«Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым ойлап қой. Бес асыл іс, көнсеңіз…». Абайдың осы әдеби мұрасын Астана қаласындағы Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп «Бала Абай, ақын Абай, хәкім Абай» ұлттық оқу бағдарламасын жас ерекшеліктеріне қарай сатылап оқыту ретімен тәжірибелік сынақтан өткізуде. «Бала Абай» бастауыш буынды, «Ақын Абайды» орта буын, «Хәкім Абай» жоғары сыныпта оқытылып жатыр екен. Осы ізгі істі басы-қасында ұйымдастырып жүрген Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясының директоры Кашаева Айгүл Оңдағанқызы, «2019 жылдан «Бала Абай» деп аталатын оқу бағдарламасы бастауыш сынып оқушыларына қанатқақты жоба ретінде енгізіліп, ол Астана қаласында 25 мектеп, 10 балабақшада оқытылып тәжірибеден өтуде. Бес асыл іс қағидасы: Талап еңбек, терең ой, қанағат, рақым қасиеттері. Бұл – кемеңгер Абай айтқан ең керек, ең қажет бес асыл іс.Ұстаз бен шәкірттің бойынан және тұтас білімнен көрініс табуға тиіс бес жақсы іс, мектеп құндылығына айналып отыр»-деді.
Ұлттық мектеп негізін қалау жобасының авторы профессор, абайтанушы, ақын Алмахан Мұхаметқалиқызы. Ал, оқу әдістемелігін жасаған Астана қаласы әкімдігі жанындағы «Әдістемелік орталығының» қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің әдіскер мұғалімі Жанар Сейдахмет.
Бүгін сол ұстаздар қауымы «Бала Абай»: құндылық, тәжірибе, нәтиже» тақырыбында іс-тәжірибелерімен бөлісу мақсатында семинарда бас қосты. Мақсаты – жыл бойы балаға үйреткен бағдарламаларды, оны үйрету әдісімен бөлісіп пікір алмасу. Мысалы, «Бес асыл іс» құндылығын таныстырған 10- сынып оқушысы І. Мықтыбек пен 7 және 3- сынып оқушылары Н. Есімхан мен М. Серікбайдың Абай мұражайының тағлымын терең зерттеп, оны өзгеге жеткізе білетін білімдарлығымен жиналған мұғалімдерді тәнті етті. Мектеп басшылығының ұстанымы үздік, озат оқушыларды алға сүйрей беру емес, олар өздері де алға ұмтылады. Тентек балаларды жақсы ортаға тартып тәрбиелеу екен. Оларды бұзық деп елемеген соң, тасада қала береді. Мысалы, мұражаймен таныстырушы Н. Есімхан мектепке сыймай жүретін тентек екен.Тіпті, оны қиын балалар тізіміне тіркемек болған. Оны дәлізде тұрған жерінен жоба авторы Алмахан апай шақырып алып, Абайдың өлеңін жатқа айтшы дейді. Басын қасып, иығын қиқаңдатқан Н. Есімхан «Білмеймін» дейді. Білмеймін дегенге қоя салатын Алмахан апай ма, «Ертең ақ көйлек киіп кел, мұражайға келушілерді Абай мұрасымен таныстырасың» деп тапсырады. Содан бері апайының сенімін ақтаған Н. Есімхан жақсы оқушылар қатырынан көрініп келеді екен. Бұған ата-анасы, мұғалімдер де риза. Ал, «Ғылымды іздеп, дүниені көздеп…» деп аталған оқыту бөлімінде бастауыш сынып мұғалімдері А. Жайшыбекова мен Г. Бейсембаеваның «Белсенді орта құруға арналған әдіс-тәсілдері», Н. Алдабекова мен Ф. Нұрымбетованың «Абай жаққан бір сәуле сөнбейді», А. Кабакова, Ә. Шажалиева, А.Исмаилова жасаған «Білім алушыны ынталандыру және мадақтау әдіс-тәсілдері» оқытулары баланың психологиясын қазақы ойлауға баулып қана қоймай, Абай жырларын жаттау арқылы алпыс екі тамырына ұлттық тәрбие сіңіреді. Іс-тәжірибе алмасудан кейін әдіскер Жанар Сейдахмет мұғалімдермен оқыту әдістемесі тұрғысынан толықтыратын жерлерді қызу талқылауға отырды. Жоба туғанмен оны іске асыратын жүйелілік, әдіс, мұғалім үш тағаны мықты болмаса ең мықты деген жоба діттеген мақсатына жете алмайтыны белгілі. Сондықтан әдіскерлер Абай шығармаларының тәрбиелік, оптикалық, қырларын педагогикалық тәсілмен әдістемелігін сауатты түрде өңдеп, оқулыққа ыңғайлап жасау осы «Әдістемелік орталықтың» құзырындағы іс. Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығының» қазақ тілі пәнінің әдіскері Жанар Сейдахмет, «Былтырғы оқу жылында Алмахан Мұхаметқалиқызының «Абай әлемі» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында, оны №77, 58, 86, 4 және 87 мектепке ендірдік. Осы жобаны бастаған кезде №87 мектеп – трек мектебі болды. Ата-аналар мен оқушылар тарапынан нәтиже оң болғаннан кейін оқу-әдістемелік басшылығыннан рұқсат сұрай келе, тағы отызға жуық мектепке енгізуге мүмкіндік алдық. Себебі, қазір ұлттық құндылықтарға негізделген оқу бағдарламасы бастама ретінде көтеріліп жатыр. Бұл пәннің мақсаты Абайды жаттату емес, біз Абай арқылы қазақ отбасынан балаға берілетін ата-әже, әке тәрбиесін, қазақтың салт-дәстүрін, қазақ тіліне жатық сөйлеуді үйретеміз. Абай өз шығармаларын қазақ халқының болмысынан алып жазан ғой»- дейді ол.
