Home » Жаңалықтар » “Кітаптардың қатесі көп…”

“Кітаптардың қатесі көп…”

  “Оқуға ауыр?”

Кімнің кінәсі, ара жігін ажыратайық.

Бағдарлама, кітап, ұстаз. Осы үштіктің қызметін жіктеп алайық.

Ұстаз – оқыған, білімі бар, жаңашылдыққа жаны құмар, ағартушылықпен айналысатын адам.

Кітап – оқу құралы, жекелеген автор жазады немесе авторы бірнеше адам. Баспа құрастырады және шығарады. Дайын кітап Оқу-ағарту министрлігі  Республикалық ғылыми-практикалық Білім мазмұнын сараптау орталығынан өтеді. Осы жерде ол жайлы егжей-тегжейлі айттық https://bilimainasy.kz/2024-10-30-002

Сараптау орталығы – дайын кітаптарға Оқу ағарту министрлігінің бағдарламасына сай ма, сай емес пе, сауатты ма, сауатсыз ба деген мәселелер төңірегінде толыққанды сараптама жасайды. Сараптамаға әр түрлі деңгейдегі сарапшыларды тартады. Сараптама жасалған кітаптарды Оқу ағарту министрлігі арнайы тізім етіп бекітеді.

Бағдарлама – оқу жүйесін жүргізетін ереже. Толығырақ айтқанда бала бір жастан бастап он жеті жасқа дейін кезең кезеңімен менгеруге тиісті жан-жақты қарастырылған жүйе. Мектеп бағдарламасын Ы.Алтынсарин академиясы дайындайды. Оқу ағарту министрлігі бекітеді.

Осы тұста оқулыққа әр түрлі тараптар қызмет жасайтынын көріп тұрмыз. Бағдарламаны, оқулық жасайтын авторды немесе баспаны біріктіре алатын бір мекеме керек екені анық.

Бүгінгі баспалардың ұйқысын оқулықтан қате тапқан депутат Мұқаев мырза қашырды. Көбіміз «бұрын қалай байқамай жүргенбіз?» деп таңқалыстық. Біреулер тіпті «мен неге таппадым?» десіп жатты. Бізде оған елеңдеп қалдық. Осындай өліара шақта телефон шылдырлады. “Алматыкітап баспасынанмын” — дейді. “Ресми емес таңғы ас”- дейді. Ішім сезіп тұрса да ештеме түсінбегендей. “Иә, келемін” – дедім.

     Саймасаева Гаухар Айтжанқызы қарапайым, ашық жан екен. Мекемеге кіргеннен баспаның бар жай-күйін басынан аяғына дейін таныстырып, кім немен айналысатынына дейін айтып, көрсетіп бәйек болып жүр. Осы уақытқа дейін менің кө залдыма «Алматыкітап» баспасының басшысын шіренген, мойны бұралудан қалған, сөзге сараң, ежірейіп қарап, тыжырайып сөйлейтін адам деп елестететін едім. Ол елестің барлығы елес болып шықты. Ол елес күнді көріп еріген мұздай жоғалды. Баспаны, әсіресе оқулыққа қатысты баспаны шапшаңдау әрі жеңіл кісінің басқарғаны дұрыс-ақ екен деп бір түйдім ішімнен. Бір сөзбен айтқанда,  «Алматыкітап» баспасын басқаруға Саймасайова ханым сай-ақ екен.

Таныстырылым соңы дастархан басында жалғасты. Онда авторлар мен журналистер шақырылған екен.  Кездесу ашық диалог түрінде болды. Болашақтың бағыты бәске тігілгенде ешкімді ешкім аяйын деп тұрған жоқ. Басың бар, жүзің бар демейді, тіпті лауазым да, жас та рөл ойнамайды. Оқу-әдістемелік кешендердің мазмұнын, құрылымын және жазу әдістемесін жан-жақты талдап, әзірлеуде қолданылатын тәсілдерді жіктеуге тырысқан отырыс болды. Журналистердің сұрақтарына авторлар мен оқулық құрастырушылар оқу материалдары тақырыбындағы әртүрлі алып-қашпа әңгімелерге түсініктеме беріп, оқу әдебиеттерінің дайындалу үрдісімен таныстырды.  Сондай-ақ жаңа білім беру технологияларын интеграциялау тұстарынан да айналып өткен жоқ.

    «Алматыкітап» баспасы батылдық танытып,  осындай форматта кездесу ұйымдастырғанының өзі шынайы еңбекқорлықтың нық қадамы деп түсінуге болатын сияқты. Есігі ашық, қоғамға құлағы түрік. Өз кезегінде білім саласындағы өзекті мәселелерді ашық көтеруге әрі белсенді пікір алмасуға жағдай жасалды. Іс-шара барысында оқу материалдарының мазмұны мен құрылымына қатысты көптеген сын-ескертпелерге түсініктеме беріліп, оқулықтар төңірегіндегі өзекті мәселелер талқыланады. Еркін форматтағы кездесу  екі тарапқа да мол мүмкіндік шұрайлы, мазмұнды басқосу болды. Бірақ, бұл жерден, өкінішке орай бағдарлама жасаушыларды көрмедік.

Осы тұста жоғарыдағы айтқан КІТАП, БАҒДАРЛАМА мәселесіне қайта оралайын. Бағдарлама жасаушы мен кітап жасаушы және ғылым осы үш тұғырдың басы бірікпейінше, жақсы оқулықтың әңгімесі алыстау сияқты. Олай дейтінім, автор — бір әлем, бағдарлама — бір әлем, ал ғылым ол негіз. Өйткені оқулықта кеткен қателікті бір-біріне сілтей салатын немқұрайлылық жайттарды көзіміз көріп, құлағымыз естіп жүр.  «Алматыкітап баспасы ашық диалог құру форматын жалғастыратын болса жақсы күндерге жетеміз деп ойлаймын.

Алматы қаласы
BILIM AINASY
Қуантай Амантайұлы

 

One comment

  1. bauyrzantuleskaliev

    Менің ойымша кейбір кітаптардың жаңа баспа түрлерін шығарыу қажет. Себебі көптеген Атамұра секілді баспаларда қателер көп кездеседі.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.