«Халық тарихы мен оның дәстүрлі мәдениетін білу әр адамды шабыттандырады. Ақылды, мінезді етеді» дегендей ұлттық бояуы бар әр дүние жанға жақын, құлаққа жағымды естіледі.
Қысқа уақыт ішінде ұлттық ойыны «Бестемшенің» жаңа түрі «Алаңдағы бестемше» ойынымен әлемдік деңгейде танылған Астана қаласындағы №5 «Ақбота» балабақшасының бүгінде орны бөлек. Республика көлемінде ұлттық ойынды ұлықтап жүрген жетекші балабақшада өтетін шараға шақырту алу жаңа бастамаға куә болу деген сөз …
Дүбірлі тойдың «Ақботаның» ақ төрінде өтуі жұдырықтай жұмылған ұжымға білдірілген сенім деп түсіндік.
Сонымен қазан айының соңғы берекелі бейсенбі күні қалалық «Бестемше» ұлттық ойынынан «Зияткер педагог» жарысына жиналдық. Астана қаласы әкімдігінің мемлекеттік 60 балабақшасының үкілеген үміткерлері тоғысты. Ұлттық ойынның балабақша қабырғасында дамуы, республика бойынша алғаш рет тәрбиешілер арасында үлкен деңгейде сайыстың ұйымдастырылуы мемлекеттік балабақша тәрбиешілерінің 90 пайызы ұлттық ойынды ойнай алатындығы тамсанарлық дүние.
Негізі балалық мекен балабақша — ұрпағымызды жан-жақты үйлесімді дамыған тұлға етіп тәрбиелеудің жолын білетін білім ошағы. Ұлттық құндылықтарды білген ұрпақтың ұлағатты боларын түсіндіретін алғашқы білім ордасы. Қадір-қасиет, ар-намыс, адалдық, патриотизм, жауапкершілік, әдептілік, мейірімділік, сүйіспеншілік, үлкенге ізет, кішіге құрмет сияқты қасиеттерді бойына сіңіріп шығармашыл ұл мен қызды тәрбиелейтін киелі мекен. Ұлттық ойындарды дәріптей отырып, бала бойына өз ұлтына деген сүйіспеншілікті құя білетін, дене бітімімен ой өрісін қатар дамытатын өз-өзін тәрбиелеуге жетелейтін жетекші мекеме. Баласы үшін деп келіп, қазақтың ұлттық ойындарын ойнап, салт-дәстүрімен сусындап, ұлттық киімді үстінен тастамай жүретіндей әке мен анаға үлгі болған орта. Ата мен әже мектебін жалғап ұлттық өнерді, ұмыт болған ауыз әдебиетін қайта жаңғыртуға үлес қоса білген де балабақша. «Біртұтас тәрбие бағдарламасын» негізінде ұлттық болмысты қалыптастыру жолында елеулі үлес қоса білген жылы ұя.
Ұлттық ойыннан өткен сайыстың тәрбиешілер арасынан басталуы да биылғы жылдың жағымды жаңалығы болды.
Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» МКҚК атынан басшысының орынбасары Байтасов Дидар Дулатович пен орталық әдіскері Боранбаева Майра Сарсенхановна сайыстың өтуіне ұйытқы болса, Астана қаласы тоғызқұмалақ спорты федерациясының вице президенті Шотаев Мақсат Есенбекұлы федерация төрешілері Ләззат Отарбаева, Құндыз Есіркеп, Әуелбай Ерсұлтан төрелік жасады. ҚР Оқу-ағарту министрлігі «Балаларды ерте дамыту институты» РММ Мектепке дейінгі білім беру мазмұны зертханасының меңгерушісі Мукушева Гульнара Омарбековна, аға сарапшы Абдульдинова Айзель Алибековна тәрбиешілерге сәттілік тілеп жарыстың арнайы қонағы ретінде қатысып жанкүйер болды.
Сайыс басталғанға дейін аталмыш мекеме басшының орынбасары Дидар Дулатович балабақша меңгерушісі Жолбарысова Мөлдір Айткалиевнамен балабақшадағы әртүрлі мамандықтарға арналып жабдықталған кабинетпен ұлттық нақышта безендірілген балаларды дамытуға арналған бөлмені, қазақ тілі кабинетін көріп шықты. Бала дамуына, қызығушылын арттырып, қабілетін ашуға барлық жағдай жасалған балабақшаның әр бұрышы көз тартарлықтай тиімді пайдаланылған. Жүйелі жұмыс, шығармашылық ізденіс бар орта айтпасада көрініп тұрады.
