Алматы қаласы Білім басқармасына қарасты Алмалы ауданындағы № 16 бөбекжай балабақшасында ұлттық ойын түрлерін насихаттау мақсатында көрсетілім өтті.
Сахнаға Ұлттық киіммен шыққан балабақша тәрбиеленушілері көпшілікті өздеріне еріксіз қаратты. Дастархан басына жайғасып, алдымен Наурыз мейрамы жайлы әңгіме өрбітті. Балалардың бірі “Наурыз-қазақ халқының жаңа жылы, ақ түйенің қарны жарылған күн”десе, енді бірі “Бұл — той, ата-бабамыз ежелден Наурызды бір ай бойы тойлаған” деп өз ойын жарыса жеткізуге тырысты.
Келесі әңгіменің әуенін балалар ұлттық ойын түрлеріне бұрды. Олардың, «Ханталапай», «Тақия тастау», «Алтын сақа» ойындарын жетік білетіндері айтқан әңгімелерінен білініп тұрды. Ойындардың ішінен “Ханталапай” ойынын таңдап ойнады. Ойын шарты бойынша қазақ тілі пәнінің мұғалімі ұтылған жаққа мақал-мәтел айтқызды. Осылайша ойыншылар ойын ойнап қана қоймай, сөздің мәйегі — мақал-мәтелдерді де білетіндігін көрсетті. Бұл өз кезегінде Оқу-Ағарту минстрлігінің №422 бұйрығына сай ойын арқылы танымды кеғейтуге сай келіп тұр.
— Иә, өскелең ұрпақ бойына ұлттық құндылықтарымызды сіңіру, тәрбие беру — әр ата-ананың міндеті, ал балабақша — сол тәлім мен тәрбие, білімнің алғашқы баспалдағы. Ұлттық құндылық туралы түсінікті қалыптастыратын орта. Балаларымыздың қазақтың ұлттық ойындарын, әні мен биін, тіпті ұлттық тағам түрлеріне дейін білуі міндетті. Ол өйткені үлгілік оқу бағдарламасында нақты көрсетілген. Біздің ұжымдағы тәрбиешілер, атап айтсам, қазақ тілі пәнінің мұғалімі Ботакөз Сарманова, музыка жетекшісі Елена Шелкова тәрбиелеп жатқан балаларына жанын салып қызмет етуде. Олар кез келген мерекеге жан-жақты дайындалады. Әр баланың тілін тауып, өнерге баулып, әр қырынан танытуға тырысады. «Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға» демекші ұстаздардың еңбегі ерен екендігін де айта кетейін, — дейді балабақша меңгерушісі Айгүл Сәкенова.
Ойын аяқталған соң балалар арнайы жайылған ақ дастарханға жайғасып, бата беру дәстүрін жасады. Балабақша ұжымы және келген қонақтар, балалардың өнерлеріне тәнті болып, алғыстарын айтты.
«BILIM AINASY»
Жұлдыз Смаилова
Алматы қаласы
Қазақтың ұлттық құндылығы мен тәрбиесін қатар алып жүрген Ботагөз Сармановаға алғыс білдіремін! Бала тәрбиелеудегі еңбегіңіз еленіп, абыройыңыз арта беосін