Home » Жаңалықтар » «ҚАЗІРГІ БІЛІМ БЕРУДЕ ЦИФРЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫ ТИІМДІ ҚОЛДАНУ ЖӘНЕ ПАЙДАЛАНУ» атты халықаралық конференция

«ҚАЗІРГІ БІЛІМ БЕРУДЕ ЦИФРЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫ ТИІМДІ ҚОЛДАНУ ЖӘНЕ ПАЙДАЛАНУ» атты халықаралық конференция

ХХІ ғасыр – жаһандық жаңа технологиялар мен инновациялар, жаңаша ойлау және әлемде болып жатқан өзгерістерге жаңа көзқарастар қалыптастыру ғасыры. Бүгінде әлем елдері үшін маңызды саналған білім беру мәселесі ең көп талқыланып, жыл сайын жаңа өзгерістер мен идеяларды қажет етеді. Білім мазмұнының негізгі идеясы қабілетті, дарындыларды қолдауға, көшбасшыларды тәрбиелеуге арналған. Білім бәсекесінде білікті мамандары мен дарынды оқушылары қалыптасқан №176 мектеп-гимназиясы бүгінде заманауи үлгіде негізі қаланып, жас ұрпаққа білім беруде қызмет етуде. Мектеп – жас ұрпаққа білім мен тәрбие беретін мекеме, білім беру жүйесінің негізгі буыны. Осындай миссияны 15 жыл бойы орындап келе жатқан білім ордасы №176 мектеп-гимназиясының ашылғанына биыл 15 жыл толып отыр.
Ағымдағы жылдың 24 ақпанында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетімен бірлесе отырып Наурызбай ауданының 10 жылдығы мен №176 мектеп-гимназияның 15 жылдығына арналған «Қазіргі білім беруде цифрлық технологияларды тиімді қолдану және пайдалану» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болды. Конференцияда қазіргі білім беруде цифрлы технологияларды қолдану және оны сабақтың қарқынын арттыруда пайдалануға бағытталған тәжірибелі ұстаздар мен жас мамандар өздерінің озық ойларымен, ұтымды тәжірибелерімен бөлісті.
Конференцияның негізгі бағыттары:
1. Қазіргі сабақта цифрлық технологияларды қолдану;
2. Stem білім беруді қолдану – оқушылардың қолданбалы және теориялық дағдыларын дамытудың инновациялық моделі ретінде;
3. Lesson study – мұғалімнің қызметін жетілдіруге бағытталған инновациялық педагогикалық тәсіл;
4. Бастауыш сыныпта жаңа әдіс-тәсілдерді пайдалану арқылы оқушы қабілетін арттыру;
5. Оқушылардың ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу тәжірибелері.
Конференцияның пленарлық отырысында 2 шет елдік және 2 отандық ғалымдардың баяндамалары оқылды. Алғашқы баяндама Қоқанд педагогикалық институтының «Практикалық психология» кафедрасының меңгерушісі, психо.ғ.к., доцент Салиева Дилором Абдуллаевна «Психологические тренды в исследовательской деятельности» тақырыбында және Харьков қаласы (Украина) Үздіксіз кәсіптік педагогикалық білім беру зертханасының меңгерушісі, пед.ғ.д., профессор Васильев Иван Борисович «Инновационные технологии в современном образовании» тақырыпта онлайн режимде қатысып, өз баяндамаларын ұсынды.
Отандық зерттеушілердің ішінде өз тәжірибесімен бөлісу мақсатында PhD-докторант Серіков Нұрлыбек Серікұлы «Бір шырақ мың шамды жағады» тақырыбында ұлттық құндылыққа негізделген онлайн платформаларды цифрлық білім беруде қолданудың маңыздылығы туралы баяндады.

Конференцияның соңғы баяндамасы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Саудабаева Гульмира Сауытжановнаға берілді. Өз баяндамасында бүгінгі таңда білім беруде цифрлық технологиялардың тиімділігі мен оқушыларға ұлттық құндылықтарға негізделген білім берудің қажеттілігі туралы баяндап, бүгінгі конференцияны ұйымдастыруға үлес қосқан және үздік мақала жариялаған ұстаздарды құрмет грамотасымен марапаттады.
Конференция соңында мақалалар жинағының тұсаукесері болды. Қатысушылардың барлығы сертификаттармен марапатталды.

Нұржамал Дүйсенбекова,
Алматы қаласы , Наурызбай ауданы №176 мектеп-гимназия директоры

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.