Астана қаласының Білім басқармасына қарасты №71, 61, 20, 36, 25 мектептеріне және №44 балабақшаға кіріп шықтым. Бір күнде бес мектеп басшылығымен, бір балабақша менңерушісімен жолығу, сол кісілердің тілінде сөйлесе білу оңай шаруа емес. Десе де, шұғыл түрде бірнеше мекемені қамту қажет болды. Ондағы мақсат — бұқаралық ақпарат құралы ретінде келесі жылға ынтымақтастық ұсыну, сондай-ақ жуырда бастау алатын “Оқу керек, оқу үшін жазу керек” жобасын таныстыру болды.
Бірінші болып таңғы сегізде №71 мектеп-лицейіне кірдім. Мектеп директоры Мукашева Майя Чокенқызы қарсы алды. Бір қарағанда қатал көрінгенімен әңгімелесе келе жұмысына мығым, іскер кісі екенін байқадым. Биыл аттестациядан өткен бір-екі ұстазбен сұқбаттасуды сұрадым. Орынбасары Ибраева Айгүл Аронқызымен ақылдасып, бастауыш сынып мұғалімі Ахметова Дина Пердебайқызын, математика пәні мұғалімі Игисинова Жанна Серикбайқызын, қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Айгазинова Газиза Макарқызын белгіледі. Ұстаздардың сабақтан бос уақытын белгілеп алып, сол уақытта келетін болып уағдаласып ары қарай кеттік.
Қаныш Сәтбаев атындағы №61 мектеп-лицейіне келдім. Қабылдау бөлмесіне өтіп бара жатып, “Академик Қаныш Сәтбаев МҰРАЖАЙЫ” деп жазылған есікті байқадым. Ғалымның “Әлемнің отыз алтыдан бір бөлігіне бостандық сүйген қазақ халқы ие…” деп келетін сөздері мұражайға шақырып тұрғандай елестеді.
Ернұр Ақанұлы орнында екен. Бауырымды көргенде мұражайға бас сұғатынымды біліп, іштей қуандым. Амандық саулықтан соң, ойымды оқығандай Ернұр мырза мұражайға жол бастады. Мұражай экспонаттары арқылы академик жайлы ақпаратқа қанығып, рухани серпіліп шықтым. Мектеп ішіндегі мәдени мұраның орны- мұражай жас ұрпақтың болашағына шамшырақтай жарқырап тұра береріне сеніп шықтым.
Келесі бас сұққан білім ошағы 36 мектеп болды. Күлімдеп №36 шы мектеп директоры Айнаш Молдакашқызы қарсы алды. Түскі уақыт. Балалардың бірі кетіп, бірі келіп жатыр. Ақыры келген соң қайта шығып кету қиын. Амал жоқ таяу келіп амандастым, жүре сөйлесіп өзімді таныстырдым. Бірінші қабаттағы бірнеше кабинеттерді аралап шықтық. Иә №36 шы мектепте бұрын болғанмын. Бірақ бүгінгі жайы мүлдем басқаша екенін байқадым. Қуаныштары қойнына сыймай барын көрсетуге тырысқан басшының жайын, шынайылығын түсіндім. “Мұндай мектепте табаныңнан сыз, қойныңнан жел өтпейді, тек оқуға, білімге көңіл бөлсең болғаны. Сол жолда қызмет жасаймыз” дейді Айнаш ханым.
Мектептердің қай-қайсысында болмасын қайнап жатқан жұмыс пен іс-шара жеткілікті. Оны айтатын ауыз, тыңдайтын құлақ керек. Жақсыны көрмекке, оны өзгеге тарату ол да жұмыс. Редакция жұмысын таныстырамын деп шығып, ақпаратқа тойып қайттық. Аттестация жайында сөйлеген ұстаздардың сұхбатын bilimainasy.kz сайтынан көре аласыздар. Ал, редакция жұмысын насихаттауға ертең тағы шығатын болдық. Ұстаздармен ақылдаса жүріп 500 000 теңге кімге бұйыратынын анықтаймыз деп ойлаймын.
Астана
BILIM AINASY
Қуантай Амантайұлы