабақтарында функционалдық сауаттылық пен мектеп-гимназия миссиясына сәйкес ұлттық құндылықтарды сабақ барысында жүйелі жолға қойылғандығын көрсете білді. Ашық сабақ барысында функционалдық сауаттылыққа жетелейтін нақты тапсырмалар көрініс тауып, ұлттық құндылық та сабақтың өн бойында жүйелі жүзеге асты. Сабақ барысында мәтінмен жұмыс түрлері, сергіту сәті, түрлі платформалар және әр тапсырманың сауатты бағалануы ерекше көзге түсті.  Білім алушылар физикалық құбылыстарды зерттеу үшін тәжірибелер жасады. Балалар сабақта өздерінің тұжырымдарын ұсынып, нәтижелерін талдады. Бұл білім алушылардың зерттеушілік қабілеттерін дамытуға ықпал етті.

Тәжірибелік бөлімде қатысушылар нақты тапсырмаларды орындау арқылы білім берудің артықшылықтарын бағалады. Әбдіманап Жомарт Нұрланұлы және Каюпова Кырмызы Алиевна жүргізген іс-шаралар STEM тәсілінің білім алушылардың белсенділігін арттыратынын және олардың функционалдық сауаттылығын дамытуға көмектесетінін көрсетті. Семинар аясында «Функционалдық сауаттылық және STEM» тақырыбында баяндама оқылды. Бұл бөлімде STEM тәсілдерінің функционалдық сауаттылықты дамытудағы рөлі талқыланды. STEM-нің ерекшелігі – пәндерді оқшауланған түрде емес, кешенді түрде оқытуында екендігі баса айтылды. Бұл білім алушылардың пәндер арасындағы байланыстарды түсінуіне және алған білімін шынайы өмірде қолдана білуіне мүмкіндік береді. Ашық сабақ (шеберлік сыныбы) бойынша математика, информатика, физика  пәндерін жүргізген Ақпаева Гүльжан, Мадигулова Шынар, Кенжебек Гүлзат,  Шынарбек Еркегүл, «Өз сабағыңа функционалды сауаттылық тапсырмасын қалай енгізуге болады?» тақырыбында өздерінің іс-тәжірибиесімен бөлісіп, практикалық мысалдар арқылы педагогтерге STEM әдістерін өз сабақтарына қалай енгізуге болатынын көрсетті.

Семинар қорытындысында қатысушылар функционалдық сауаттылық пен ұлттық құндылықтардың маңыздылығын атап өтті. Педагогтер өз сабақтарында STEM әдістерін қолдану арқылы білім алушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту жолдарын қарастырды. Сонымен қатар, кері байланыс барысында қатысушылар STEM тәсілдерін енгізудің қиындықтары мен оларды шешу жолдарын талқылап, өз кері байланыстарын жасады. Семинар соңында қызықты тәжірибе ретінде ракета ұшыру шарасы ұйымдастырылды. Бұл білім алушылар мен педагогтерге сабақта алған білімінің шынайы өмірде қалай қолданылатынын көрсетудің жарқын мысалы болды.

Қорытындылай келе функционалдық сауаттылықты дамыту – қазіргі білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі. STEM тәсілі бұл міндетті тиімді жүзеге асыруға көмектеседі. Аудандық семинар барысында педагогтер STEM әдістерін өз тәжірибелерінде қолдану жолдарын үйреніп, өзара тәжірибе алмасты. Бұл шара педагогтер мен білім алушыларға жаңа мүмкіндіктер ашып, білім беру сапасын арттыруға ықпал етеді. STEM тәсілін білім беру жүйесіне кеңінен енгізу арқылы біз білім алушылардың сыни ойлау, шығармашылық және зерттеушілік дағдыларын дамытуға жағдай жасай аламыз.

Алматы қаласы, Наурызбай ауданы
№208 мектеп-гимназия директорының
оқу ісі жөніндегі орынбасары
Нұрболат Аян Қайсарұлы  

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.