Таяуда Алматы қаласындағы №119 мектеп-лицейінде «Тәрбие негізі — ұлттық құндылықта» атты іс-шара ұйымдастырылды.
Шарада мектеп директоры Жаныл Батырбекова: «Еліміздің болашағы — білімді әрі жасампаз ұрпақ. Ал оны тәрбиелеу — бірінші ата-анаға, содан соң мұғалімге артылған басты міндет. Өздеріңіз білетіндей «Даналық мектебі» бірнеше клубтардан құралады. Яғни, «ата өсиеті», «әже даналығы», «әке қамқорлығы», «ана мейірімі» атты клубтардан тұрады. Оның құрамына мектеп оқушыларының ата-әжелер, әке мен аналар бар. Олар ұстаздармен бірлесе отырып, отбасы ынтымақтастығын қалыптастырып, баланы жан-жақты дамытып, рухани дүниесін бай қылуды көздейді. Балаңды “Өз тәрбиеңмен емес, ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле” деп айтылғандай, отбасылық құндылықтарды дәріптеу, ұлттық құндылықтарды насихаттау, бұл — ұлдарымыз бен қыздарымызды еңбекқорлыққа, тазалыққа, ұлттық салт-дәстүрді бойына сіңіруге тәрбиелейді. Осы орайда мектебімізге ата-аналарды белсенді түрде мектеп өміріне қатыстырып, байланыс нығайту біздің басты мақсатымыз»,- деді ол.
Шара барысында оқушылар ән айтып, би биледі. Сондай-ақ әжелер ұршық, құрақ көрпе жайлы мағлұмат берді.
Ал ата-әкелер қамшының тәрбиелік мәні жайлы айтты. “Аналар” клубының мүшелері өздері әкелген ұлттық тағамдарымен таныстырды. «Даналық мектебі» клубының мүшелері де өз өнерлерін көрсетті.
Сонымен қатар шарада музыка пәні мұғалімі Жайна Ромбаева «Көзіңнің мөлдірін-ай» әнін шырқады.
Кеш соңында мектеп директорының тәрбие ісі бойынша орынбасарлары — Жанаргүл Курманбаева мен Мейрамгүл Нұрсеитова келген қонақтарға алғыс айтты.
«Bilim ainasy»,
Гүлдана Исаева,
Алматы қаласы