Home » Жаңалықтар » Экологиялық мәдениеттің бастапқы элементтерін биомодельдеу

Экологиялық мәдениеттің бастапқы элементтерін биомодельдеу

    Алматы қаласы Білім басқармасына қарасты № 60 бөбекжай- балабақшасында тәжірибе алмасу семинары өтті. Семинарға мектепке дейінгі Ресурстық орталық әдіскерлері, балабақша меңгерушілері, әдіскерлер және ата — аналар қатысты. Жиын балабақша меңгерушісі Гүлбану Кулумбаеваның алғы сөзімен ашылды.

Жуырда Алматы қаласы әкімдігі және қалалық Білім басқармасының қолдауымен мектепке дейінгі бірнеше білім беру мекемелерінің меңгерушілері мен әдіскерлері біліктілігін арттырып тәжірибе алмасу мақсатында Сингапур еліне барып қайтты. Бүгінгі семинар тақырыбының «Экологиялық мәдениеттің бастапқы элементтерін биомодельдеу» деп аталуы да сондықтан. Осы халықаралық деңгейдегі тәжірибе алмасудан кейін, балабақша ұжымы бірнеше тұрмыс қалдықтарынан пайдалы зат жасауға ден қойды. Ұжым мен ата-аналар бірігіп бірнеше қалдық заттарды пайдалы бұйымға айналдырған. Мысалы: ойыншық, гүл жасап пішіндеу, айран қорабынан жарық шамдары жанып тұрған үй құрастырып, гүлдестелеп тоқыма тоқу биомодельдеудің бастапқы қадамы. Бүгінгі семинар барысында аталмыш тақырып аясында көптеген қызықты жұмыстар қонақтар назарына ұсынылды.

«Біз Алматы – Сингапур бағытындағы тәжірибе алмасудан көп пайдалы іс үйрендік. Олардың бізді таңқалдырған тұсы – баланың тұлға болып қалыптасуына еркіндік бере отырып, өзін-өзі дамытуына мүмкіндік берген. Біз ол жақтан алған тәжірибемізді ұжымда қолданып, ата-аналармен бөлістік. Алдымен қалдықтарды жинап әкеліп сұрыптап алдық. Сосын қораптардан түрлі кескіндеме, гүл пішіндерін жасадық. Бүгінгі семинар сол іс-тәжрибемізді қорытындылау», деді балабақша меңгерушісі Гүлбану Омарқызы.

Семинар барысында балалар мен ата-аналар өз қолдарымен жасаған ғарышкер бейнесін ортаға әкеліп, қиял арғымағына отырып ғарышқа ұшып барып, аспан әлемін зерттеді. Зымырандар ұшатын алаңды «Ғарыш айлағы» деп атайды. Қазақстанда ұшу айлағы, ол – Байқоңыр. Байқоңыр – адам баласы өмір сүріп отырған мекен, Жер планетасының кіндігі. Жер кіндігі қазақ жерінде екен. Таңқалған бала қиялы ғарышқа ұшқандай әсерлерімен бөлісіп жатты. Сондай ақ, семинарда «Өміріңе өкпелеме» тақырыбында ойын ойнатылды. Ойын ережесі бойынша, бала басына ақ қағаз қойып шеңбер сызады. Сосын, қарамай отырып сол шеңбер ішіне сурет салады. Балалардың салған суреттері шеңбер ішінен шығып кетіп жатты. Бұдан түйген ой — сен қалай тырыссаң да ойлағаныңдай болмай жатса өміріңе өкпелеме. Сарғайып сары уайымға салынба, өмірде бәрі сенімен, мен ойлағандай бола бермейді. Бәрі уақыт еншісінде екенін ұғыну еді.

 «Біз балабақша ұжымына дән ризамыз. Үнемі ізденіс үстінде. Міне, Сингапур еліне барып келді. Алып келген іс-тәжрибесін бізге үйретті. Аларымыз мол екен. Қаншама бұйым жасадық, қалдықтарды да іске асыруға болатынын түсіндік. Балаларымызға тәрбие беріп жатқан балабақша ұжымына айтар алғысымыз шексіз», деді ата-ана Бақыт Ысқақова. Одан кейін әдіскер Назгүл Нұртайқызы жиналған қонақтармен ширату ойынын ойнатып, бірақ сұрақ-жауап түрінде кері байланыс алмасты.

Бүгінгі семинарды қорытындылай келе жиналғандар біліммен тәжірибені ұштастырып көркем дүниелерді жасап шығаруға болатынына көз жеткізіп тарқасты.

Әсерлі өткен жиын соңында балабақшаның арнайы жасақталған «Ертегілер әлемі», «Театр», «Жолда абайла» және «Тұз шахталары» бұрыштарын тамашалаумен жалғасты. Мұнда бүлдіршіндер түрлі ертегілер айтып, театр өнеріне атсалысып, жолда жүру ережелерін жатқа айтып қонақтарды таңқалдырды.

Жұлдыз Елеукен,
«BILIM AINASY»
Алматы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.