Жарыс шымылдығы балабақша бүлдіршіндерінің ұлттық биімен ашылып, «Бестемше» әнұранымен жалғасты. Өнерлі бүлдіршіндердің еркіндігі мен шеберлігіне отырған жұрт сүйсінді.
Қатысушылар дорбаға салынған асықтағы нөмір бойынша жұпталып сайысқа түсті. Арнайы бағдарлама бойынша ұпайы есептелген сайыс қатысушыларына екі рет ойнауға мүмкіндік берілді. Ұпай саны, прогресс көрсеткіші, жекелей кездесу, бухгольц көрсеткіші бойынша ережеге сай есептелді. Тартысты өткен бәсекеге қатысқан педагогтарға арнайы әдістемелік орталықтың сертификаты табысталып, 5 жеңімпаз жеңіс тұғырынан көрінді. 8 тәрбиеші тоғызқұмалақ федерациясы атынан арнайы мадақтамаға ие болды.
Астана қаласы әкімдігінің № 70 «Құлыншақ», №88 «Баян сұлу» , №11 «Гауһар» балабақшаларынан келген тәрбиешілер Кенжебаева Айман Тастановна, Түркей Нұрсұлу Дайрабайқызы, Туреханова Жанар Аманжоловна, Сұлтанова Айдана Қайратқызы осындай ұлттық ойынды педагогтар арасында насихаттау тарату, тәрбиешілер қызығушылығын арттырудың таптырмас орайы деді. Әділ әрі жоғары деңгейде ұйымдастырған сайысқа оң бағаларын білдіріп әріптесері «Ақбота» балабақшасының ұжымына шексіз алғыстарын жаудырды.
Сайыс нәтижесінде ойыннан жаңылмай шеберлігімен жеңіске жеткен Астана қаласы әкімдігінің №78 «Асыл» балабақшасының тәрбиешісі Бабиева Дана Кайратовна жүлделі I орынды иеленді. II орын №25 «Таңшолпан» балабақшасының тәрбиешісі Газизова Галия Хазиуллиновнаға бұйырды. III орынға екі тәрбиеші ие болды. Олар № 65 «Бал бала» балабақшасынан Дүйсенбай Аякөз Дүйсенбайқызы, №5 «Ақбота» балабақшасының тәрбиешісі Рахмет Таңшолпанға бұйырды. Оқ бойы озық көрінген №61 « Шолпан» балабақшасынан Саркытбаева Бакытгуль , №44 «Үркер» балабақшасынан Алдаберген Қадиша №67 «Шұғыла» балабақшасынан Кетебаева Ляззат, №73 «Аяулым» балабақшасынан Мартасова Ляйля, №74 «Дәурен» балабақшасынан Аманбаева Асельхан, №82 «Айару» балабақшасынан Бекеш Назым №98 «Мирас» балабақшасынан Кантарбаева Жайна Мырзабайқызы арнайы тоғызқұмалақ спорты федерациясы атынан мадақтамаға ие болды.
Қалалық сайысқа қатысушыларға арнайы сала басшылары өздерінің жылы лебізін білдіріп, жеңімпаздар әдістемелік орталықтың бағалы сыйлықтарымен марапатталды. Жеңімпаздың жолын берсін деген ырымшыл халықпыз ғой жүлдегердің кубогын «Ерен еңбегі» медалінің иегері көшпенділер ойынындағы түрік мангаласы ойыны жеңімпазы, тоғызқұмалақтан Азия чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Құндыз Есіркептің табыстауын жақсылыққа баладық. Жеңісіміз еселене түскей…
Халық ұғымының түп тамыры алдымен адам жүрегінен мықтап орын алады екен. Отанына деген махаббат игілік атаулы жойылғанымен ең соңына дейін өшпейді. Бұл күні ұлтымызға, ұлттық ойынымызға деген құрмет тағы бір көрініс тапты. Жеңімпаздарымыз алдағы күні республикалық сайыста өз бақтарын сынайды. Бұл сайыстың ең ұтымды тұсы озық ойлы «Зияткер педагог» ертеңгі елдің болашағы болар ұл-қыздарымыздың шығуына үлес қосып жүргенін ойлағанда бізге одан асқан қуаныш жоқ.
Әлия Ғалымбекқызы
Білім айнасы
Астана қаласы
Tagged with: «Зияткер педагог» жарысында Әлия Ғалымбекқызы Біз көрдік тамашаны сергіп бір бой