Home » Жаңалықтар » «Жырларым, жылдарыммен жалғасыңдар»

«Жырларым, жылдарыммен жалғасыңдар»

Бүгін, 13 ақпан күні Алматы қаласы Наурызбай ауданындағы №208 мектеп-гимназиясында Мұқағали Мақатаевқа арналған «Жырларым, жылдарыммен жалғасыңдар» атты әдеби-сазды кеш ұйымдастырылған болатын. Бұл кештің бір ерекшелігі ақиық ақынның сөзіне жазылған әндер айтылып, өлең оқу мен ғана шектелген жоқ, театралдық қойылымдар қойылып, келген көрерменді ерекше тәнтті етті.
Мектепке кірген бойда ұлттық киімде бір топ оқушының домбырамен күй тартып отырғаны келген қонақтардың назарын аудармай қоймады. Мектеп басшылығы қонақтарға жақсы атмосфера сыйлау үшін осылай қарсы алуды ұйғарған. Оқушылардың өз қолымен жасаған қол-өнер бұйымдары да жұрт назарын аударып жатты.
Мұқағали Мақатаев өз заманында, өз ортасында қандай болды? Ол қандай ақын еді? Көптің көкейіндегі осы сұрақтарға мектептің жас мұғалімдері сомдаған қойылым барысында көрсетілді. Мұқағалидің үйінде жүріп өлең оқығаны, досы Сағынаймен арасындағы диалог, гитарамен шырқалған ән, оқылған поэзия бәрі-бәрі ақын өмірін тап басып суреттеп бергендей болды. Мұғалім-актерлердің киген киімдері, декорация Мұқағали заманына дәл үйлесімін тапқан. Қойылымда «Есіңе мені алғайсың» әні айтылғанда көрерменнің бәрі орындарынан тұрып қол соқты.
-Мен өте керемет эмоцияда тұрмын. Құдды театрда отырғандай болдық. Қойлым өте шебер көрсетілді. Ұстаздарымыз, жас мамандарымыз қандай өнерлі, жан-жақты екенін көрсетті. Жалпы, Наурызбай ауданынада мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевқа арналған кеш әрбір мектепте өтіп жатыр. Бірақ дәл мұндай кеш басқа аудандардың білім ордаларында өтті ме, жоқ па, білмеймін, ал мына кеш сөз жоқ өте жоғары деңгейде болды. Жаңа мен мектеп директоры Гүлбағда Есейханқызына осы қойылымды наурыз айының басында балалардың шығармашылық орталығында қойсақ деген ұсыныс айттым. Осы Наурызбай ауданының тұрғындарына қойылымды көрсетсек дейміз. Мұқағалиді білмейтін қазақтың баласы жоқ деп ойлаймын. Ақиық ақынның кез келген өлеңі адамға ой салатын, жүрегіне жылу табатын туындылар ғой. Жас ұстаздардың қойған қойылмдары менің көз алдыма жастық шағымды әкелгендей болды. Барлықтарыңызға алғысымды білдіремін, — деді шарада Наурызбай ауданы білім бөлімінің басшысы Салтанат Құсайынова.
Қойлымдарды қоюға мектептің жас мамандары он күн бойы дайындалған. Оның сценарийін жазып шыққан метематика пәнінің мұғалімі Жанар Арыстанова мұңды сәттерді көп көрсетпеуге тырысқандарын айтады.
-Бұл әдеби-сазды кешті өзгеше қып өткізгіміз келді. Әріптестерімізбен ақылдасып, осындай қойылым қойсақ деген идеяны ортаға тастадым. Негізі осыған дейін ұстаздар күніне орай шағын қойылым қойған болатынбыз. Сол сценарийді әрмен қарай үрдіс қылып жалғастырып, басқаша форматта жалғастыруды ойладық. Қойылымды барынша көңілді етуге тырыстық, қайғылы, мұңды сәттерді көрсеткіміз келген жоқ. Өйткені көрермен, әріптестеріміз үнемі жұмыс істеп жүрген соң, шаршап, көңілі күйлері түсіп жүреді. Сондықтан біз осындай шараға келген соң, көңіл күйлері көтерілгенін қаладық,-дейді Жанар Арыстанова.
Мұқағали рөлін сомдаған Дидар Төлеген ақынды ойнау қиынға соқпады дейді. «Мен осыған дейін Астана қаласындаға музыкалық жас көрермен театрында үш жыл жұмыс істедім. Сол уақытта Мұқағали Мақатаевтың спектаклін қойған болатынбыз. Сондықтан шығар ақиық ақынның рөлін сомдап шығу маған аса қатты қиынға соққан жоқ. Өз басым Мұқағалиді қатты жақсы көремін».
Қойылым режиссері әрі мектептегі театр үйірмесінің басшысы Мырзабек Нәсіпқанұлы қойылым өзі күткеннен жоғары деңгейде болғанын айтты. Ол бұл туындыны алып шығуда әріптесі Ақмарал Бакенованың еңбегі орасан зор екенін атап өтті.
-Жас мамандар тарапынан «осылай істесек» деген ұсыныс болды. Сосын сол бойынша бірнеше сценарий жазылды. Соның ішінен жастар өздерінің көңілдеріне жақынын таңдап алды. Сол бойынша ықшамдап, жақсы бір қойылым шығаруға тырыстық. Негізі сценарийға көп күш жұмсаған Жанар Арыстанова деген мұғалім. Жас ұстаздар қойылымды мен күткеннен жоғары деңгейде алып шықты. Өте керемет. Бір сөзден, бір әріптен қателескен жоқ,- дейді ол.
Мектеп директоры Гүлбағда Аденова қойылым барысында мұғалімдер қателікке бой алдыра ма деп алаңдағанын жасырмады.
-Баласы атқа қонса, анасы тақымын қысып отырады демекші, манадан бері қалай болар екен, мүдіріп қалмас па екен деп, уайымдап отырдым. Алайда барлығы өте керемет ойнап шықты. Мен осы әріптестеріммен мақтанамын. Мұғалімдерде өз өнерлерін көрсетсін деген оймен бүгінгі кешті ұйымдастырдық. Мектептің негізгі мақсаты — оқушыларға білім беріп, тәрбиелеу ғана емес, мектепке келген жас мамандарды да шығармашыл, өнерлі етсек дейміз. Өйткені ұстаздарды жан-жақты қылу біздің міндетіміз. Жас маман мектепке келгенде теориялық біліммен келгенімен тәжірибесі аз болады. Мұғалімдердің осындай өнерлерімен тәжірибесі толығатыны анық. Сондықтан біз Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай осындай жақсы әдеби-сазды кешті тек ұстаздармен ғана көрсетейік деп шештік. Барлықтарыңызға алғысым шексіз,- деді қойылым біткен соң пікір білдірген Гүлбағда Аденова.

«BILIM AINASY»,
Есен Елекен,
Алматы қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.