Home » Жаңалықтар » МАХАББАТЫ БӨЛЕК БАЛАБАҚША

МАХАББАТЫ БӨЛЕК БАЛАБАҚША

   Сегіз әріптен ғана тұратын МАХАББАТ сөзінің ауқымы кең, мағынасы терең.  Жаратушы иеңе, ата-анаңа, балаңа, сүйгеніңе, досыңа деп махаббаттың түрі талданып кете береді.  Ал бүгін біз сезінген махаббат  ерек болды, бөлек өрілді. Ол —   Отанға, туған елге, жерге деген МАХАББАТ болатын. Оны сезіндірген Алматы Білім басқармасына қарасты Бостандық ауданында орналасқан №83 бөбекжай-балабақшасының кішкене балдырғандары.

25 қазан – Республика күніне орай ұйымдастырылған «Менің Отаным — Қазақстан» атты мерекелік іс-шара мемлекеттік гимнмен басталды. Іс-шараға ҰҚК полковнигі, «Ұлы дала батыры» мен бірнеше орден-медаль иегері Құдайберген Төлегенұлы, Бостандық ауданы білім бөлімінің басшысы Қасымбек Айгүл Жұмабекқызы, Бостандық ауданы білім бөлімінің бас маманы Мұратова Шолпан Мұратқызы, ардагер тәрбиешілер Галина Сергеевна, Заря Бекжанова, Айгүл Хамитқызы мен ата-аналар қатысты. Іс-шара беташары балабақша меңгеруші, тәжірибелі басшы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Рахимова Күлғайша Адылханқызының құттықтау сөзімен ашылды. Сөздің астарында – ойдың асқары жатыр. Меңгерушінің мағыналы мазмұнға оралған ақ тілегі үлкен-кішіні жігерлендіріп-ақ жіберді.

  • 30 жылдан аса тәуелсіз болған ел үшін бұл мереке – ұлық мерекенің бірі. Дәл осы күні егемендік туралы декларация қабылданып, маңызды құжатқа қол қойылды. Сондықтан мұндай мереке балабақшадан бастап атап өтілуі тиіс деп білемін. Патриотизмге, ұлттық сана-сезімге бала жастан негіздеу керекпіз. Бидайға толы қамба сынды біз де қоғамға ұлтжанды азамат тәрбиелейтін қамбадан кем болмауымыз керек, — деген Күлғайша Адылханқызының сөзін қонақтар да құптай кетті.

«Туған өлкем» атты хордан басталған концерттік бағдарлама «Шашу» биіне жалғасты. Арасында туған жер, Отан жайлы оқылған өлеңдер іс-шара маңыздылығын арттыра түсті.   Ақ тілекпен үйлесе кететін ақ көйлекпен «Шаңырақ» биін шынайы орындаған өнерпаздардың әр қимылы сөйлеп тұрды. «Шаңырағың биік болсын»  деген қазақтың қасиетті сөзін би өрнегімен әдемі жеткізген қойылым көрерменнің көзін жасқа толтырды. Жігіттер орындаған «Толғау» биі де осындай сезім сыйлады. Қазақтың қайсарлығын, өр рухын әдемі жеткізе білген балғындардың костюмі де жауапкершілікпен таңдалынған екен. Қоңыр түске әдемі қона кеткен ою-өрнектер заманауи стильмен ерекшеленіп, қазақтың өткенінен сыр шертіп, болашағына батыл қадам басқызғандай. Одан өзге лентамен билері, әндері кеш шырайын нәрлендіріп жіберді.

Іс-шара соңы отаншылдық рухты тіптен асқақтатты. Ортаға шыққан Алтын адамды сомдаған Марленнің образға кіргені соншалық, кірпік қақпай қасқайып тұрды. Көк туға келіп орналасқан Күн мен Қыран құс бейнесіндегі образдар  ұлттық намысымызды жанып, мақтаныш сезімін туғызды. «Атамекен» әнінің құшағында тербелген балдырғандардың да, көрерменнің де Отанға деген МАХАББАТы  арта түсті.

  • Жас ұрпақ бойына отансүйгіштік рухты, патриоттық сезімді қалыптастыру бір науқандық шара не әлеуметтік акт емес, ол ұлттық тәрбие арқылы жүзеге асатын  жүйелі ұғым екенін дәлелдеп берген іс-шара болды. Елдік ұғымға бейтарап қарамай, дәл осы балабақшадай жұмыс істесе, біз жетпейтін мұрат болмас еді, — деп бұл сезімді құрметті қонақ болған Құдайберген ағамыз растап берді.

Әрине, жан-жағы жұмырланған шараның артында тәрбиешілер Ләззат Касмалиқызы, Бақыт Қанатқызы, Елена Михаиловнамен қатар музыка жетекшісі Нұрғалиев Бауыржан Ахметқалиұлы мен хареограф Кадырова Нуригуль Каримқызының жанкешті еңбегі жатыр. Баламен бірге қуанып, баламен бірге мұңая білген ұжымның ынтымақ-бірлігіне «бәрекелді» деуден артық тілек болмас. Алақандай балабақшаның Алатаудай рух сыйлаған кешінен баршасы шабыттанып тарқасты.

Алматы қаласы
«BILIM AINASY»
Меруерт МӘУЛЕТҚЫЗЫ

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.