Home » Жаңалықтар » ҮШ ТҰҒЫРЛЫ ТІЛ – ЗАМАН ТАЛАБЫ

ҮШ ТҰҒЫРЛЫ ТІЛ – ЗАМАН ТАЛАБЫ

     «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта  жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады.
                                                                                             (А.Байтұрсынұлы)

        Тіл қай ұлтта, қай елде болса да қастерлі, қасиеті шексіз. Ол әрбір адамның бойына ана сүтімен бірге еніп, дариды. Тіл байлығы-әрбір елдің ұлттық мақтанышы. Атадан балаға мирас болып отыратын баға жетпес мұрасы. Демек, әр адам ана тілін көзінің нұрындай қорғауы тиіс.

Біздің ана тіліміз шексіз бай, өте көркем тіл. Ана тілінің көркемдігін көркейту ұлт байрағын көтерумен бірдей десек, қателеспеген болармыз.

Тіл – әрбір ұлттың баға жетпес байлығы. Тілдің адам өміріндегі ең шешуші рөл атқаратыны әркімге де түсінікті. Ол – тану мен түсінудің, дамудың құралы. Бабаларымыздың «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ғылым біл» деген дәуіріне біз енді аяқ басудамыз.

«Үш тілдің бірлігі» жобасы – үш тілді, қазақ, орыс және ағылшын тілдерін Қазақстан азаматтарының бірдей меңгеруін меңзегенімен, бұның түпкі негізі, көздеген мақсаты – мемлекеттік тіліміздің халықаралық қолданыстағы орыс, ағылшын тілдерімен терезесін теңестіріп, әлемдік деңгейге көтеріп, жаһан тілдерімен тең қолданылатын биікке жеткізу.

Әлемдегі дамыған елу елдің қатарына қосылу үшін үкімет «Үш тұғырлы тіл» саясатын қолға алып жатқаны белгілі. Ақпараттық техниканың дамыған заманында тілді үйрену қиындық тудырмайды, қайта көп тіл білгеннің ешбір зияны жоқ. Бірақ қазақ баласы әуелі отбасында Қазақы рухпен тыныстап, ана тілінің нәрлі уызына қанып, ұлттық рухани тәрбиенің қайнар бұлағынан сусындап өсуі керек. Алғашқы тәрбиені ана тілінде қабылдап, Қазақы қасиетпен жетілген бала кейін қандай ортада жүріп, қанша тіл үйренсе де, өз тілін ұмытпайтын, ұлттық қасиетінен көз жазып адасып қалмайтын болады. Әлихан Бөкейханов сынды алаш арыстарымыздан бастап, кешегі Абай Құнанбайұлы, М. Әуезов, Қ. Сәтпаев сияқты талай тарландырымыз қанша жерден ресей топырақтарында білім алса да, сол империяның қысымында жүрсе де, ана тілінің идеологиясы мен мәртебесін ең жоғары орынға қойған. Өйткені олардың бәрінің де тілі қазақша шыққан, бірі ауыл молдасынан хат таныса, енді бірі ана тілінде мұғалімдерден тіл сындырған. Яғни, тірек мықты. Тіл ана тілде сайрап тұрғандықтан, ешкім оған балта да шаба алмаған.

Бұл үдерістен біз де тыс қалмауымыз керек. Алматы қаласы Наурызбай ауданы №176 мг ұстаздары мен оқушылары үштілділіктің маңызын түсіне білген жанның болашақтағы өмір белесінен, білім кеңістігінде алары да, берері де мол екенін тьағы бір іс-шара арқылы дәлелдеді.

Осы оқу жылының басында «Тілдер мерекесі» апталығында жүргізілген барлық іс- шаралар үштұғырлы тіл биігінде аталып өтті. Тіл тұғырының мәртебесінің биік болуына ат салысқан екі ұлы тұлға Ахмет Байтұрсынұлы мен Мағжан Жұмабаев образдарын көрініс ретінде көрсету арқылы тіл маңыздылығы айқындалды.

Ахмет Байтұрсынұлы мен Мағжан Жұмабаев екеуі де қазақ әдебиеті мен мәдениетінің көрнекті тұлғалары. Олар өз заманының қиыншылықтарын бастан кешіріп, қазақ халқының болашағы үшін күрескен ұлт зиялылары. Ахмет Байтұрсынұлы – ағартушы, реформатор, лингвист, ал Мағжан Жұмабаев – ақын, әдебиетші және педагог. Олардың кездесуін елестеткенде, өзара рухани байланыс, ұлттық мәселелер және шығармашылық жайында әңгіме болары сөзсіз еді….

Мағжан Жұмабаев:
– Сіздің сөзіңіз дұрыс, Ахмет аға. Мен әр сөзімде, әр өлеңімде халқымның жанын түсінуге тырысамын. Біз бірлігімізді, тілімізді, рухымызды сақтап қалсақ, болашақта жарқын күндерге жетеріміз анық.

Мен жастарға сенемін!

Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты –
Қырандай күштi қанатты.
Мен жастарға сенемiн!

Шәкірттердің, жаңалыққа жаны құмар ұстаздардың бәсекеге қабілетті тұлға тәрбиелеу де орасан зор еңбектері көрініс тапты. Балабақшадан бастау алған осы саясаттың түрлі тақырыптарда лингвистикалық, экономикалық тарихи, танымдық сайыстар оқушылар арасында үштұғырлы тіл барысында белең алуда. Алдағы уақытта үштұғырлы тілді меңгеру — еркіндіктің, бостандықтың, тәуелсіз ел ұландарының бәсекеге қабілетті дара тұлға болатындықтарының кепілі.

 

            Алматы қаласы, Наурызбай ауданы
№176мг қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Сарсенбаева Калия Уалибековна
 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.