Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай Алматы қаласындағы №206 мектеп-гимназиясында «Әр өлеңі — бір әлем» атты шара ұйымдастырылды. Айтулы шараға Наурызбай ауданы білім бөлімінің басшысы Салтанат Құсайынова, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, әнші Сұлушаш Нұрмағамбетова, қазақ эстрадасының жұлдызы Айбек Мұхамедәлі және ұстаздар қауымы қатысты.
Мектепке кірген бойда ұлттық киімде бір топ оқушының домбырамен күй тартып отырғаны келген қонақтардың назарын аудармай қоймады. Бұл мектеп басшылығының қонақтарға жақсы атмосфера сыйлау үшін ұйымдастырған идеясы екен. Тек бұл ғана емес, оқушылардың өз қолымен жасаған қол-өнер бұйымдары да келген жұртты тәнтті етті.
-Біз бүгін Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай поэтикалық кеш өткізгелі отырмыз. Шараны өткізудегі мақсатымыз — балаларға Мұқағалидың әрбір өлеңін бойына сіңірсек дейміз. Мектепке кірген бойда оқушылардың күй тартып отырғанын көрген боларсыз, қонақтарға керемет көңіл-күй сыйлау үшін осылай ұйымдастырғанды жөн санадық,- деді шара басталмас бұрын «Білім айнасы» тілшісіне пікір білдірген мектеп директоры Фатима Алиакбарова.
Шараның шымылдығы «Мен қазақпын» композициясымен ашылды. Қойылымды республикалық байқаулардың жеңімпазы, №206 мектеп-гимназиясының «Бағым» театры қойды.
Бұдан соң Наурызбай ауданы білім бөлімінің басшысы Салтанат Құсайынова бала күнінен Мұқағалидың өлеңдерін жастықтың астына қойып, жаттап өскенін айтты.
-Ақиық ақын Мұқағалидың өлеңдерін жатқа оқитын едік. Жалпы, Мұқағалидың өлеңдерінде дос туралы, өмір туралы адамды патриоттыққа жетелейтін өлеңдер жеткілікті. Поэзия бізге не үшін керек? Мына залда отырған жастарға ән арқылы, сөз арқылы адамның бойына адамгершілікті ұялату үшін керек, жүреке жылулық сыйлау үшін керек. Өзіне, айналасына, ата-анасына, досына, еліне, туған жеріне, яғни ең асыл құндылықтарды бойға сіңіру үшін керек, — деді Салтанат Құсайынова.
Шара барысында мектеп оқушылар Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған бірқатар әнді орындады, поэзия оқыды, қойылым қойды. Әсіресе, «Аққулар ұйықтағанда» қойылымы көрерменнің қошеметіне бөленді.
-Бүгін керемет кештің куәсі болып отырмыз. Оқушылардың өнерлерін көріп, бала күніміз есімізге түсті десек те болады. Қасымда отырған Айбек: «Әпке, менің көзіме жас келді» дейді. Қойылымдар, шырқалған әндер көңілімізді толқытып жатыр. Мұқағали ағаның зайыбы Лашын бізге сабақ берді. Кейін о кісілер Алматыға көшіп кетті. Мен эстрада студиясын бітіріп, қазақ концертіне әнші болып қабылдандым. Бірақ бір өкініштісі — Алматыда жүрсем де, Мұқағали ағаны іздеп бармаппын. Мен енді ол кезде жаспын, мен тұрмақ, үлкен кісілердің өзі Мұқағалидың қадірін білген жоқ. Кейін Мұқағали өзін дәлелдеді. Бар болғаны 45 жыл өмір сүрген ақиық ақын қаншама өлең жазды. Туған жері Қарасаз ауылының әрбір тұрғыны Мұқағалидың өлеңін жатқа айтады, — деді шарада сөз сөйлеген Сұлушаш Нұрмағамбетова.
Ол сондай-ақ Айбек Мұхамедәлі екеуі бірқатар әнді шырқады. Шара соңында мектеп директоры Фатима Алиакбарова келген қонақтараға, шараны ұйымдастырған мектептің үйірме жетекшілеріне алғысын айтты.
«Білім айнасы»,
Есенжол Елекенов,
Алматы қаласы