Home » Балабақша » “Қағаздың сиқыры”

“Қағаздың сиқыры”

2023 жылдың шілде айында Алматы қаласы әкімдігі және білім басқармасының қолдауымен Алматы қаласының мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің меңгерушілері«Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту» саласында қайта даярлау және біліктілікті арттыру курсы бойынша Сингапур қаласының мектепке дейінгі ұйымдарында болып келді. Сингапур балабақшаларының бір ерекшелігі — қалдық заттардан жасалынған бұйымдар қолданылады. Сингапур мемлекетінің балабақшаларынан алған білім мен тәжірибелік жұмыстардың негізінде
Алматы қаласы, Бостандық ауданы №151 бөбекжай-балабақшасында “Қағаз сиқыры” “Волшебство бумаги” тақырыбында іс-шара өтті.

Шарада Бостандық ауданы білім бөлімінің басшысы Қасымбек Айгүл Жұмабекқызы, қалалық ресурс орталығынан Жанар Анварбековна және аудан балабақшаларының меңгерушілері қонақ болды.

—Сингапур мемлекетінің білім беру ұйымынан алынған іс-тәжірибелерімізді іске асыру мақсатында балабақшаның практикалық жұмысына енгізіп, балалармен, ата-аналармен бірлесе отырып, қалдық заттармен, қағазбен командалық ортада жұмыс жасап отырмыз. Осының негізінде балабақшада күні бүгінге дейін
«Қағаз сиқыры» жобасы құрылып, жүзеге асырылу барысында түрлі жұмыстар атқарылды. Жобаны іс- тәжірибемізге енгізу барысындағы негізгі мақсатымыз — балалардың бойында қоршаған ортаны күту және қорғау қажеттілігі сезімін ояту, экологиялық білімін тереңдету, экологиялық санасы мен мәдениетін қалыптастыру, танымдық қабілеттерін дамыту болды, — деді шарада алғаш болып сөз тізгінін алған балабақша меңгерушісі Ақмарал Алимтаевна.

Балабақшаның іші қалдық заттардан, қағаздардан жасалған гүлдермен, мүсіндермен, ағаштармен безендірілген. Мұнымен қоса балалардың туындылары құстар, көліктер, ертегі кейіпкерлері, үйге қажетті бұйымдар шағын көрме ретінде қойылған.

Іс-шара барысында балабақшадағы әрбір топ тәрбиешілері балаларымен бірге әртүрлі бағытта, әртүрлі әдістермен қалдық қағаздардан жасалған бұйымдарын көрсетіп, қалай жасағандарын айта кетті. Бұйымдарды жасауға папе машье, оригами, кириками — қағазды бүктеу, мыжғылау әдістері қолданылған. Сондай-ақ
“Радуга” мектеп алды даярлық тобының тәрбиешісі Кулмагамбетова Лейла Белгибаевна мен тәрбиеленуші Мақсатұлы Самир өздерінің қалдық қағаздан қалай бұйымдар жасайтынынан “мастер класс” көрсетті.

Тәрбиеленушілер және олардың ата-аналарымен педагогтердің тығыз байланысты екені байқалып тұр. Оған бірден бір дәлел ата-аналар, педагогтер және балалар бірігіп “Сән көрсетілімін” көрсетті. Жалпы, ата-ана – баланың ең басты оқытушысы, тәрбиешісі, ұстазы. Ол ба­ланың әрбір ісіне араласып, жауапты болуы қажет. Осындай ортақ қасиет пен бірге жасалған істер арқылы “тәрбиеші-бала-ата-ана” одағы нығая түсері анық.

Іс-шарада тәрбиеленушілер ән айтып, би биледі. Актерлік шеберліктерін ортаға салып “Шалқан” ертегісін де сахналады. «Өнерлінің өзегі талмас» дегенді өмірлік ұстанымдары еткен
№151 бөбекжай-балабақшасының ұжымы “Сен Сұлу” әнін шырқады.

Бұл шараға ерекше үлес қосқан балабақшаның меңгеруші: Байбосынова Акмарал Алимтаевна,
Әдіскер: Ибрагимова Айшахан Идрисовна және барлық балабақша ұжымын атамай кету мүмкін емес. Келген қонақтардың алған әсері мен ортақ тәжірибеден түйген ойлары, ұжымға берген оң бағасы атқарылған еңбектің жемісі. Қорыта айтқанда, балабақша педагогтерінің жұмысы мен
“Қағаз сиқыры” жобасы Сингапур елінің жобаларынан асып түспесе, кем түспеді деп ауыз толтырып айта аламыз. Барлық білім­нің бастауы – балабақшада. Жаңа заман баласы –­ ер­­теңгі еліміздің бола­ша­ғы. Жаңа заман баласын қалыптастырып, дамы­ту үшін тұлғаның ішкі дүниесі мен оның қыр-сырын анықтап, мүмкіншіліктері мен қабілетінің дамуына жағ­дай жасап отырған №151 бөбекжай-балабақша ұжымына толағай табыстар тілейміз.

«BILIM AINASY»,
Ақерке Амангелдіқызы,
Алматы қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.