Алматы қаласы Әуезов ауданына қарасты №160 бөбекжай-балабақшасында «Мектепке дейінгі ұйымдардың инновациялық іс-әрекетін басқару» тақырыбында іс-шара ұйымдастырылды.
Оған Әуезов ауданына қарасты қырыққа жуық балабақша әдіскерлері қатысып, тәжірибе алмасты. Ол жайында сәл кешірек айтайын.
«Сізді күтіп отырмыз» деді. Үні майға салған қасықтай, сондай жылы, жұмсақ естілді. Ол кісіге сұраулы түрмен «Сіз» деп қарағаным сол еді. Менің не сұрағым келгенін түсінгендей, «мен менгерушімін ғой» деді. Басшының сыпайы және ілтипатты қылығын көріп балабақша жайында ой қалыптаса бастады. Осы кісіні осы мекеменің келбеті, ынтымағы, бірлігі, іскерлігі мен әрекеті деп таныдым. Осы ойлар ой елегінен өткенше, тәрбие мен оқу бөлмесіне де жетіп қалыппыз. Қаздай тізілген кісілерді көрдік. Сосын білдім ол кісілердің барлығы басқа балабақшалардан келген әдіскерлер екенін.
«Бала — біздің болашағымыз. Білім алуына қызмет жасау біздің басты міндетіміз. Осынау ортақ міндетті атқару жолында ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруіміз керек” — деп сөзін осылай бастады балабақша меңгерушісі Салтанат Жақсылыққызы.
Бұл балабақшаның инновациясы «FETR» матасынан әр түрлі оқу-тәрбиелеу құралдарын жасап, оны ұйымдастырылған іс-әрекеттің бес бағытына жас ерекшелігін ескере отырып қолданып отыр. Сол бағытта жасалған жұмыстары мен бастамаларын балабақша әдіскері Алтынкүл Атабекқызы таныстырды.
-Білім туралы Заңында “Білім беру жүйесінің басты міндеті — бүлдіршіндер мен балалардың тәрбие, білім алуына жағдай жасау” делінген. Осы бағытты орындау мақсатында біз «фетр» матасын көп дүниеге қолдануға болатынын білдік. Жұмыс істеу құрал ретінде ендіріп отырмыз. Мысалы, құрақ құрайды, әр түрлі өрнек заттар жасайды, ойыншықтар мен көліктер ойып қияды. Театрландырылған суреттер жасайды. Ең бастысы, балаға қауіпсіз. Қолын кеспейді, бояуы жұқпайды, денесіне батпайды, аяғына түсіп кетпейді. Осылай деп “фетр” жайында ұзақ әңгімеледі.
Келесі кезекте театрландырылған қойылымға өттік. Кішкентай ғана бүлдіршіндер «Көлеңке театры» өнерін көрсетті. Ол балаларды дайындаған Бабалиева Гулназ, Копбаева Гулсим, Абдульманова Гульназ ханымдар екен. Онда көлеңке театры ойын іс-әрекеті арқылы балабақша болып «күлше қызға» көмектесті. Кіші топ «Көбелек» тобының ата-анасы Сайлауханова Гүлім Серғазықызы бірнеше тышқандармен келіп, түстерді ажыратып, шашылған тары, жүгері, бидайды өз орнына жинады.
Ал «Балапан» тобының ата-анасы Рақымжан Әмина Асқарқызы көптеген торғаймен бірге ұшып келіп, күлше қызға пішіндерді ажырата отырып, киім тігіп берді.
«Сұңқар» тобының ата-анасы Жұмабекова Ақмарал Асқарқызы мен «Күншуақ» тобының ата-анасы Курмашева Насиба Алимжановна мен Гүлбану ханым Күлшеқызға көлігін жасап берді. Басында тәрбиешілер деп ойлағанбыз. Соңынан анықталғандай, ата-аналар болды. Балабақша іс-шарасына жұмылдыра білген балабақша әрекеті көпшілікті таңдай қақтырды.
Үшінші кезеңнің бірінші бастамасында балабақша психологы Сейтова Алтынкул отырған қонақтарды серпілту мақсатында “Поезд үні” ойынын ойнатты.
Екінші болып дене шынықтыру нұсқаушысы Гүлсім Көбенбекқызы“0 мен Х” қимылды іс-әрекетін жасатса, әдіскер Гульназ Абдуллақызы шығармашылық құзыреттіліктеріне ұжымдық жұмыспен суретті аяқтауға тапсырма берді. Жабылып жүріп ол кезеңнен де өттік.Музыка жетекшісі Ширин Равшанбековна дәстүрден тыс құралдармен оркестр ұйымдастырды. Ол көріністі көрермен сүйсіне тыңдады.
— №160 балабақша ұжымына, мүмкіншілік беріп, қолдау білдірген меңгерушісі Салтанат Жақсылыққызына, әріптестерді жұмылдыра білген балабақша әдіскері Алтынкүл Атабекқызына көп рақмет. Ең бастысы, балабақшамен бірлесіп жұмыс жасаған ата-аналарға ризашылығымызды білдіреміз. Бағдарлама бізге ойын түрінде таным, тәрбие беруді міндеттейді. Сіздер де соның көрінісін жас ерекшеліктеріне сай жасағандарыңызды көріп отырмыз. «Фетр» матасынан жасаған көрнекі құралдарыңыз өте керемет. Біз біліп, түсініп отырмыз, бір аптада, небір айда жасалған жұмыс емес. Үш–төрт жылдың жемісі. Біз өзімізге алуға болатын тұстарын түртіп алдық. Жұмысымызда қолданатын боламыз. Сондықтан сіздерге және ата — аналарыңызға рақмет. Істеріңіз оңынан бола берсін, — деген Алматы қаласы Әуезов ауданының №66 бөбекжай-балабақшасының әдіскері Түбекбай Жазира Абдуғалымқызы көңіл күйі мен ойын осылай жеткізді.
Қонақтың пікірі маңызды. Десе де сол пікірді айтқызған, айтуға себеп болған тәрбиешілер. Жоғарыда өз өнерлерімен сондай-ақ, тәрбие, тәртібімен елді тәнті еткен бүлдіршіндер «Жұлдыз», «Сұңқар», «Балапан», «Көбелек», «Күншуақ», «Құлыншақ» топтарының тәрбиеленушілері. Ол топтардың тәрбиешілерін ерекше атағанды жөн көрдім. Бабалиева Гүлназ, Ходжамкулова Райхан, Нұртазаева Нұргүл, Тасыбаева Мадина, Боскумбаева Ғалия, Оспанова Аида, Жұман Лаура, Гүлбану Сәметова, Абдульманова Гүлназ, Абишова Гүлжанат қыздарыңыз осы №160 бөбекжай-балабақшасының мақтаныштары мен тіректері десек артық болмас. Жаңағы фетрден көрнекіліктерді жасаған, жұмыстардың барлығы осы кісілердің маңдай тері мен үздіксіз еңбегі.
«Bilim ainasy»,
Қуантай Амантайұлы,
Алматы қаласы