Home » Жаңалықтар » Инклюзивті білім берудегі озық мектеп 

Инклюзивті білім берудегі озық мектеп 

Бүгінгі күннің негізгі талаптарының бірі — инклюзивті білім беру мәселесіне көңіл бөлу. Бұл білім саласындағы өзекті проблемалардың бірегейі. Әр білім ордасы күн сайын осы бағытта жұмыс жасауды басты назарда ұстауы қажет.
Алматы қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы №74 жалпы білім беретін мектеп — қала бойынша дәл осы бағытта өз жұмысын жоғары деңгейде ұйымдастырып отырған білім мекемесінің бірі. Жақында аталған білім ордасында «Инклюзивті білім беру жүйесіне инновациялық білім беру технологияларын, оқыту мен тәрбиелеудің әдістерін енгізуді психологиялық-педагогикалық тұрғыда қамтамасыз ету» тақырыбын қамтитын қалалық семинар ұйымдастырылды.

 

 

Семинар Алматы қаласы білім беру ұйымдарының арнайы педагог мамандары мен логопед, психологтеріне нәтижеге жетудің нақты қадамдарын ұсыну мақсатында өткізілді. №74 жалпы білім беретін мектебінің «Инклюзивті академиясының құзырет орталығы» жобасы аясында өткізілген қалалық әдістемелік семинарға Қалалық білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми әдістемелік орталығының жетекшісі Н.А. Бейсен және орталық әдіскері И. Турдиева қатысты. Мектептің инклюзивті білім беру бірлестігі ұйымдастырған қалалық жиын мектеп көркемөнерпаздар оркестрінің өнерімен ашылып, 5 «Б» сынып оқушысы Адэль Женикеева «Школа, школа двери распахни» әнін орындауымен жалғасты. Кештің көркі Диас Шурманның «Мен қазақпын» әнін орындауымен ерекшеленді.

Мектеп директоры Батырбекова Раушан Асылқызы семинарға қатысушы арнайы мамандарға сәттілік тілей отырып, 70 жылдық тарихы бар мектептің инклюзивті білім беру бағытындағы жұмысына тоқталды. Мектеп инклюзивті білім берудегі іс-тәжірибесімен өткен жылы республика деңгейінде, бес жыл бұрын халықаралық деңгейде өз жұмыстарын, жұмыстың нәтижелі деңгейін көрсеткені туралы хабардар ете отырып, семинарға қатысушылардың сапалы жұмыс жасауға бағыт-бағдар алатындарына сенім білдірді. 2017 жылдан бастап, аталған білім ошағы инклюзивті білім беруде ресурстық орталық болып табылатындықтан, өз мектебінің білікті мамандары мен білімді мұғалімдеріне алғысын білдірді.
Ерекше білім беруді қажет ететін балаларды құрметтеп, оларды жақсы көру – әр педагогтің міндеті. Мектепте ерекше білім беруді қажет ететін 29 оқушы бар. Олардың әрқайсысына көңіл бөліп, дамыту бағытында жұмыс жүргізу басты мақсат екенін атап өткен басшы, мектеп мақтанышы болған Диас Шурманның осы бағытта біліп алып, колледжді аяқтап, мектебіне жұмысқа орналасқанын айтты.
Мектептің психологиялық – педагогикалық қолдау қызметінің әдіскері А. С. Юсупова инклюзивті білім беру аясында педагогтер мен психологиялық қолдау қызметінің өзара тәжірибе алмасуының негізгі мақсаты мен бағыттары туралы жан-жақты хабардар етті. Қ.Қ. Мұратқалиева «Жалпы білім беретін мектепте арнайы педагогтің қызметін ұйымдастыру», В.В.Тоқмакова «Инклюзивті білім берудегі логопед-мұғалімнің құжаттары» тақырыбында баяндама жасаса, арнайы педагог Д.С. Колотвина «Арнайы педагог маманның жұмыс барысында қолданатын музыкалық терапиясы», ойын терапеві Д.Жумагалиева «Инклюзивті білім берудегі психологиялық-педагогикалық қолдауды қажет ететін және ментальді бұзылыстары бар оқушыларға қолдау көрсету» тақырыбында практикалық бөлімде өз жұмыстарын көрсетті. Семинар барысында инклюзивті білім беру бағытында жұмыс жасайтын арнайы педагогтер мен психологиялық-педагогикалық қолдау қызметінің мамандары топқа бөлініп, мектептің тәжірибелі мамандарының іс-тәжірибесімен танысты. Семинар қатысушы мамандардың көңілінен шықты, жақсы әсер, жұмысқа бағыт-бағдар алғандары туралы кері байланыс мектептің инклюзивті білім беру әдістемелік бірлестігінің жұмысын жоғары бағалағанын көрсетті.

«BILIM AINASY»,
Есен Елекен,
Алматы қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.