Мектеп – білім мен тәрбие бесігі, адам баласының өмір жолындағы тарихи белес болып табылады. Менің болмысымды қалыптастырып, алдағы өмір жоспарларымның іргетасын қалауыма септігін тигізіп, қызыққа толы балалық шағым өтіп жатқан алтын ұям — «Тұран» лицейі. «Тұран» лицейі – «Тұран» білім беру корпорациясының құрылымдық бөлімшесі. Білім ордасында мемлекеттік жалпы білім беру стандарты негізінде пәндерді оқыту, элективті курстар арқылы пәндерді тереңдетіп оқыту (fly high) жүзеге асырылады, сондай-ақ балалардың ойлау қабілеттерін дамытуға, іскерлік дағдыларын қалыптастыруға, шығармашылық қабілеттерін шыңдауға бағытталған сан алуан үйірмелер жұмыс істейді. Сабақтан тыс уақытта ашық ауада экскурсиялар, ойындар, саяхаттар өткізіледі, кездесулер, шеберлік, танымдық сабақтар ұйымдастырылады. Лицей ұжымы оқушыларға бәсекеге қабілетті білім беру, шығармашылық және интеллектуалдық әлеуетін ашу, Отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында жұмыс жасап келеді. Ұстаздар қауымы оқушылардың бойына білім мен өнерді, адамгершілік пен адалдықты, шыншылдық пен қайырымдылықты, рухани байлық пен ұлттық байлықты сіңдіртіп, тұлғалы азамат қалыптастыруға зор үлестерін қосып, қажырлы еңбек етіп келеді. Білікті ұстаздардан сапалы білім алып, “Өзіне сенетін және жетістікке ұмтылғандар үшін!» ұранын ту еткен лицей оқушылары көптеген олимпиадалар мен байқаулардың жеңімпаздары атанып, мектеп мақтаныштарына айналуда.
Алтын ұя мектебім жүрегімнің төрінде мәңгілік орын алатыны анық. Алдыма үлкен мақсаттар қойып, биік белестерді бағындырып, елім мақтан тұтатын азаматша болғым келеді. Бұл менің аялап өсірген ата-анамның, ақылшы ұстаздарымның, алтын ұя-мектебімнің алдындағы борышым!
Алматы қаласы
Бостандық ауданы
«Тұран» лицейінің 10 «А»
сынып оқушысы
Коваленко Лилия