Біз кімді сарапшы дей аламыз? Мысалы,балабақша ісінің эксперттері….Сарапшы – белгілі бір мәселені жетік меңгерген адам. Кез келген салада нақты білімі, тәжірибесі және нәтижесі бар әмбебап мықты маман.
(Эксперт – человек, который хорошо разбирается в том или ином вопросе. У него есть конкретные знания, опыт и результаты в какой-либо сфере.) Ал енді кітаптан теорияны сыңғырлап айтып,не тәжірибесімен бөлісе алмай,не өзінің ісіндегі жайттарды айта алмаған сарапшы мамандарды кім дейміз?
Неге олар көп? Көп болса да неге сапалы жан-жақты нағыз эксперт емес? Қай жағынан эксперт? Қоғамға қай жағынан пайдалы? Біздің елде негізі Сарапшылар тізімі бар ма? Өз қалтасының қалыңдығын қарайлап,қара басының жағдайын ойлағандарға қандай шара бар? Ешқандай! Егерде шынымен білімің тасып бара жатса,ал бір балабақшаны меңгеруге немесе методист,тәрбиеші болып,мықтылығыңды дәлелдеу керек.
Сол кезде ненің не екенін,баламен қалай жұмыс істеу керек екенін қолмен ұстап,көзбен көріп,халықаралық іс-тәжірибенің енгізетін тұсын енгізіп,ұлттық құндылықтарды кіріктіре отырып,ұлттық тәрбиені дәріптеуге неге көшпеске? Қазақты қалай майласаң да біз американдық,не европалық болмаймыз. Біздің болмысымыз жазық даладай кең,қайсар мінезіміз қылыштай,саналығымыз дархан,біліміміз терең,ешкімнен кем емес екенін нақты білемін. Тек әр салада жүйелі жұмыстар керек. Білім саласының жанашыры болған соң,көп нәрсені саралайсың,пайымдайсың,салыстырасың. Шапқылап жүріп сол дамыған елдердің жағдайын білуге ынта болып,қаржы мен алтын уақытыңды сарп етіп барасың. Кей жерге барып рухтанып,алдыңа мақсат қойып,арман деген нәрсеге бой ұрып,қанатың бар болса ұшарға даяр боласың….Көп нәрсені салыстырып саралайсың,неге деген сұраққа жауап іздеп,шарқ ұрасың….Ал кей жерге барып,мыналардың жанында бізде мың есе артық қой деп,іштей қынжыласың,қиналасың…Кей кездері неменеге келдім бұл жерге,бізде мыналардан да мықты екен ғой деп мақтанасың….Соны айтып шаттанасың…Шіркін -ай….Соның қадірін білмей,білсек те жүйелей алмай келеміз ғой. Неше түрлі «жаны ашыған сыңайлы эксперттердің» сөзін ғана тыңдап….Ең өкініштісі сол….Міне менің ойым осы.
Ашты болса да бұл шындық,жанашырлық пікір.Балаларамды Совет заманының балабақшасына апарып,мемлекеттік мектепте оқытқамыз.Аллаға шүкір.Заман өзгеріп,басқа елдің мәдениетін,жахандық білім ұйымдарын көретін уақыт келіп,жанталасып оларға білім беруге тырыстық.Бірақ олар американдық,түрік немесе корей,қытай болып кеткен жоқ.Балалар өз елінде ұлтымыздың болашағына үлес қосып келе жатыр.Осыны мақтаныш көрем. Совет заманында туып,оқып,жұмыс істесем де,қазіргі күні кәсіпкермін.Көзім ашық,көкірегім ояу,санам тұнық.Бұл оймен не айтпақпын.
Қай жерден біліктілік арттырсақ та,қай елдің мәдениеті мен біліміне таң қалсақ та,өз тілім мен өз елімнің жағдайы мен осал тұстарын реттегім келеді.Бірақ мен ешқашан өз елімнің,өз ұлтымның ең маңызды құндылықтарын ұмытқан емеспін.Ұмытпаймын да….Сол үшін еңбектенудеміз.Жаңа модельдер мен технологияларды сұрыптап,еліміздегі балаларға арналған еркін ойындарына кіріктіріп,бала тәрбиесіне жаңаша көзқарас қалыптастырудамыз.
Заттық дамытушы ортаның заманауи қалыптасуын да ерекше үйлестіріп отырмыз.Ұлттық калоритпен және емін-еркін таңдау кеңістігі бала үшін өте тартымды екенін сөзбен жеткізе де алмайсың,оны күнделікті көру керек….
Міне осының бәрін күнде өзінің тұла бойынан өткерген әрбір басшы,методист,балабақша тәрбиешісі нақты осы саланың сарапшылары деп білемін. Оларға енді ғылыми дәреже мен ғылыми түрдегі жазбалар керек. Керек болса оны да қолға аламыз.Оқытамыз.Бәрін де қалыптастырамыз. Еліміздің мектепке дейінгі тәрбие мен білімінің ешбір шетел профессорларынан кем түспейтін,осы салаға еңбектері сіңген ғалымдарымыздан білемін. Сөйлесе кетсең тұнып тұрған тәрбие мен білімнің қайнар бұлағы.Мен білетін майталман профессорлар Фатима Ниязбекқызы, Сайра Жиенбаева Нағашбайқызы. Осы кісілерден ең бірінші дәріс алып,балабақшаның не екенін,оның маңызы мен мәнін,мазмұнын түсінгендей болғанмын. Қазіргі Жаңа Қазақстан еліне мықты заманауи үйлестігі көп тамаша неше түрлі бағдарламалар керек. Саналы және сапалы мамандарды Отбасынан тәрбиелеу керек.
Мектеп қабырғасынан тәрбиешілік мамандыққа баули отыра,оқушыларды ғылыми көзқараспен бірге балабақшаларды таныстыра отырып,неше түрлі жобалар ұсынылса,жеткіншек болса да ертеңгі болашақ мамандар өз ұрпақтарын ойлайды,жаңа көзқарас қалыптастыра отырып жетіледі.
Өскелең ұрпақ өз ата-аналарына балабақшаның бала өміріндегі ролі мен маңыздылығын,өз ойларын және өздерінің пікірлерімен бөлісіп,сыни көзқарастарын білдіреді. Осындай жұмыстар жастардың қызығушылығы мен ертеңгі көз қарастарын да қалыптастырады. Бұл үлкен жобаны қолға алып,аманшылық болса бастаймыз.
Бәріне уақыт пен шыдамдылық керек. Сонда ғана мен ертеңіме сенетін боламын…. Адамды адастырмай,тура жол табуға үлкен үлес қоса білу — ол да осы біз секілді үлкендердің ісі. Ең бастысы,еліміз аман,жұртымыз тыныш болып,еліміздің іргесі берік болсын. Елімнің болашағы — артымыздағы ұрпақтарымыз саналы,білімді болуға барлық мүмкіндіктер бар.Дұрыс жол таңдап,өз еліңді құрметтеуді үйретуден жалықпайық. Оған экспертпін деп кеуде соға берудің қажеті шамалы.
Тек аманшылықта болайық, ағайындар!
Батырбекова Күләнда Уалиханқызы,
Білім саласындағы инвесторлардың Ұлттық «BilimInvest» қауымдастығының вице президенті, жекеменшік «Еркем-ай» жекеменшік балабақшаларының желісі мен «Дана» мектебінің құрылтайшысы