Қашанда үлкенді сыйлау, қарияны құрметтеу дәстүрі – қазақ халқының ата салты екені белгілі. Елімізде қарт адамдарға деген ықылас жыл сайын артып, мемлекет тарапынан оларға көрсетілетін көмектің көлемі де ұлғайып келеді. «Әрбір азаматтың қартайған кезіндегі өмірін лайықты ету – мемлекетіміздің әлеуметтік саясатының басты бағыттарының бірі. Дей тұрғанмен, жастық шағын еліміздің гүлденуі мен өркендеп дамуына арнап, маңдай терін төккен аталар мен әжелерге құрмет көрсету тек мемлекет тарапынан ғана емес бүгінгі жас буынның, өскелең ұрпақтың басты парызы екенін де ұмытпаған жөн.
«Біртұтас тәрбие бағдарламасын» негізге алып, қарттар айлығының аясында жас ұрпақты адамгершілік қасиеттерге тәрбиелеу мақсатында Алматы қаласы, Түрксіб ауданы 44 мектеп — гимназиясы да жоспарланған іс-шарамызды өткіздік. Құттықтауды Ауданымызда тұратын қарттарымыздан бастадық. Өзін-өзі басқару ұйымы мен волонтерлер мүшесінің оқушылары қарттардың үйіне барды. Мектебіміздің зейнеткері Калганова Дина Викторовна ұстаздар қауымына өз ризашылығын білдірді.
Мектепте тәрбие сағаттарында ата-ананың қадір-қасиеті туралы сөз қозғалып, терең айтылады. Жат қылық бойымызға сіңіп кетпеуі үшін ұлттық тәрбиені күшейтуге атсалысудамыз. Осы мақсатта, қарттарымызға көңіл бөліп, мейірім сыйлап, құрмет көрсетейік деп, 11 -сынып оқушыларымен Алматы қаласының “Шаңырақ” әлеуметтік қызмет орталығына барып қайттық .
Жүрегінде жылуы бар адамның бұл мекемеге кіргенде көңілі құлазымауы мүмкін емес. Сондықтан болар әншейінде шу -шұрқан болып алысатын оқушыларымыз сілтідей тынып, толғаныстарын жасыра алмады.
Акт залына кіріп, мерекелік концерттің қонағы болып, орталық қарттарының емін еркін, көңілді күйлерінің куәсі болдық.
Концерт соңында ата-апаларымыз бөлмелеріне қонаққа шақырды. Апарған сыйлықтарын оқушылар өз қолдарымен тарту етіп, құттықтау тілектерін айтты. Бір апамыз конфет ұсынса, екіншісі ризашылығын білдіріп, бетімізден сүйіп жатты. Баталарын, алғыстарын айтып құлазыған көңілімізді басып, шығарып салды.
Хәкім Абай «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» дейді. «Қарты бар үйдің – қазынасы бар» дейді халқымыз. Қарттарының амандығын тілейтін тілеулес елдің бүгінгі қариясын асырайтын орталықтың барына риза болып, кішілік пен кісіліктің, махаббат пен мейірімнің мекеніне айналған шарапатты «Шаңырақ» орталығының тыныс-тіршілігімен танысып ,өзімізге үлкен сабақ алып қайттық.
Қарт бар жерде береке бар. Қарт бар жерде тоқтау бар. Олар айтатын ақылдың құны ерек, олар көрсететін жолдың жөні басқа. Сондықтан қарияларды қадірлеп, ардагерлерді ардақтау үшін жылына бір келетін атаулы күнді ұмытпайық. Жастарымызды ізгі тәрбиеге баули білейік.
Алматы қаласы Білім басқасрамысының
«№44 мектеп-гимназияның» КММ- нің
11 “В” сынып жетекшісі Хасенова Марал Жәнібекқызы