Ия, отбасында ата-әжесінен ұлттық тәлім-тәрбие алған, өзін қазақы ұстау әдебімен қазақтың жақсы атын шартарапқа танытып жүрген әлем әншісі Димаш Құдайбергеннің атына №87 мектептен музыка бөлмесін ашыпты. Бөлме табиғи үн шығаратын музыкалық аспаптармен жасақталған екен. Және, айта кетерлігі әр сабақтан кейін үзілісте «Әнді сүйсең, менше сүй» сегіз минуттық жобасымен мектеп оқушылары жиналып Абай әндері мен басқа да сазгерлердің әндерін шырқап, хор орындайды. Бұл әдіс баланың ішкі жан-дүниесін эстетикаға, мейірімділікке, шапшаң ойлауға тәрбиелейді. Денсаулыққа пайдасы зор. Және, «Бес асыл іс» оқу бағдарламасымен Білім басқармасы бекіткен «Кітапқа құштарлық» деп аталатын жоба балаларды он минуттық отбасылық құндылықтарға тәрбиелейді. Кітапханада бастауыш сынып мұғалімдері Абайдың әжесі, анасы, әкенің тәрбиесін айту арқылы балалардың бойына қазақтың қалыптасқан дәстүрлі отбасылық тәрбие құндылықтарын сіңіреді. Рас, кезінде ғалым Тянь-Шаньский, «Қазақ ұлтына ғылым-білім, ілім үйретіп керегі жоқ. Себебі, қазақ халқының салт-дәстүрі, әдеб-ғұрпы тұнып тұрған ғылым-білім, психология» деген. Қазақ елін отарлау мақсатында орыс патшасы ең әуелі қазақтың отбасы құндылықтарын жойу керек болды. Отбасы бұзылса, салт-дәстүрді, әдеб-ғұрыпты талқандау оңай болды. Сондықтан олар, аталар, әкелер, енелер институттарының күл-талқанын шығарып, ұл-қыз тәрбиесіне қатысты өз арам ойларын жүзеге асырды. Міне, осы ұмыт қалған ұлттық құндылықтарды ұлт бойына қайтару үшін Абай шығармашылығындағы қазақы ұлттық тәрбиені мектеп бағдарламасына пән етіп енгізіп Алмахан Мұхаметқалиқызы бастаған топ жүзеге асыру үстінде. Ұстаздардың еңбегі еш кетпеуде. Оқушылар жетістіктерге жетіп, ұстаздарын қуантуда. Биыл мектеп бітіргелі отырған мектеп түлегі талантты оқушы Арғынбай Ұлпан TEDX форматындағы «46-сөз: Өз сөзім өзімдікі» іс-шарасында «Өлеңі өміріме айналды» деген тақырыппен Абайдың өлең-сөзін жаттау арқылы, оның өмірі Абай шығармашылығымен өріліп келе жатқанын айтты. Оқу бітірген соң жоғары оқу орнына қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығын таңдап отыр екен. Ұлпан Абайдың 170 өлеңін жатқа айтады. Ол – Республикалық «Абай оқулары» сайысының жеңімпазы. Ал, Мықтыбек Ілияс қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әйгерім Біржанқызының Абай өлеңдерін жаттатуда қиқарлығына шыдап табандылық танытқанына осы күні дән риза екенін жеткізді. Мықтыбек жақында өтетін республикалық «Абай оқулары» сайысына Астана қаласының атынан қатысқалы отыр. Ал, 5-сынып оқушысы Жанатхан Рахматуллаһ өзін «Алмахан апайдың баласымын» дейді. Ол жас болса да республикалық «Балапан» телеарнасында хабар жүргізіп, мектептің абыройына айналып отыр. Мұның бәрі де өз-өзінен болып жатқан тірлік емес, бұл ұлттық мектеп негізін қаласақ деген топтың маңдай терінің арқасы. Жоба авторы профессор, абайтанушы Алмахан Мұхаметқалиқызының айтуынша, «Кемел адам болмысын жасауды бізге шетелден алып керегі жоқ. Кемел адам нұсқасы Абайдың әдеби мұрасында тұр. Біз Абай тануды балабақшадан «Бала Абайдың» балалық шағын оқытудан бастамасақ, оның данышпандығын өлеңдері арқылы түсініп оқи алмай келеміз. Тек мына бір өлеңіндегі «Мыңмен жалғыз алыстым» деген сөзін көптеген оқырман елмен жағаласып күресіп бақтым деген сөз деп ойлайды екен. Абай бұл жерде адам өз бойындағы жағымсыз әдеттермен өзі күресіп жеңуі керек деген мағынада айтқан. Абайдың барлық өлеңдері тәлім тәрбиеге, суреткерлікке, эстетикаға тұнып тұр. Тек әдістемелігін жасап балаларға үйрету керек» дейді, ғалым.
Сондай ақ семинарға ҚР ОАМ Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық академиясының бастауыш білім зертханасының меңгерушісі Таубай Пернекүл Таубайқызы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Жиенбаева Сайра Нағашыбайқызы және Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығының» әдіскерлері, білім беру ұйымдарының бастауыш мұғалімдері мен балабақша тәрбиешілері қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті.
«BILIM AINASY»,
Астана
Зүбәйра Тілегенқызы,
журналист