Home » Жаңалықтар » Колледж түлектерінің 70 пайыздан астамы жұмыспен қамтылады

Колледж түлектерінің 70 пайыздан астамы жұмыспен қамтылады

Астанада колледждер мен бизнес өкілдерінің және жұмыс берушілердің қатысуымен форум өтті. “Кәсіптік-техникалық білім және әлеуметтік серіктестік: Тенденциялары, болашағы, мәселелері” атты жиынға Оқу-ағарту министрлігі мұрындық болды.
Форумға 300-ден астам маман тартылып, қордаланған мәселелер талқыланды. Жиын тізгінін ұстаған Астана қалалық білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыұлы колледждер мен жұмыс берушілердің арасындағы байланысты нығайта отырып, түлектерді толықтай жұмыспен қамтып, еңбек нарығындағы ең қажетті деген кадрларды тиісті мөлшерінде дайындауға болатынын атап өтті.
Бизнес өкілдері колледждердегі білім беру ісіндегі кенжелеп қалған тұстарды көрсетті. Мәселен, кейбір мамандықтар бойынша беріліп жатқан теориялық білімнің мазмұны қазіргі өндіріс орындарындағы техникалық жабдықтаудың қарқынына ілесе алмай отыр. Яғни, білім беру бағдарламасын дер кезінде жаңартып отыру кереу.
-Бүгінгі таңда 772 колледжде 542 мың студент білім алуда, оның ішінде 344 мың – тегін, 198 мың – ақылы, — дейді ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Техникалық және кәсіптік білім департамент директорының міндетін атқарушы Ақзира Қасымова. —Колледждердің 85%-ы техникалық, ауыл шаруашылық және қызмет көрсету бағыттары бойынша мамандар даярлауда. Министрлік Президент тапсырмасы шеңберінде 9-сыныптан кейін оқуға түсушілер үшін сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін техникалық және кәсіптік білім берумен қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік тапсырысты ұлғайту жұмыстары жүргізілуде.
Айта кету керек, елімізде кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдарына академиялық дербестік берілген. Соның негізінде 600-ден астам индустриялық кеңес құрылған. Олар колледждермен бірге білім бағдарламаларын әзірлеп, оқу мерзімдерін дербес бекітеді. Мамандардың айтуынша, мұның арқасында нарық дер шағында қажетті жұмысшылармен қамтылып отырады.
Форумға келген бизнес өкілдері, жұмыс берушілер колледждермен жұмыстарына қатысты ұсыныстары мен тілектерін айтты. Түйткілді тұстарды да түртіп өтті. Мысалы үшін, дуальды оқыту бойынша стедуенттерге тәлімгер ретінде бекітілген кәсіпорын жұмысшыларын қаржылай ынталандыруды арттыра түсу қажет. Осылай деген кәсіпорын басшылары қаржылық демеу болмаса, дуальды білім беруде жұмысшыларының ынтасы төмен болатынын атап өтті.
Жиын соңында негізгі меже колледж түлектерінің жұмыспен қамтылу деңгейін 100 пайызға жеткізу керектігі, әрі жұмысшы мамандықтарының мәртебесіне айрықша көңіл бөліну керектігі де айтылды.

 «BILIM AINASY»
Нұрқанат Омарұлы,
Астана

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.