Home » Балабақша » “Табиғат және біз”

“Табиғат және біз”

2023 жылдың шілде айында Алматы қаласы әкімдігі және білім басқармасының қолдауымен Алматы қаласының мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің меңгерушілері «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту» саласында қайта даярлау және біліктілікті арттыру курсы бойынша Лондон қаласының мектепке дейінгі ұйымдарында болып келді. Англия балабақшаларының ерекшелігі — қалдық заттардан жасалынған бұйымдар қолданылады.
Лондон іс-тәжірибесі негізінде Бостандық аудандық
№152 бөбекжай-балабақшасында “Табиғат және біз” экологиялық жобасы аясындағы қалдық заттарға екінші өмір сыйлауға арналған көрме өткізілді.

Көрмеде қалалық ресурс орталығынан Лайла Раймовна және аудан балабақшаларының меңгерушілері қонақ болды.

—Англия мемлекетіне барып, Лондон қаласында іс-сапарда болдық. Алматыға келгеннен кейін өзіміздің жобамызды бастап кеттік. Жобамыз “Табиғат және біз” деп аталады. Қалдық, қоқыс заттарға екінші өмір беру, тек өмір беріп қана қоймаймыз. Ол балаларға пайдалы болу керек. Қабырғалар сөйлейді дейді ғой. Балабақшадағы барлық қабырғаларды да ойын түрінде жасадық. Бұл жобаның үлкен мәні бар, мағынасы бар. Қоқыстың бәрі тек далада жатпайды, біз оны өңдейміз, жасаймыз. Жобамыз нәтижелі болады деп ойлаймын. Алдыма сондай мақсат қойдым, — деді көрмеде сөз тізгінін алған балабақша меңгерушісі
Гулзия Дильмагамбетова.

Шара барысында балабақша меңгерушісі қонақтарға Лондондағы мектепке дейінгі ұйым жұмысының жүргізілуі туралы сөз қозғады. Көрменің іс-тәжірибелік бөлімінде қалдық заттардан дамытушы ойындар жасау бойынша шеберлік сағаты өтті.
Шеберлік сағатқа педагогтер,
ата-аналар, балабақша практиканттары қатысты. Ата-аналар да балалары үшін қалдық заттарды өңдеп, ойлау қабілетін дамытуға арналған ойын түрлерін жасап жатты.

Практиканттар болса “Сиқырлы теледидар” жасап шығарған.
—Бұл теледидар арқылы балалардың зейінін өзімізге шоғырландыра аламыз, сонымен қатар балаларға ертегілерді не белгілі бір іс-әрекеттерді таныстыру барысында қолдана аламыз. Бұл “сиқырлы теледидардың” бірінші міндеті балалардың қызығушылығын ояту, екінші міндеті балалардың бір-біріне деген қарым-қатынасын нығайтып, тілдік қорын молайтады. Таспа оңай ауысатындықтан әртүрлі тақырыптарды алып, әртүрлі тапсырмалар беруге болады, — деді жоба авторлары.

Балабақша педагогтері болса ойынның бірнеше түрін ойлап тапқан екен. Ең қызығы педагогтер қалдық заттарды өңдеп, оларды ойын ретінде қолданып және оны ұлттық құндылықтарымызбен ұштастыра білген. Мысалы, мектеп алды даярлық тобының балаларының әріптерді тез жаттап, дыбыстарды ажыратуы үшін бірнеше ойын түрлері жасалынған. Ойындардың бір бөлігі күнделікті өзіміз қолданатын сусындарымыздың құтысы мен қақпағынан жасалынған. Сусын ыдысына құм толтырылған. Балалар оны гір тасы ретінде қолданады екен. Балабақша ұжымы қалдық заттарға екінші өмір сыйлап, оны балалардың ойлауын дамытуға, тыныс алу жаттығуларына, спорттық ойындарына қолданып жүр.

—Бұл бөбекжай-балабақшаға біз желтоқсан айынан бастап келген болатынбыз. Тәжірибе барысында бізді меңгеруші және ұжым жақсы қарсы алды. Бізді қоқысқа екінші өмір сыйлауға үйретті. Бұл жұмыстардың барысы бізге өте қызық, пайдалы болды. Бүлдіршіндердің екі есе қызығары анық,-дейді практиканттардың бірі.
Көрме соңында қалалық ресурс орталығынан келген Лайла Раймовна балабақшаның меңгерушісі мен ұжымына өз алғысын білдірді.Жобаның жалғаса беруіне тілекші екенін жеткізді.

“Bilim Ainasy”,
Алматы қаласынан,
Ақерке Амангелдіқызы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.