Жуырда Алматы қаласы білім басқармасына қарасты Жетісу ауданында орналасқан №176 бөбекжай-балабақшасында «Әкем, шешем және мен» атты отбасылық спорттық іс-шарасы өтті.
Сайысты балабақша тәрбиеленушілері ҚР мемлекеттік Гимнін орындаумен ашты. Қатысушылар әкесі, анасы, баласы бірігіп, отбасылық командаларға бөлініп, түрлі кезеңдер бойынша бақ сынасты.
Сайыс кезең-кезеңдерге бөлініп, қатысушылардың қызығушылығын,белсенділігін арттырды. Бірінші кезеңде жарысқа қатысушылар өздерін таныстырып өтсе, екінші кезеңде, «Тунель» деп аталатын ойында командалар қолдарына сақина ұстап, орындықтың үстімен жүріп, артқа қайтарда тунель арқылы өтуде қимыл-қозғалыс белсенділіктері артқаны сөзсіз.
Үшінші кезең «картоп отырғызу» сайысында қатысушылар қолдарына доптар салынған себет ұстап, доптарды әрбір себетке салып жинауда жылдамдықтарын,ептіліктерін көрсетті. Ал төртінші кезең «Жұптасу» деп аталды. Онда ата-аналар аяқтарына жіп байлап, бірге конусты айналса, бүлдіршіндер қолдарын ұстап, конусты айналып кері жүгіріп, әр команда бірінші болуға ынталанды.
Бесінші кезең «секіртпелер» деп аталды бірінші әкелер, содан кейін аналар аяқтарына қап киіп, сөреге дейін секіріп барып мәреге қайта оралды. Бұл жарыста да командалар дес бермеуге тырысты.
Алтыншы кезеңге «Менің үйім — менің қорғаным» деген атау қойылған. Мұнда командалар гимнастикалық таяқшалардан өз үйлерін салды. Әкесі, анасы баласы бірігіп, өз үйін салу, балаларды ерекше сезімге бөледі,балалар барынша белсенді болды.
Сайысты қос команда ұлттық ойынымыз «Арқан тарту» ойынымен аяқтады. Сайыс соңында балабақша меңгерушісі Садеп Мансурқызы сөз алып «Дені сау бала — ұлт болашағы», балабақшада спорттық іс-шараларды жоспарлы түрде өткізіп отырудағы мақсатымыз, балаларға салауатты өмір салтын насихаттау, сондай-ақ балабақшамен отбасы арасындағы ынтымақтастықты нығайта отырып, балалардың денсаулығын шыңдау, ептілік, шапшаңдық дағыларын дамыту, спортқа деген қызығушылығын арттыру,- дей келе қатысушыларға ризашылығын білдіріп, «Алғыс» хатымен марапаттады.
Өз кезегінде ата-аналар да ұйымдастырылған іс-шара көңілдерінен шыққанын айтып, ризашылықтарын жеткізді. Спорттық іс-шара соңы мерекелік концертке жалғасты.
«BILIM AINASY»,
Есен Елекен,
Алматы қаласы