«Алматы мектептері» жобасының аясында білім беру жүйесін дамыту бағдарламасын іске асыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Алматы мектептері халықаралық тәжірибе негізінде жаңа білім беру тәсілін енгізіп жатыр. 2024 жылдың 29 наурызында Алматы қаласы, Бостандық аудандық №60 гимназиясының қабырғасында педагогтарға арналған қалалық тәжірибелік — семинар өтті.
Қала бойынша жиналған 60-қа жуық педагог екі ағымда семинарға қатысып, жаңа тәсілді меңгерудің бағдарламасымен танысты.
Кейін сыныптарда №60 гимназияның ұстаздары ұйымдастарған шеберлік сабақтарына өтіп, пәндік көрсеткіштер бойынша баланы қолайлы оқытудың стратегияларын зерттеді. Сонымен қатар оқушы бойындағы ерекше қабілеттерін анықтауға машықтанды.
Оқу-әдістемелік семинар барысында
6 түрлі тақырыпта ашық сабақтар өткізілді. Сабақ өткен мұғалімдердің білім берудегі жаңа әдістерді тиімді қолдануы, оқудағы бағалау, дарынды оқушылармен жұмыс, оқыту үдерістері бағытында көрсетілген жұмыстары үлкен тәжірибе алмасудың алаңына айналды.
—Мұғалімнің инновациялық дайындығын қалыптастыру – уақыты жеткен уақыт талабы. Қазіргі білім берудегі мұғалімнің инновациялық іс-әрекеті білім беру процесінің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Инновацияның синонимі — «жана» ұғымы. Сонымен, педагогикада «инновациялық іс-әрекет» ұғымы біршама тереңірек қарастырылады. Бұл жоғары нәтижелерге қол жеткізу, жаңа білім алу, жаңа педагогикалық практиканы енгізу мақсатында оқу процесін салыстыру және зерттеу арқылы өзіңіздің педагогикалық тәжірибеңізді түсінуге негізделген мақсатты педагогикалық
іс-әрекет, яғни бұл білім сапасын арттыруға бағытталған педагогикалық жаңалықтарды жоспарлау мен іске асырудың шығармашылық процесі.
Ағартушы-ғалым А.Байтұрсыновтың «Бала оқытуын жақсы білейін деген адам – әуелі балаларға үйрететін нәрселерін өзі жақсы білу керек» – деген сөздерімен түйіндегім келеді, — дейді №60 гимназияның директоры Абуова Шынар Бөгенбайкызы.
Сандық технология, түрлі гаджеттер мен смартфондар, инновациялар мен интерактивті бағдарламалар заманында, баламен қоса ұстазы тіпті ата-ана да дамып, жаңа форматқа бейімделу керек деп санайды ұстаздар. Осы үштіктің үндестігі болған жағдайда ғана жарқын болашаққа жол ашылады.
Білімді, бейімді және ой-өрісі жан-жақты ұрпақ өсіп, өнеді.
Бүгінгі семинарды қорытындылай келе жиналғандар білім мен тәжірибені ұштастырып көркем дүниелерді жасап шығаруға болатынына көз жеткізіп тарқасты. Семинарға келген қатысушылар өз ризашылықтарын айтып, іс-шараның жоғарғы деңгейде өткенін атап көрсетті.
Аталмыш оқу орнының қабырғасы
1973 жылы қаланған. Қуаттылығы
2500 балаға арналған бұл орыс тіліндегі мектепте бірнеше ұлт балалары екі ауысыммен оқиды. Орыс тіліндегі білім беру орны демесеңіз, гимназия оқушылары қазақша киініп, мың бұралып би билеп, өлең оқып, ұлттық құндылықтарымыздың ұлықтарына өз үлестерін қосып жүр.
«BILIM AINASY»,
Алматы қаласынан,
Ақерке Амангелдіқызы