Home » Жаңалықтар » Ата-ана дауысы №184 балабақшадан естіледі

Ата-ана дауысы №184 балабақшадан естіледі

    Балабақша сыртынан қарағанға бүлдіршіндердің бағбаны сияқты көрінгенімен, онда балалардың тәрбие мен даму дағдыларын жетілдіру бағытында өте көп жұмыс жасалады. Бүгін де сондай еңбекке жолықтым. Нақтырақ айтсам, Алматы қаласы білім Басқармасына қарасты №184 бөбекжай-балабақшасында қонақта болдым. Ондағы мақсатым тәрбие орнының тынысымен танысып, еңбектерінің бағытын байқағым келді. Енді сол көрген білгеніммен бөлісе отырайын. Меңгеруші Жанна Абдуллақызының айтуынша «2019 жылы осы аймақ ойлы-қырлы дала, жыландар мен кірпілердің мекені болатын» дейді. Бүгінде байқап отырмыз, Наурызбай ауданына қала әкімінің шапағаты түскен сияқты. Маңайды жаңа құрылыс ғимараттарымен толтырыпты. Ол көзге көрініп-ақ тұр. Жә, құрылыстар мен ғимараттарға сосын да тоқталармын. Қазір ойымды шашыратпай балабақшаның ішіне оралайын.
Қуаттығы 320 балаға арналған балабақшада бүгінде 364 бүлдіршін тәрбие мен оқу үдерісін дамытуда. Ғимараттың шарбағына енгенде ғажайып әлемге тап болғандай боласыз. Оған суреттер де дәлел болады деп ойлаймын. Мейірімі төгілген, жүзінен күн көрінген тәрбиешілерді көрдім. Тәрбиенің қадамы ізгіліктен басталатынын бұрыннан да білетін едім. Бүгін сол ізгіліктің махаббаттан басталатынының куәсі болғандаймын. Сыпайы мәнер, әдепті әрекет, жылы қарым-қатынас қандай жарасымды десеңізші. Тіл, көзім тасқа. Мұндай үлесімділік пен іскерлікті айтпаса болмас. Ол менің азаматтық та, қызметтік те борышым және міндетім деп білемін. Жанна ханыммен аз-кем сөйлестік. Жұмысы бар кісінің айтары да бар ғой. Қамшы салдырмайды екен. Сөзі мен ісін дәлелдеп отырды. Арнайы жабдықталған бірнеше бөлмені араладық. Көз тоярлықтай көзайым болдық. Тіл таңдайға тиіп, көз шарасынан шыға жаздады. Ой да шашылуға шақ қалғанда, ес жиғандай тоқтай қалдым. Байқағаным әр бөлменің сыры мен атқарар рөліне бөлек тоқталу керектігін аңғардым. Таңданғаннан емес. Осы ой келген сәтте алдымнан бірінші шыққаны осы қызмет болды. Ол қарапайым ғана әрекет. Осы балабақшаның ата-аналары оқыған ертегілерін, жаңылтпаш-жұмбақтарын, ақыл-кеңестерін аудиоға жазып, арнайы код ендіріп, тәрбие құралы ретінде пайдаланып отыр екен. Бірден қасымдағы Абдоллақызына бұрылдым. Ол кісі мені түсініп әңгімесін бастап кетті «Ата-анамен ынтымақтастық орнатудың бұл жобамыз басы емес. Сонда да өзгелердің қызығушылығын тудырды. Айжанның мамасы, Серіктің әкесі деп балалардың ынтасын аударуға жақсы бастама. Сондықтан да қызық деп балаларға ойлаймын. Бұл жұмыстардан бөлек балабақшада инновациялық жаңа технологияларымыз бар, қарсы болмасаңыз оларды да айтып өтейін: “Жас ғалымдар орталығы”, “Монтессори”, “Құм терапиясы” және де Логопед, Жантану, Музыка залы, Денешынықтыру залы кабинеттери толығымен жабдықталған, іс жүзінде жұмыстары жүргізіледі» деп бірақ тоқтады. Міне жаңа бастама, көрсеткен өнеге, қарапайым ғана ата-анамен бірлескен жұмыс. Қиын да болса қиыстыра білген басшыға алғыс айтып, жылы қоштастық.

БІЛІМ АЙНАСЫ
Алматы қаласынан
Қуантай Амантайұлы

2 комментария

  1. Жанна Абдуллаевна байыптылығы мен іскерлігі , кәсіби шеберлігі мен жоғары біліктілігі әлдеқашан танымал болған білгір де тәжірибелі маман деп білемін.
    Мерейіңіз үстем,мәртебеңіз әрдайым биік болсын!

  2. Керемет.Бала бақша ұжымына істеріне сәттілік. Ауданымыз көркейе берсін

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.