Алматы қаласы Наурызбай аудандық №188 мектеп-гимназиясында “Озық ойлы оқырман” атты жас оқырмандар конференциясы өтті.
Конференцияда ақын, аудармашы, түркі дүниесіндегі әдебиеттің алтын көпірі, баспагер Саят Қамшыгер, Қазақстан Жазушылар және журналисттер одағының мүшесі, философия ғылымдарының докторы, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері Нұрдаулет Бәбиханұлы Ақыш, аудандық білім бөлімінің басшысы Құсаинова Салтанат қонақ болды.
Конференцияның шымылдығы мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерімен түрілді. Сонымен қатар мектеп оқушылары “Алдар көсе” ертегісін заман талабына сай ағылшын тілінде сахналады. Конференция қонақтары да қонақкәде ретінде өлеңдерін оқып, оқушыларға деген ізгі ниет-тілектерін білдірді.
Қаланың әр аудан, әр мектебінен келген оқушылар “Жарық” әдісі арқылы сыныптарына байланысты топтарға бөлінді. Конференцияның бұл бөлімі “Әдебиет әлеміне саяхат”, “Әлемді өзгерткен 1 кітап”, “Кітап-кемелдік кілті” атты үш бағытты қамтыды. Оқушылар өздері оқыған кітаптарын ортаға салды. Басқа оқушылардың қызығушылықтарын арттыру мақсатында оқыған кітаптарына жарнама да жасап үлгерді.
Сөз саптауы мен кітаптан түйген ойларын ескере отырып, кітапқұмарлар арасынан үздіктері таңдалып, сыйлыққа кітап табыс етілді.
Сонымен қатар конференция барысында оқушылардың арасында лоторея ойнатылып, жеңімпаздардың қоржыны кітаптармен толықты.
—Бүгінгі басты мақсатымыз: оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылықтарын қалыптастыру,
оқу сауаттылығын арттыру, көпшілік алдында өз ойын еркін жеткізуге, тіл байлығын арттыруға ықпал ету.
Егер оқушы кітап оқуды әдетке айналдырса, оқушының білім көкжиегінің кеңейетіні сөзсіз. Сіздерге бүгінгі
іс-шарамыз ұнады деген ойдамыз. Кітап оқитын оқушыларымыз көп болсын, — деп конференцияны №188 мектеп-гимназиясы директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары Рахимбаева Нургуль Ақжолбайқызы қорытындылады.
Адамзат баласының қол жеткізген ұлы игіліктерінің бірі — білім қазынасы. Ол ұрпақтан-ұрпаққа ауызша, жазбаша түрде немесе әдебиет арқылы да жеткен. Кітап адам баласының сан ғасырлық ақыл-ойының жемісі, тарихы мен тағылымының алтын сандығы.
«Артық білім кітапта, Ерінбе оқып көруге», — деп ұлы ақынымыз Абай жырлағандай ерінбей білім алуға асығайық. Бар білімнің патшасын тек кітаптан ғана таба алатынымызды ұмытпайық.
“Bilim Ainasy”,
Ақерке Амангелдіқызы,
Алматы қаласынан