20 ақпан күні Алматы қаласы Алатау ауданындағы №153 бөбекжай балабақшасында Мұқағали ақынды еске алуға арналған «Әр өлеңі-бір әлем» атты әдеби-сазды кеш өтті. Кеште тәрбиешіден бастап, мейірбике, аспаз, шаруашылық қызметкерлеріне дейін ақынның өлеңдерін оқып, ән шырқады.
-Жалпы ақынға арналған кештерді жиі өткізіп тұрамын, Мұқағали шығармашылығын жақсы көремін. Ақиық ақынның өлеңін және шығармашылығын білмейтін адам кемде кем деп ойлаймын. Сондықтан осы кешке қатысқысы келген қызметкерлерімнің бетінен қақпадым. Мұқағалидың әр өлеңі жүрекке жылу беріп, санаңа ой салары сөзсіз. Ұжым қызметкерлері ақынның әр өлеңін жатқа біледі және терең ұғынады. Бүлдіршіндер де ақын шығармашылығымен сусындауға барынша тырысады. Бұл шараны өткізудегі мақсатымыз — артына өшпес із қалдырған ақының өмірі мен шығармашылығына шолу жасау,-деді әдеби-сазды кеште балабақша меңгерушісі Алина Нұрмаханбетова.
Шара «Сарыжайлауым» әнімен басталды. Көрермен назарына «Сәби ана» атты көріністі тәрбиеші Дания Тохтаболатова көркем әрі шебер жеткізді. Көріністе тәрбиешілердің киген киімдері, рөлге енулері Мұқағали заманына барғандай әсер қалдырды.
Бұдан соң қатысушылар ақынның “Туған жер”, «Үш бақытым», «Қазақстан», «Отан» өлеңдерін оқыды. Сондай-ақ ақынның әлеміне терең бойлап, өмір жолынан үзінді келтіріп, оның ерте есейгендігі айтылды.
Шара барысында қатысушылар «Дәрігер» атты қойылымды өте әсерлі жеткізді. «Көгершін», «Құлыншақ» топтары да ән орындап, өлең оқыды.
Кеште «Есіңе мені алғайсың», және «Бақыт» атты ән шырқалды. Балабақшада шаруашылық -меңгерушісі болып қызмет атқаратын Дания Тохтаболатова өзінің Мұқағали Мақатаев кешіне арнайы шығарған жырларын оқыды.
Кеш соңында балабақша меңгерушісі Алина Нұрмаханбетова іс-шараға қатысып, өнер көрсеткендерге мақтау қағазын табыстады.
«BILIM AINASY»,
Жұлдыз Смаилова,
Алматы қаласы