Home » Жаңалықтар » Оқушы Райдиннің анасы сабақ берді

Оқушы Райдиннің анасы сабақ берді

     Алматы қаласы. №203 орта мектеп. Қоңырау соғылғанда ұстаз орнына Райдиннің анасы кірді. Кәдімгі мұғалімге ұқсайды. Қолында біздің ұстаз Сания Батырбекқызы сияқты бір бума ақ қағазы бар. Шашы да, киімі де жинақы дәріс беруші кісінің келбеті сомдалып ақ тұр.
Мәселені тарқатсақ былай болған. Алматы қаласы Білім басқармасына қарасты Түрксіб ауданындағы №203 мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пән мұғалімі, филология магистрі, педагог-зерттеуші С.Б.Тулегенова “ұстаз, ата-ана, оқушы” бірлестігінің жұмысын жандандыру мақсатында осы шараны ұйымдастырған.
    Қысылғаны қызарған түрінен білінді. Десе де, қарап тұруға болмайтынын білген Әлия Мұхтарқызы  жылы үнімен “Оқушылар сәлеметсіздер ме?!” деп сабақты бастап кетті. 5 «Ә» сыныбына өздері де тәртіпті, зерек балалар жиналған сияқты. Өздерімен бірге оқитын Райдинның анасы кірген бетте тынышталып отырған болатын. Ата-аналар педагогикалық қолдау қызметі аясында өткізіп жатқан сабақты мұқият тыңдап, белсенділік танытуға атсалысты.
   Ынтымақтастықтың жалауы болған бүгінгі сабақ барысында А.Дауренова сөйлеу, тыңдау, тапқырлыққа баулу жолдарын айтып көрсетумен қатар, отансүйгіштікке және заманымызға лайықты білімді, ұстазға, ата-анаға деген құрметті арттырумақсатында жұмыс жасады. Осы ұстанымдарды оқушыларға еркін әңгімелесе отырып жеткізуге тырысты.
— Ата-ана көбіне мұғалімнің жұмысынан бейхабармыз. Ал бүгінгі сабақ барысында сол олқылықты анық сезіндім. Олардың назарын сабаққа аудару, ойды жеткізу барысы қиын болды. Оның үстіне  сөздік қорымның жұтаңдығы да кедергісін келтірді. Дегенмен мұндай бастама қолға алынып, жүзеге асып жатқаны қуантты, — дейді сабақ өткізген ата-ана А.Мұхтарқызы.
Шындығында да қазіргі балалардың ынтасын көтеру, талпындыру, қызығушылығын арттыру оңай шаруа емес.  Түрлі гаджеттерге, интернеттегі түрлі ойындарға құмартып тұратын бүгінгі баланың бойындағы енжарлықты, жалқаулықты, немқұрайлылықты жеңе отырып білім беріп жүрген педагогтердің еңбегі орасан.
— Қоғам дамыған сайын білім саласы да түрленіп, жаңашаланып жатыр.  Білім беру жүйесі мен әдіс-тәсілдерінің жаңаруы  педагогтардың біліктілігіне, кәсібилігіне өзгерістер әкелуде. Жаңа заманның альфа ұрпағына ұстаздың мәртебесін айқындап беру үшін осындай сабақ өткізіп, ата-ана – оқушы —  ұстаз үштігін жаңғыртып жатырмыз. Үштік одақ бір мақсатта еңбек етсе көкірек көзі ояу,парасатты, сауатты ұрпақ өсіп шығары сөзсіз, — дейді С.Тулегенова бізбен әңгімесінде.  
«Ескіден қол үзбей, жаңаға қол жеткізгендер ғана мұғалім бола алады» деген Конфуцийдің сөзі бар. Балаға берер білімді ұлтының құндылықтарымен ұштастыра білген ұстаздың ұтары қашан да мол болмақ.

Алматы
«BILIM AINASY»

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.