Home » Білім және тұлға » 29 наурыз – Еңбеккерлер күні

29 наурыз – Еңбеккерлер күні

      29 наурыз Ұлт құндылықтарын сақтау мен насихаттауға бағытталған Қазақ күнтізбесінде – Еңбеккерлер күні болып белгіленген. Бұл күні 1896 жылы «Дала академигі» атанған даңқты шопан Жазылбек Қуанышбай туған. Жазылбек Қуанышбай шопан, малшы-селекционер, 2 мәрте Еңбек Ері атанған. Ол 29 наурызда Түркістан облысы, Көктерек ауылында туған. 1936 жылы таңдаулы малшылар қатарында Алматыда ашылған Қазақстан ауыл шаруашылығы көрмесіне қатысады. Осы сапардан оралысымен ол мал тұқымын асылдандыру жұмыстарына кіріседі. Жергілікті қылшық жүнді қойды қаракөл қойымен будандастыру ісін жүргізіп құнды елтірі беретін қаракөл қойын өсіріп шығарады. Ал 1947 жылы әр 100 саулықтан 130 қозы алады. Осы еңбегі үшін оған 1948 жылы Еңбек Ері атағы беріледі. Ол өндірген қаракөл елтірілері халықаралық жәрмеңкелерде (Дели, Бухарест, Познань, Нью-Йорк қалаларында) және аукциондарда өте жоғары бағаланады;
Ал 1957 жылы Жазылбек Қуанышбай бағымындағы әр 100 қойдан ең жоғарғы, рекордтық көрсеткіш 145 қозы өсіріп шығарады. Әр қойдан алынған жүн мөлшері 3,3 кг-ға дейін өседі. Осы үздік табысы үшін Дала академигі атанған шопан 1958 жылы екінші рет Еңбек Ері атанады. 1962 жылы заңды еңбек демалысына шықса да 1965 жылы ол жаңа отар қабылдап алып,152-ге дейін қозы өсіріп жаңа еңбек рекордын орнатты. Ұлт құндылықтарын сақтау мен насихаттауға бағытталған Қазақ күнтізбесіндегі 29 наурыз — Еңбеккерлер күні қазақ қоғамында еңбектің маңызын насихаттау үшін арнайы белгіленді.

Нұржан Сұршаұлы
Қарағанды

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.